«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 20 қарашадағы №399 Жарлығын іске асыру аясында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов Алатау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті деп, хабарлаған Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Төлеби ауданы әлеуметтік -экономикалық дамуының 2024 жылғы қорытындысы мен 2025 жүзеге асатын жобаларды баяндады. Сондай -ақ, Алатау ауылдық округінде атқарылған жұмыстар мен даму жоспарымен таныстырды.

2024 жылы 7 әлеуметтік нысанға 700 млн.теңге қарастырылып, нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда: «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қосағаш елді мекенінен 300 орындық орта мектеп құрылысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ы есебінен жүргізілуде (сметалық құны – 3,4 млрд.тг). Мектепті ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Аталған мектептің сыртқы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Қосағаш елді мекені Қ.Сәтбаев көшесінің 0,3 шақырым жолы жөнделді. Қайнар елді мекенінің жаңа массивке инженерлік-коммуникация жүйелері табиғи газбен қамту жұмыстары аяқталды. Екпінді-Қорған жолының 2,5 шақырымы, Жаңатұмыс елді мекенінің П.Нұранқұлов көшесінің 2,2 шақырымы жарықтандырылды.

Жаңатұрмыс елді мекенінің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден, Таш каналының 0,8 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Біркөлік елдi мекенiнен 100 орындық негізгі мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 7 млн.теңге бөлінді .Екпінді елдi мекенiнің 4 көшесіне ауыз су құбырын тарту жұмыстарын бастауға қаржы қаралды.
Шатыртөбе-Қайнар елдi мекенiне келетін Тамшылы бұлағынан 6 шақырым құбыр тартып, санитарлық аймағын қоршау жұмыстарына қаржы бөлінді.
Біркөлік елді мекенінде (757 га) орналасқан туристік-рекреациялық аймақ үшін топотүсірілім әзірленді.

Көшпелі кездесуге келген тұрғындар бірқатар өзекті мәселені көтерді. Біркөлік елді мекеніне мектеп салу, жол белгілерін орнату, көше бойларындағы су құбырларының жарылуына қатысты шағымдарын жеткізді. Жайылымдық жер, интернет, жолдарды жөндеу, рекреациялық аймақтарға қатысты сұрақтар қойды.

Аудан басшысы халықтың қойған сұрақтары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап беріп, талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады. Аймақты дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасатынын, бұл істе жергілікті әкімдік пен тұрғындар да белсенділік танытуы керек екенін жеткізді.

Аудан әкімінің алатаулық тұрғындармен кездесуі жеке қабылдауға ұласты. Қабылдауда тұрғындардың өтініштері, арыз-шағымдары тыңдалды. Өтініштер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.