Қазіргі таңда жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту – өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны шындық. Осы мақсатта Арыс ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі маңызды бастама көтеріп, аудан аумағындағы мектептер арасында жас құтқарушылар байқауын ұйымдастырды. Байқау бекітілген шарт бойынша екі кезеңде өтіп, білім беру мекемелерінен іріктелген ең мықты оқушылар ғана ақтық мәреге шықты.
Мұндай шараны өткізудегі басты мақсат – оқушылар арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру. Сонымен қатар, қауіпті жағдайларда адамды құтқарудың дағдыларын үйретумен қатар үйренуді бойларына сіңдіріп және жеткіншектерді қарапайым қауіпсіздік ережелеріне баулу болып табылады. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жастарды осы маңызды дағдыларға үйретуді өз міндеті санайды, өйткені қауіпсіз өмір сүру – бұл әрбір азаматтың бойында қалыптасқан мәдениетке айналуы тиіс.
Кез келген жағдайды тәжірибе жүзінде көрсету, балалардың оқыс оқиғалар кезінде есте сақтап қалу мен жедел әрекет етуге үйретері сөзсіз. Мысалы, өрт кезінде зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетудің бастапқы ережелерін білу, қиын жағдайға тап болған адамға көмектесуге ұмтылу, сондай-ақ құтқару қызметтеріне дер кезінде хабарласу өмірлік маңызды дағдылар болып есептеледі. Төтенше жағдай кезінде тілсіз жаумен тікелей күресіп, оны дер кезінде сөндіруді өз міндетіне алу жүктелмесі анық. Деседе, ең бастысы – оқыс жағдай орын алған кезде алдымен жедел құтқару қызметіне шұғыл хабар беру. Себебі, бұл әрекет адамның өміріне араша болатын ең маңызды қадам. Дегенмен, егер адамға көмек қажет болса, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, тиісті шараны қолға алу керек. Ал егер өз күшің жетпесе, дереу ересектерді шақыру қажеттілігі жайында айрықша түсіндірме жұмыстарын жасаған төтеншеліктер, жалпы жас құтқарушылардың қандай жағдайда да батыл болуы, ештеңеден қорықпай, қобалжымауды үйренуінің маңыздылығына тоқталды. Осындай байқаулар жасөспірімдерді командада жұмыс істеуге, бірлікте болуға және қиын сәттерде өзара қолдау көрсетуге, бірлесіп көмек көрсетуге үйретеді.
Командалық сайыс соңында жүзден жүйріктер, мыңнан тұлпарлар анықталып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар сый-сияпаттармен марапатталды. Сонымен қатар, қатысушыларға олардың жас құтқарушы ретіндегі бастамаларын растайтын сертификаттар табысталды. Бұл – жастар үшін үлкен ынталандыру әрі болашаққа деген сенімді нығайтады. Сондай-ақ, жастарды сайысқа дайындап, оларға қолдау көрсеткен топ жетекшілерге де алғыс хаттармен қоса бағалы сыйлықтар берілді. Бұл – олардың еңбегінің бағаланып, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесінің мойындалғанының белгісінің айғағы еді. Сөз соңын сараптай келе айтпағымыз, Арыс ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бұл бастамасы – оқушылардың бойына қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам екені даусыз. Әрине мұндай шаралардың жиі өткізілгені жастардың бойында жауапкершілік, батылдық және өз еліне деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыруға зор ықпал етеді.