Әр мезгілдің өз керемет кезеңі мен өкінішті жағдайлары қатарласып жүреді. Неге десеңіз «апат айтып келмейді» дегендей, кейде сақтық шаралардың дұрыс сақталмауынан әр кезеңде түрлі жағдайлар орын алып жатқаны.
Биыл жаз маусымы басталмай‑ақ күннің қатты ысып кетуі тек қана төтеншеліктер жұмысын қиындатып қоймай, сақтық шаралардың алдын алу мақсатында басқа да сала өкілдерінің қатысуымен түрлі ескертпелер айтылып, дабыл қағылып жатса да, тұрғындардың өз өміріне салғырт қарауы сейілмей отыр. Әсіресе отбасымен демалу аймақтарына барғандар арасында, ересектердің балаларға деген жауапкершілігінің төмендігі алаңдатып отыр. Әрине осындай келеңсіздіктердің соңында, қайғылы жағдайлардың орын алып жатқаны да бар.
Осы орайда Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Оразгелді Дүйсеннің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында шомылу маусымы басталмағанына қарамастан, жыл басынан түрлі жағдайларда 30 адам тілсіз жаудың құрбаны болғанын айтады. Оның 13-і жас балалар.
— Суға кетудің басты себебі – адамдардың қауіпсіздік ережелерді қатаң сақтамауы мен өрескел бұзуы. Өзен, көл немесе арнаның, шомылуға болмайтын аймақтардың ескертпелерін елемей, өз беттерінше ағысы жылдам, терең, биік жар жерлерде шомылуы, одан бөлек ішімдік ішіп, балаларын ересектердің қарауынсыз қалдыруы, бақылаусыз суға түсуі және жүзе білмейтіндіктілерінің әрекеті, тілсіз жау құрбаны болатын мәселені күрделендіріп, қайғылы оқиғаларға әкеп соғуда. Онан бөлек, қауіпті аймақтарда рұқсат етілмеген өзен, көлдердің тереңдігін, қауіптілігін зерделемей, өз білерменге салынып жүзу құралдарын пайдалану да бақытсыз жағдайлардың санын көбейтуде. Соңғы кездері ұжым, жастар арасында су айдыны жағалауында демалыстарын өткізу жиіліп барады. Біздің департамент тарапынан облыс аумағына қарасты су айдындарының терең жерлері мен қауіпті аймақтардың тізімі тіркеліп, ескерту тақтайшалары мен бильбордтар орнатылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті тәулік бойы жауапты сала мамандарымен бірге полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және еріктілермен рейдтік жұмыстарды ұйымдастырып, тұрғындар мен келуші қонақтарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы ережелері түсіндіріліп, үнпарақтар таратудамыз. Сондай‑ақ, профилактикалық жұмыстарға бекітілген еріктілер жұмылдырылады – дейді басқарма бастығы Оразгелді Дүйсен.
Жалпы облысымыздағы ең басты мәселелердің бірі — арнайы шомылу орындарының аздығы. 2024 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қосымша 14 шомылатын арнайы жағажайлар жұмыс істеген. Бұл облыстың 2 миллионнан аса тұрғынына өте аз. Сондықтан да биыл облыс әкімдігінің қолдауымен шомылуға арналған ашық жағажайлардың санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Айта кететін жайт, өткен жылғы статистика көрсеткендей қайғылы жағдайдың 45%-ы канал, арықтарда орын алған. Онан бөлек өңірімізде аквапарк салу мәск\елесі жүзеге асырылмақ. Сол себепті облыс тұрғындары шомылу маусымының басталуына орай судағы қауіпсіздік ережелерін толықтай сақтаулары қажет екенін ескергендері жөн.
Сондай-ақ, 2024 жылы орман шаруашылығында жалпы көлемі 1986 гектар аумақты шарпыған 6 өрт оқиғасы тіркелсе, биылғы жылы орман өрттері тіркелген жоқ. Дала орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде.
Каналдарға, өзендерге баланы қараусыз жібермеу керек. Орман, дала өрттерінің алдын алу және шомылу маусымын тұрақты бақылауда ұстау мен өрт қауіпсіздігіне қатысты жобалар, жұмыстар толық атқарылуын, қатаң бақылауға алу қажеттігін облыс әкімі Нұралхан Көшеров ескертті. Мұнан бөлек, өрт сөндіру бекеттерін салуды кешеуілдеткен аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдап, тиісті ескерту де жасады.
Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасымен шекаралас Келес ауданының аумағында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша оқу-жаттығу өтіп, «Өрт–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының шеңберінде Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінде облыстық штаб құрылып, шұғыл әрекет ету мен ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру жұмыстары іске асырылды. Жалпы, оқу-жаттығуға 335 техника, 1 118 адам жұмылдырылып, олардың орманды дала өртін сөндіруге дайындығы пысықталды.
Аталған іс-шараға облысымызға шекаралас орналасқан Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері де қатысты. Мұндай трансшекаралық оқу-жаттығулар мен алгоритмдер алдағы уақытта да бірлесіп әрекет ету іс-қимылдарын пысықтауға септігін тигізеді деген сенімдеміз.