Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Бұл мәселенің өзектілігін ескере отырып, Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының қызметкерлері Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, кешенді іс-шаралар өткізді.
Тәртіп сақшылары «ҚР зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңының 20-бабын басшылыққа ала отырып, «қорғау нұсқама» санатымен профилактикалық есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша кезектен тыс тексеріс жүргізді. Бұл тексерістердің негізгі мақсаты – отбасында зорлық-зомбылық жасауға бейім немесе бұрын осындай әрекеттерге барған азаматтармен тікелей байланыс орнату. Себебі мұндай отбасыларда жасөспірімдердің тәрбиеленіп жатқандығы ащы да болса шындық. Тәртіп сақшыларының басты бағыты балалардың қауіпсіздігі–ересектердің қамқорлығында екенін және оларды қараусыз қалдыруға жол берілмеуін қадағалау. Тексеріс барысында полицейлер аталған тұлғалармен профилактикалық мәні бар түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларға зорлық-зомбылықтың заң алдындағы жауапкершілігі, оның қоғамға және отбасы мүшелеріне тигізетін кері әсері туралы кеңінен айтып, болашақта мұндай әрекеттерге жол бермеудің маңыздылығы түсіндіріліп, құқықтық нормалар қатаң ескертілді.
Полиция қызметкерлері тек профилактикалық жұмыстармен шектелмей, жедел шаралар да қабылдап отыр. Атап айтқанда, Жедел басқару орталығының «102» жедел желісіне «жанұя жанжалы болуда» деген хабарлама жиі келіп түскен мекен-жайларға шұғыл түрде барып, жағдайды тексерді. Мұндай жағдайлардың бірінде, зорлық-зомбылықтан жәбір көрген азаматшаны арнаулы мекемеге орналастыру шарасы қабылданды. Мұндай арнайы мекемелер зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша баспана беріп, олардың өмірлік қиындықтарын жеңуге көмектеседі.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаменті барлық қала тұрғындарына отбасындағы зорлық-зомбылық бір басталса, өздігінен доғарылмайтынын, оның уақыт өткен сайын күшейіп, соңы қайғылы жағдайларға әкелетінін ескертеді.