2026 жыл – Қазақстанның бастамасымен БҰҰ деңгейінде Халықаралық еріктілер жылы болып жарияланды. Осыған орай Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту және жастарды зиянды әдеттерден қорғау туралы тапсырмасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде «Есірткіге жол жоқ!» және «Әділет Жастары» атты ауқымды республикалық акциялар басталды.
Осы іс-шаралар барысында мыңдаған белсенді жастар мен спортшылар көшелердегі есірткі жарнамаларын жойып, қатарластарын есірткісіз саналы өмірге шақырады. Жастар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру, бұқаралық спортты дамыту және жас буынды жаман әдеттерден аулақ ұстау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.
Осы орайда Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен шаһардағы «Динамо» стадионында жастар арасында «Есірткісіз өмір – спортпен бірге» тақырыбында футболдан шаһарлық турнир жоғары деңгейде өтті. Ауқымды спорттық іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың және есірткі бизнесінің заңсыз айналымының алдын алу, дене шынықтыруды дәріптеу, жастарды спортпен тұрақты айналысуға ынталандыру және олардың бос уақытын тиімді, танымдық форматта ұйымдастыру болып табылады.
Футбол турниріне қала бойынша жалпы 12 команда қатысып, жасыл алаңда өзара тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар жоғары спорттық дайындықтарын, командалық ұйымшылдықтарын және жеңіске деген мұқалмас жігерлерін танытты. Кескілескен доп бәсекесінің қорытындысы бойынша жүлделі орын «Кентау политехникалық колледжі» командасына, яғни жоғары шеберлік көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды. ІІ орын «Жасұлан» командасы – финалдық бәсекеде тартысты өнер көрсетіп, күміс жүлдені иеленді. Ал, ІІІ орын «Байылдыр» командасы – үздіктер үштігін түйіндеп, қола медальға қол жеткізді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубоктар, медальдар, құрмет дипломдары және қаржылай сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.
Сонымен қатар, жарыс барысында шебер ойынымен, тапқырлығымен және техникалық дайындығымен ерекшеленген ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталып, құрметке бөленді.
Бұл сияқты спорттық іс-шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға, зиянды әдеттердің алдын алуға және қоғамда есірткіге қарсы берік иммунитет пен көзқарасты нығайтуға зор үлес қосады. Кентауда жастарды спортқа баулу бағытындағы мұндай турнирлер тұрақты түрде жалғасады.

