Түркістан облысының аумағында қоқыс полигондарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар ерекше назарда. 2025 жылдың басынан бері облыс бойынша қоқыс полигондарында 13 жану фактісі тіркелгені алаңдатарлық жағдай.
Бұл оқиғалар қоршаған ортаға елеулі экологиялық зардап тигізіп қана қоймай, жергілікті бюджетке де қомақты шығын әкелген. Сондықтан, бұл мәселеге кешенді түрде қараудың және алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығы зор. Тіркелген 13 жану фактісінің әрқайсысы өрт қауіпсіздігі талаптарының жеткіліксіз сақталуынан немесе тікелей бұзылуынан туындаған. Осыған байланысты, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, жалпы сомасы 5 миллион 111 мың 600 теңге айыппұл салынған. Бұл айыппұлдардың салынуы – мәселенің маңыздылығын, оны елемеудің заң алдындағы жауапкершілігін және оны шешуге деген мемлекеттің қатаң ұстанымын айқын көрсетеді. Әрине қоқыс полигондарындағы жану жағдайларының салдары тек қаржылық шығындармен ғана шектелмейді. Экологиялық апатының зияндығы бір төбе. Анығын айтқанда, жанып жатқан қоқыстан бөлінетін улы түтін, диоксиндер, фурандар және басқа да химиялық заттар атмосфераны ластап, ауаның сапасын нашарлатады. Бұл адам денсаулығына, әсіресе тыныс алу жүйесіне, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне кері әсерін тигізеді. Топырақ пен жерасты суларының ластану қаупі де жоғарылап, бұл ұзақ мерзімді экологиялық проблемаларға әкелетіні сөзсіз. Ал, экономикалық шығы жайында айтпасақта түсінікті болар. Өртті сөндіруге жұмсалатын ресурстар, арнайы техника мен адам күші айтарлықтай қаржылық шығынды талап етеді. Сонымен қатар, полигонның инфрақұрылымына зақым келіп, оны қалпына келтіруге және өрттің салдарларын жоюға қосымша қаражат пен уақыт жұмсалады. Бұл қаражаттарды халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттауға болатын еді.
Қоқыс полигондарындағы тұрақты өрттер тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, қоғамның наразылығын тудыратыны белгілі. Бұл өз кезегінде жергілікті билікке деген сенімнің төмендеуіне әкелетіні жасырын емес. Осыған байланысты алдын алу шаралары және жүйелі профилактикалық жұмыстар қалай жүргізілуде?
Тарқатып айтар болсақ ыстық ауа райы кезінде қоқыс полигондарындағы жану жағдайларының алдын алу мақсатында, облыс аумағында есепке алынған барлық қоқыс полигондарын жаппай ретке келтіру арқылы кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Бұл шаралар кешенді сипатқа ие және бірнеше бағытты қамтиды екен. Біріншіден, аумақты тазарту және оны дұрыс басқару. Атап айтқанда, полигон аумағындағы жиналған қоқысты дұрыс орналастыру, тығыздау және оның бетін топырақ қабатымен үнемі жабу жұмыстары жүргізілуде. Бұл оттегінің қоқыс қабатына енуін шектеп, өздігінен жану қаупін айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу технологияларын енгізу арқылы полигонға түсетін қалдықтардың көлемін азайту да маңызды. Осы ретте минералды жолақтар мен өртке қарсы бөгеттерді күшейтудің тиімділігі орасан. Өрттің таралуын болдырмау үшін полигон периметрі бойынша және қоқыс қабаттары арасында ені жеткілікті минералды жолақтар мен өртке қарсы бөгеттер құрылуда. Бұл өрт ошақтарының оқшаулануына мүмкіндік береді. Полигон аумағындағы температуралық режимді үнемі бақылау, газдың шоғырлану деңгейін өлшеу, ыстық ошақтарды дер кезінде анықтау және оларды жою жұмыстары күшейтілген. Бұл үшін заманауи бақылау жүйелері мен датчиктерді қолдану ұсынылады. Өрт сөндіру кезінде қажетті су көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету және өрт гидранттарының үнемі жарамды күйде болуын тексеру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, өрт сөндіру техникасының тұрақты кезекшілігін ұйымдастыру да қарастырылуда.
Полигонда жұмыс істейтін қызметкерлерге өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша арнайы, тереңдетілген нұсқамалар жүргізілуде. Оларға өрттің алдын алу, өрт шыққан жағдайдағы дұрыс әрекет ету алгоритмі, өрт сөндіру құралдарын тиімді қолдану тәсілдері және қауіпсіздік техникасы үйретілуде. Бұл жұмысшылардың санасын арттырып, олардың төтенше жағдайлардағы жауапкершілігін күшейтеді. Тұрақты оқу-жаттығулар өткізу арқылы дағдыларын шыңдау да маңызды.
Қоқыс полигондарын өрт қауіпсіздігі талаптарына сай ретке келтіру – тек бір реттік науқан емес, тұрақты жүргізілуі тиіс кешенді және жүйелі жұмыс. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың және коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысы ғана қоқыс полигондарындағы өрт қаупін азайтып, өңірдің экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту, жауапты тұлғалардың қатаң бақылауы, еңбек тәртібін нығайту және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру арқылы ғана Түркістан облысының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындардың денсаулығын қорғауға және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосуға болады. Бұл – әрбір азаматтың саналы жауапкершілігін қажет ететін, болашақ ұрпақ алдындағы парыз.