Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, БАЙТІЛЕСОВ Нұрсұлтан Төленұлы Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен келді деп, хабарлаған Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Іссапар барысында Қазығұрт аудандық “Өнер мектебінде” «AMANAT» партиясы аудандық филиалы Орталық бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті.
Кездесуде Мәжіліс депутаты ретінде 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасына тоқталды. Сонымен қатар Түркістан облысына ерекше статус беру туралы, заңнамалық реформаларға енгізілген өзгерістер туралы жалпылама айтып өтті. Мысалы ретінде лудоманияның алдын – алуға бағытталған, есірткі қылмысына қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталып, сайлаушылар тарапынан қандай да бір өзекті мәселелер туындаса бірлесіп шешімін табуға ықпал етуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
Кездесуден соң жеке қабылдауды сұранған ауыл тұрғындарымен сөйлесті. Ол жерде көтерліген мәселелер ұсыныс түрінде айтылып, алдағы уақытта ортақ шешімге келу арқылы ұсынысты жүзеге асырудың жан-жақты тетіктері қарастырылатын болып келісілді.
Бұл кездесуге аудан әкімі орынбасары М. Аширбаев, «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасы Е.Исақұлов қатысты.
Іссапар барысында депутат Нұрсұлтан Байтілесов бірнеше кәсіпкерлік және медициналық нысандарды аралап, аудан тіршілігімен танысты.