Президент мәртебелі мейманды Түркістан әуежайынан қарсы алды.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бейресми кездесу өткізіп, қаладағы бірқатар нысанды бірге аралап көреді.
Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы түркі тілдес елдерге ортақ ең көрнекті рухани және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.
Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ кесенеде жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысы мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағында орналасқан ұлттық-мәдени кешенді аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов шығыс базарын аралап, дәнді дақылдардың сұрыптарымен танысты.
Мәртебелі меймандарға ұлттық тағам түрлері, ағаштан түйін түю, кілем тоқу, киіз басу, қыш және зергерлік бұйымдар жасау сияқты халық қолөнері шеберлерінің туындылары көрсетілді, салт-дәстүрімізді паш ететін театрландырылған қойылым ұсынылды.
Сонымен қатар олар тазы мен қыран құстарды тамашалады.