Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаулары мен тапсырмалары Қазақстанда су тасқынына қарсы инженерлік инфрақұрылымды нығайту және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар кешені жүзеге асырылуда.
Бұл шаралар табиғи апаттардың алдын алуға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған. Бүгінгі таңда Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендерде инфрақұрылымды дамытумен қатар, табиғи құбылыстар мен маусымдық жауын-шашын кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Күзгі-қысқы маусымда толассыз жауын-шашын салдарынан туындайтын су басу қаупін жою мақсатында шаһарда арнайы инженерлік-техникалық жұмыстар қолға алынды.
Осы орайда, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың нақты тапсырмасына сәйкес, қала аумағында жауын суын өткізу жүйелерін жаңарту және жаңа арық желілерін салу жұмыстары белсенді атқарылып жатыр. Жауын-шашын суларын қауіпсіз бұру және тұрғын үйлерді су басудан қорғау мақсатында ең өзекті аумақтардың бірінде ауқымды жоба бастау алды. Шахтерский мөлтек ауданында ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын жаңа арық жүйесін салу жұмыстары басталды. Жоба аясында аталған аумақтағы үш бөлек нүктеде жөндеу және қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа арық желілері жауын-шашын мен еріген кар суларын іркіліссіз өткізуге және көшелерде судың жиналмауын қамтамасыз етуге негізделген.
Құрылыс және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарының бекітілген талаптарға сай орындалуын тексеру мақсатында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков Шахтерский мөлтек ауданына арнайы барып, жұмыс орындарын аралады. Аралау барысында Болысбек Шәріпбеков құрылыс алаңындағы инженерлік процестерді жіті бақылап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын зерделеді. Мердігер ұйымдар мен жауапты бөлім өкілдеріне құрылысты бекітілген мерзімде толық әрі сапалы аяқтау жөнінде тапсырмалар жүктеді және су ағар жүйелерінің беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуді баса айтты.
Жолдар мен аулаларда толассыз жауын-шашын салдарының алдын алу – тұрғындардың жайлы тұрмысы мен қалалық инфрақұрылымның бүлінбеуінің басты кепілі. Шахтерский мөлтек ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл 1,2 шақырымдық арық жүйесі толық пайдалануға берілгеннен кейін жауын-шашын кезінде тұрғын үйлер мен көшелерді су басу қаупі едәуір азайып, азаматтардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етіледі. Қала аумағында су тасқынының алдын алуға бағытталған мұндай инженерлік жұмыстар бекітілген жоспарға сай өз жалғасын табады.

