Бүгін Отырар ауданы әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысы өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – төтенше жағдайлардың алдын алуға арналды. Жиын барысында төрт маңызды мәселе жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Әсіресе, жылдың осы мезгілінде аса өзекті болып табылатын қауіпсіздік шараларына баса назар аударылды. Бұл – аудан басшылығының халық қауіпсіздігіне деген айрықша қамқорлығының айқын көрінісі.
Отырар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мейрамхан Кемелханов аппараттық кеңесте жасаған баяндамасында аудандағы мекемелер мен ауыл округ әкімдеріне бірқатар маңызды ескертулер жасап, нақты тапсырмалар жүктеді. Оның сөзінде төтенше жағдайлардың алдын алудың жүйелі сипаты мен ортақ жауапкершілігі айқын көрініс тапты. Мейрамхан Кемелханов әсіресе, жазғы кезеңде туындайтын өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Жасыратыны жоқ жаз мезгілінің келуімен су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі жыл сайын басты назарда болады. Күннің ысуымен суға шомылуға деген сұраныс артады, алайда бұл көп жағдайда қауіпсіздік ережелердің дұрыс сақталмауымен ұштасып жатады. Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы суға шомылу ережелерін қатаң сақтауды, белгіленбеген жерлерге суға түспеуді, балаларды ешбір жағдайда қараусыз қалдырмауды және қауіпті аймақтарды арнайы белгілермен қоршау сияқты жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, су айдындарына жақын орналасқан елді мекендердегі халықпен, келетін қонақтармен, мектеп оқушыларымен және жастармен кешенді түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізудің маңызы зор екеніне баса назар аудару қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар, табиғат байлығын сақтау – тақырыптан түспейтін күнделікті мәселе екені бесенеден белгілі. Осыған байланысты аудан аумағындағы орманды және тоғайлы алқаптардың өрт қаупі кезеңіне дайындығы ерекше маңызға ие. Ыстық әрі құрғақ ауа райында, кез келген ұшқын немесе абайсыздық үлкен өртке ұласып, қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Мейрамхан Кемелханов құрғақ шөптерді уақтылы тазартудың, орман алқаптарының периметрі бойынша минералды жолақтарды сапалы сызудың, өртке қарсы іс-шаралар жоспарын толық орындаудың және азаматтардың орман ішінде от жағу ережелерін қатаң сақтауын қадағалаудың маңыздылығын ескертті. Бұл – табиғат байлығын сақтап қалудың бірден-бір кепілі.
Соңғы кездері белең алып бара жатқан балалардың терезеден құлауы, ата-ана мен қоғамның жауапкершілігінде тұрған өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердегі және балабақшалардағы балалар қауіпсіздігі – жыл сайын өзектілігін жоғалтпайтын жағдай екендігі шындық. Статистикалық деректерге жүгінсек жыл басынан бері елімізде 60 бала терезеден құлап, 5-і қайтыс болған. Былтыр елде осындай 196 дерек тіркелген. Мұндай қайғылы оқиғалар көктем мен жаз айларында орын алатыны белгілі. Мамандардың сөзіне сүйенсек, балалардың терезеден құлап кету жағдайы масадан қорғайтын торға сүйеніп абайсызда құлап кету және терезе алдына жақын қойылатын жиһаздардың салдарынан қайғылы оқиғалар тіркеліп жатқанын айтады. Департамент бастығы ата-аналар мен мекеме басшыларына терезелерге арнайы бекіткіштер (шпингалеттер, торлар) орнатуды, балаларды ешбір жағдайда қараусыз қалдырмауды және олардың терезе алдына жақын жүруіне жол бермеу туралы қатаң ескертулер жасады. Бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстарын балабақшаларда, мектептерде және тұрғындар арасында үздіксіз жүргізу тапсырылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, яғни жүйелілік пен бақылау жергілікті төтеншеліктер үшін бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы аудан бойынша барлық мекемелерде, кәсіпорындарда және тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі ережелерінің қатаң сақталуын бақылауға алу қажеттігі ескерілуде. Электр желілерінің, газ құрылғыларының және жылыту жүйелерінің жарамдылығын үнемі тексеру, өрт сөндіру құралдарының (өрт сөндіргіштер, гидранттар) дайындығын қадағалау сияқты алдын алу шараларына баса назар аударылады. Кәсіпорындарда өрт сөндіру жаттығуларын жиі өткізудің маңыздылығы да атап өткеніміз жөн.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы әкім аппаратының шешімі және алдағы стратегиялық міндеттер бойынша Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының баяндамасын мұқият тыңдағаннан кейін, аталған мәселелердің барлығын жергілікті билік органдарының қатаң бақылауына алуды және тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Ауыл округ әкімдеріне өз аумақтарындағы өрт қауіпсіздігі мен балалардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты екендігі, сондай-ақ бұл мәселелерді жеке бақылауда ұстау міндеттелді.
Бұл аппараттық кеңес отырысы Отырар ауданы басшылығының халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген айрықша көңіл бөлетінін көрсетеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу – бұл тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының және қоғамның ортақ міндеті. Тек үйлесімді жұмыс пен әркімнің өз жауапкершілігін сезінуі арқылы ғана Отырар ауданының тұрғындары үшін қауіпсіз және тыныш өмірді қамтамасыз етуге болады.