Осыдан тура 34 жыл бұрын Жоғарғы кеңестің төралқасы «Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылдады. Сол кезден бастап қызметтік борышқа адалдық, мінсіз адамгершілік қасиеттер прокурорлық корпусқа жаңа сыни тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі міндеттерді іске асыруда елеулі үлес қосуына мүмкіндік беріп келеді.
Тәуелсіздік жылдарында прокуратура органдары сындарлы сопақты басып өтіп, қалыптасудың үлкен даңғыл жолына түсе білді. Ведомствоның беделі және оның әлеуметтік маңыздылығы бірнеше есе артты. Президент қойған жауапты міндеттерді орындай отырып, республика прокуратурасы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің сенімді тірегіне айналды.
Ведомство басшысы Берік Асылов азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және тұтастай ел мүдделерін қорғаудың сенімді кепілі бола отырып, Қазақстан прокуратурасы мемлекеттілікті нығайтуда шешуші рөл атқаратынын бірнеше рет атап өтті.
Өйткені, прокурор – бұл жай ғана мамандық емес, қазақстандықтар мен мемлекеттің мүдделерін қорғау жөніндегі миссия. Ол — бүгіндері барлық жерде прокуратура қызметкерлері мен ардагерлеріне білдіріп жатқан алғыстың арғы жағындағы күнделікті қажырлы еңбек.
Жыл сайын кәсіби мерекеге орай бүкіл еліміз бойынша салтанатты жиындар өткізіліп, прокуратура өкілдеріне құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін лайықты наградалар табыс етіледі, құқық қорғау жүйесін дамыту үшін берік негіз болған қадағалау органының ардагерлері құрметтеледі.
Ведомство қызметкерлерінің ресми кәсіби мерекесі құқықтық мемлекет пен қоғамның әділеттілік жүйесіне деген сенімін нығайтудағы қызметтің маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, кәсіби мамандардың қызметі елдің тұрақтылығы мен құқықтық тәртібіне тікелей әсер етеді. Олардың жұмысы білімді, батылдықты және мінсіз адалдықты қажет етеді.
Қараша айында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің ішкi саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Онда құқықтық мемлекеттің іргетасы және азаматтардың қоғамдық әрі жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің базалық шарты ретінде «Заң мен тәртіп» қағидаты айқындалған. Бүгінгі трансформациялық үдерістер қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, жеке қауіпсіздігі және құқықтарының қорғалуын, сондай-ақ олардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету. Бұл үдерістердің идеологиялық негізі – Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымы. Бұл қағидат қоғамдық құқықтық сананы жаңартудың негізі бола отырып, халықтың жанжақты қолдауына ие.
Маусым айында құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы осы идеологеманы ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажеттілігіне назар аударды. Бұл тезис Президенттің қараша айындағы Жарлығында жалғасын тапты. Онда «Заң мен тәртіп» қағидаты соттар мен құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмысы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенім деңгейін арттыру арқылы жүзеге асырылады.
Осы мақсатта прокуратураның қызмет форматы қайта пайымдалып, адамға бағдарлану және уақтылы іс-қимыл жасауға баса назар аударылады. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары конституциялық құндылықтары болып саналатындықтан, сервистік тәсілді жақсарту мақсатында қадағалау функциялары жетілдіріліп, IT шешімдер енгізіліп жатыр.
Ия, 6 желтоқсан Қазақстанда Прокуратура күні атап өтіледі. Прокуратура өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданында бір күнде екі бірдей жаңашылдыққа жетелейтін игілікті шаралар өтті. Ордабасы аудандық Білім бөліміне қарасты N15 жалпы білім беретін мектепте оқушылардың патриоттық рухын көтеру, құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, оларды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында, сондай ақ идологиялық және тәрбие жұмысын жандандыру шеңберінде аудан бойынша «Болашақ прокурорлар клубы» құрылып жұмыс жүргізуде.
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында алдағы уақытта прокуратура қызметкерлері мен заң саласында қызмет еткен ардагерлермен кездесулер өткізіліп, құқықтық тақырыптағы диалогтық алаңдар, білім сайыстары, экскурсиялар және басқа да тәрбиелік шаралар өткізу жоспарлануда.
Клуб жұмысы сабақтан тыс уақытта мектеп, прокуратура және өзге де мүдделі өкілдердің қатысуымен жүргізіледі.
Клубта прокуратура тарихы, белгілі заңгерлер мен көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі, құқықтанудың өзекті мәселелері, прокурорлардың қадағалау қызметіне қатысты кітаптар мен журналдар қойылған арнайы бұрыштар ашылады.
«Болашақ прокурорлар клубы» Ордабасы ауданында 15 мектепте алғаш рет ашылып отыр, алдағы уақытта бұл жоба басқа мектептермен бірлесе жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылында аудандық прокуратура ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Миразов, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне арнайы қатысқан ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков көпшілікті жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, аудандық прокуратура ұжымының алдағы уақытта да азаматтардың құқықтары мен заңдылықты қорғау бағытында абыроймен еңбек ететініне сенім білдірді. Прокуратура қызметінің сапалы атқарылуына жағдай жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті. Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов құттықтау сөз сөйлеп, аудандық прокуратураның жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгін біз үш жүздің басы қосылған, қасиетті Ордабасы ауданында қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында прокуратураның ғимараты ашылды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды» деп атап өткен болатын. Бұл ретте прокуратура саласының өкілдерінің қажырлы еңбегі қажет. Сондықтан бүгін ашылған жаңа ғимаратты құқықтық жүйенің дамуы мен болашаққа деген сенімнің символы деп білеміз. Себебі, сала қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау – «Әділетті Қазақстан» идеясымен үндесетін игі қадам. Аудан прокуратурасы ұжымы бұл ғимаратта қоғамның барлық саласында азаматтардың құқықтарын қорғау жолында аянбай қызмет ететініне сенемін. Ғимарат жаңа заман талаптарына сай салынған. Құқық қорғау өкілдерінің сапалы жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Жаңа нысан өңірдің өркендеуіне қызмет ете берсін! – деген Зұлпыхар Жолдасов ғимараттың құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтауға атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Іс-шарада ғимарат құрылысына атсалысқан мердігер компания өкілдері мен жұмысшылар марапатталды. Қонақтар жаңа нысанды аралап көріп, аулаға ағаш отырғызды.
Нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «Строй Жол Сервис KZ» ЖШС 2024 жылдың қыркүйек айында бастаған. Екі қабатты ғимараттың жалпы алаңы 860 шаршы метр. Нысан 0,20 гектар аумақта орналасқан.
Бұл бастама азаматтардың құқығын қорғау жұмыстарының сапасын арттырып, құқықтық мәдениетті нығайтуға жол ашады.
Бүгінде Қазақстан прокуратурасы заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды қамтамасыз етудегі конституциялық миссиясын абыроймен атқарып келеді. Құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілетуін үйлестірудегі барлық күш-жігеріміз Әділетті Қазақстан құру стратегиялық мақсатына бағытталған.
Кәсіби мереке қарсаңында прокурорларға, қызметкерлерге, ардагерлерімізге заңға қызмет етудегі адалдығы үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығын және жұмыста табыс тілеймін.

