Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқаны ел есінде сақталары сөзсіз.
– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өткен жылдың көктемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен бастау алып, бүкіл ел аумағында жалғасқан кең ауқымды шараға айналды. Бұл кампанияның негізгі мақсаты – табиғатты тазарту ғана емес, халық арасында жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру болатын. Мемлекет басшысы қолдаған бұл игі істі қоғамның барлық өкілдері, әсіресе жастар жағы жылы қабылдап, жаппай атсалысты. Нәтижесінде аз ғана уақыт ішінде миллиондаған қазақстандықтар тазалық шараларына үлес қосып, туған өлкесінің экологиясын жақсартуға өз қол ұшын созды. Расымен де, елді дүр сілкіндірген бұл экологиялық бастама тұрғындардың сана-сезіміне оң әсер етіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау үрдісін нығайта түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл акцияны «озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа» деп сипаттады. Мемлекет басшысы халықтың бұған бей-жай қарамай, белсене қатысуын экологиялық сана-сезімнің өскенінің белгісі деп білсе, сондай-ақ тазалықты сақтау мен табиғатты аялау «ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» екенін қадап айтты.
Мемлекет басшысының пайымынша, қазақ қоғамы бұл бастаманың уақытша шара емес екенін түсініп, оны қолдап қана қоймай, соның құндылықтарын күнделікті өмір салтына енгізуге дайын. Бұл бастамадан өңір басшылары да шет қалмай, тұрғындарды жан-жақты жұмылдыруға тырысты.
Әкімдерге Президент тарапынан да тікелей міндет жүктелді – әр өңір басшысы «Таза Қазақстанның» сапалы жүзеге асуына тікелей жауапты деп жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әкімдер тек шаруашылықты емес, халықтың рухани-мәдени мәселелерін де назарда ұстап, жұртшылықпен тығыз жұмыс істеуі керектігін айта келе, сонда ғана «ел үшін пайдалы іске жұрт жұмыла кіріседі» деген болатын. Осылайша, билік өкілдері «Таза Қазақстанды» жаңа қоғамдық руханияттың көрінісі ретінде бағалап, оны тұрақты дәстүрге айналдыруға күш салуда. Мысалы, Кентау қаласының әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жақсы жобаны қолдау мақсатында жыл басынан бүгінгі күнге дейін бірнеше рет «Таза Қазақстан» акциясы аясында түрлі шаралар ұйымдастырып, Кенді шаһарда – бағдарлама аясындағы жұмыстар көктем мен жазда ғана емес, жылдың 4 мезгілінде де жалғасын табуда. Осыдан біршама уақыт бұрын «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Бір қап қоқыс — бір балмұздақ» атты акция өткізілгені қала жұртшылығының есінде. Атқарылған шара қаладағы Т.Рысқұлов көшесі бойындағы тұрғын үйлердің ауласында ұйымдастырылды. Сенбілік барысында әрбір аула өз аумағын қоқыстан тазартып, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға шығарды. Шара соңында балаларға ойыншықтар мен балмұздақтар таратылды.
Айта кетерлігі, мұндай дәстүрлі сенбіліктердің септігімен көпқабатты үй тұрғындарын, жеке сектор тұрғындарын, әсіресе жастарды, балаларды өз ауласын таза ұстауға, алдағы уақытта өз жалғасын таппақ, Тазалық жұмыстары қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларында кезең-кезеңімен өтіп, шараға қатысушылар тұрғындарды табиғатты аялауға, ортақ мекенге қамқорлықпен қарауға бейімдеу. Нәтижесі де жоқ емес.
Жалпы, республикалық акция аясында қаланы көгалдандыру, абаттандыру, тазалық шарасын жүргізу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бүгін Кентау қаласында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков, сондай-ақ 1000-ға жуық тұрғын, мекеме қызметкерлері және қала жанашырлары қатысты.
Сенбілік кезінде арық-атыздар тазаланып, жаңбыр мен қар суларының кедергісіз ағуына жағдай жасалды. Тазалық жұмыстарына 6 арнайы техника жұмылдырылып, 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар қала әкімнің орынбасары “Жасыл қала” КММ тарапынан жоспарланған 4 жаңа ойын алаңшасының құрылыc барысын бақылады. Құрылыс жұмыстар қаладағы Төле би 61, Сейфуллин 118, Төле би – Тассарай қиылысы, Құлыншақ – Алпамыс батыр қиылысында жүргізілуде. Болысбек Шәріпбеков жұмыстардың сапалы әрі тиянақты атқарылуын жауаптыларға тапсырды.
Бұл жұмыстар қала инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған.
– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды. Ендігі міндет – осы ұстанымды Кентау қаласының тұрғындары үзбей жалғастырып, туған өлкемізді таза ұстайтын дәстүрді баянды ету, таза қалаға айналдыру мақсатында жұмыстар атқарыла бермек

