Қазіргі таңда халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қаланың сыртқы келбетін жаңғырту бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Оның бірі – өткен жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан «Көксай» шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы.
Бүгін Нұрлыбаев 6 үйде тұратын тағы тоғыз отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстадым. Бұл — тұрғындардың ұзақ жыл бойы армандаған баспанасы.
Бағдарлама іске қосылғаннан бері 57 отбасы заманауи әрі жайлы пәтерге қоныстанды. Тұжырымдаманың негізгі кезеңі – реновация бағдарламасы аясында ескі үйде тұратын тұрғындарды жаңа пәтерге көшіру. Оларға бөлме саны тең, таза әрлеумен, дайын пәтерлер беріледі.
Тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтай отырып, мұндай өзгерістер өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, қаланың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өттім. Шағынауданды жаңғырту – әр тұрғынға өзін өркендеген қоғамның бір бөлшегі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.