Қазығұрт ауданы тұрғындары үшін бүгінгі күн қуанышқа толы болды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысандар ашылып, Қазығұрт елді мекенінде 2 қабатты 16 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті жалпы саны 32 тұрғынға табысталды деп, хабарлаған Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жаңадан табысталған 20 пәтер жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы, 5 пәтер көп балалы санатындағы және 7 пәтер әлеуметтік аз қамтылған отбасы санатындағы кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов баспаналы болған аудан тұрғындарының қуанышын бөлісу үшін салтанатты жиынға қатысып, баршаны мерекемен және баспаналы болуларымен құттықтады. Сондай-ақ, жылдар бойы үй кезегінде тұрып, жаңа баспана алып жатқан тұрғындарға өз қолымен кілттерін табыстады. Ал, жаңа пәтер иелері аудан әкіміне және барша аудан активіне алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын көрсетті.
Айта кетейік, жаңадан табысталған тұрғын үйде жалпы 32 пәтер болса, оның 20 пәтері 2 бөлмелі, 12 пәтері 1 бөлмелі. Жалпы құны 332 700,0 мың теңгені құрайды.