Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық мектеп лигасы» облыстық жарысында Бәйдібек ауданы, Тұрақты ауылы, Ж. Жүнісбеков атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-11 сынып оқушылары жоғары деңгейде ойын көрсетіп, футзалдан қыздар арасында жеңімпаз атанып, республикалық жарысқа жолдама жеңіп алды деп, хабарлаған Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Осыған орай, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне қарсаңында аудан әкімдігінде спортшы қыздарды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Болатұлы қатысып, жеңімпаздарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде жас спортшылардың жетістігі аудан үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтіп, алдағы республикалық жарыста жоғары нәтиже көрсетуге тілектестік білдірді.
«Сіздердің жеңістеріңіз – тек мектеп пен ауданның ғана емес, тұтас өңіріміздің мерейін үстем ететін жетістік. Спортта жеткен биіктеріңіз жастарға үлгі болып, ауданымыздың намысын қорғауда зор ықпал етеді. Алдағы республикалық додада сәттілік тілеймін!» – деді Ақәділ Болатұлы.
Жеңімпаз команда мүшелеріне Арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Спортшы қыздар өз кезегінде көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, алдағы жарыста үздік нәтижеге жетуге тырысатындарын айтты.
Бұл жеңіс – аудандағы спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да жас спортшыларға қолдау көрсетіп, олардың кәсіби өсіп-жетілуіне жағдай жасауды жалғастыра бермек.