Қазақстанның көне тарихы мен сақ-үйсін дәуірінің қайталанбас мәдени мұрасын дәріптеу, жастардың тарихи санасын жаңғырту мақсатында Түркістан өңірінде маңызды мәдени-ағартушылық оқиға орын алмақ. Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінде еліміздің бас тарихи символына айналған жәдігерлерге арналған «Алтын адамның табылу және зерттелу тарихы» атты экспозициялық көрме ұйымдастырылады.
Ауқымды көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының тікелей ұйымдастыруымен өтеді. Көрменің ерекшелігі – Жетісу өлкесінің тарихи жауһарларымен қатар, Шығыс, Батыс және Орталық Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлердің түпнұсқалары мен ғылыми негізде жасалған қайта жаңғыртпалары арнайы Ордабасыға жеткізіледі.
Көрмеде көпшілік назарына ұсынылатын құнды құнттар, «Алтын адамның» күміс тостағаны — көне түркі жазуының бастауларынан сыр шертетін тарихи жәдігер. Алтын жүзік пен сәндік әшекейлер — ерте темір дәуіріндегі сақ шеберлерінің аң стиліндегі жоғары зергерлік өнерінің үлгілері. Түпнұсқа қыш ыдыстар мен тұрмыстық бұйымдар — ежелгі тайпалардың мәдениеті мен тұрмысын айшықтайтын археологиялық олжалар. Үштағанды сақ-үйсін қазаны — ерте темір дәуіріне тән материалдық мәдениеттің бірегей жәдігері.
Арнайы экспозициялық бұрышқа орналастырылатын бұл бұйымдар Ордабасы ауданының тұрғындары мен қонақтарына ата-бабаларымыздың бай тарихы мен өркениетін тереңірек танып-білуге зор мүмкіндік береді. Мемлекеттік деңгейдегі бұл мәдени-танымдық жоба бір ай бойы келушілерге есігін айқара ашады.
Өтетін орны: Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі.
Көрменің ашылу салтанаты: 9 қазан 2026 жыл, сағат 10:00.
Көрме мерзімі: 9 қазан – 9 қараша 2026 жыл аралығы.
Ұлттық тарихымыздың алтын арқауын ұлықтап, бабалар аманатынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысуға барша өлке тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз. Аймақта өтетін ауқымды шара жұртшылықты танымдылығымен тәнті етеді.

