Кентау шаһарында бұқаралық спортты дамыту, жас буынды салауатты өмір салтына баулу және дарынды спортшыларды халықаралық ареналарға баптау бағытындағы жүйелі жұмыстар кезекті триумфпен айшықталды. Жуықта Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған жүзуден ашық чемпионат өз мәресіне жетті.
Халықаралық деңгейде өткізілген бұл бәсекеде Орталық Азия елдері мен Қазақстанның әр өңірінен жиналған 300-ге жуық жас жүзуші өзара бақ сынап, шеберліктерін таразыға салды. Ел намысын халықаралық додада абыроймен қорғау үшін Кентау қаласынан арнайы аттанған Ali Swimming Club Kentau командасының жас жүзгіштері жоғары спорттық дайындықтарын көрсетіп, жарыстың басты сенсациясына айналды.
Су айдынындағы кескілескен бәсекеде кентаулық өрендер қоржынымызды жүлдеге толтырды. 2 спортшы өз қашықтықтарында ешкімге дес бермей, чемпион атанды. 6 спортшы финалдық бәсекеде өте тартысты өнер көрсетіп, ІІ орынды еншіледі. 4 жүзуші ІІІ орынға тұрақтап, үздіктер үштігіне енді. Жалпы есепте 12 медальді канжығасына байлаған Кентау құрамасы халықаралық чемпионаттың ең нәтижелі командаларының бірі ретінде танылды.
Қашықтық бойынша жүзудің әртүрлі бағыттарында бақ сынаған кентаулық жас өрендердің бұл биік жетістігі – спортшылардың тынымсыз еңбегінің, жаттығулардағы жігерлілігі мен табандылығының, сондай-ақ бапкерлер мен жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігінің жемісті нәтижесі.
Халықаралық турнирден олжалы оралған жас жүзушілеріміз бен олардың жаттықтырушылар құрамын жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Кентаудың жас спортшылары алдағы уақытта да асуларды бағындырып, еліміздің көк Туын биіктен желбірете беретініне сенімдіміз.

