Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктер жасау, әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға мемлекеттік материалдық және қаржылай қолдау көрсету, сондай-ақ бөлшектелген қаражаттың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Әлеуметтік көмек – бұл шынайы мұқтаж жандарға бағытталған ашық әрі әділ жүйе болуы тиіс. Бөлінген әрбір теңге заң талаптарына сай, бюрократиясыз, тиімді және тиісті адресатқа толық жеткізілуі шарт. Мемлекеттік қолдаудың әділдігіне халықтың сенімі беки түсуі керек» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Арыс қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2026 жылдың 24 шілде күні білім беру ұйымдарының басшыларының қатысуымен әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға материалдық және қаржылай көмек көрсету тәртібіне арналған кезекті жұмыс кеңесі өткізілді.
Арыс қаласындағы білім беру мекемелерінің директорлары мен жауапты мамандары бас қосқан бұл жауапты жиын – жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік көмекті заңды, ашық әрі сапалы ұйымдастырудың маңызды алаңына айналды.
Кеңес барысында Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ресми хаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысының «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерлерін, көздерін және қағидаларын бекіту туралы» талаптары терең түсіндірілді.
Осы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес қаржылай көмекті тағайындау кезінде басты назарда болатын бағыттар — мектептердегі арнайы мектепшілік комиссиялардың шешім қабылдау кезінде ашықтық пен заңдылық қағидаттарын толыққанды сақтауы, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден өткізілген өтініштер мен оған қоса берілген құжаттардың толықтығын, дұрыстығын мұқият зерделеу және білім алушылардың әлеуметтік мәртебесін, яғни атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, т.б. растайтын мәліметтердің негізділігін цифрлық дерекқорлар арқылы тексеру.
Жұмыс кеңесінде Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы сөз сөйлеп, әлеуметтік қолдау шараларының сапалы әрі әділ жүзеге асырылуы тікелей мектеп басшыларының беделіне, заңдылықты сақтауына байланысты екенін баса айтты. Ол өз сөзінде: «Әлеуметтік қолдау шаралары заңнама талаптарына сәйкес, ашықтық пен әділдік қағидаттары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Әрбір өтініш комиссияда жан-жақты қаралып, ұсынылған құжаттардың дұрыстығына ерекше назар аударылуы қажет.
Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуы – білім беру ұйымдары басшыларының және жауапты мамандардың тікелей жауапкершілігі. Ешбір азаматтың құқығы бұзылмауы тиіс, сондай-ақ заңсыз қаржы бөлу деректеріне мүлдем жол берілмеуі шарт»,- деді.
Білім бөлімі басшысы мектеп басшыларына әрбір баланың жағдайына жеке тоқталып, құжаттарды қабылдаудан бастап, қаржыны аударуға дейінгі процесті жеке бақылауға алуды міндеттеді.
Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша Арыс қаласындағы барлық білім беру ұйымдарының директорларына орындалуы тиіс тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, барлық мектептерде әлеуметтік көмекке жауапты арнайы мамандар мен комиссия мүшелерін бұйрықпен бекітіп, олардың міндеттерін айқындау, материалдық әрі қаржылай көмекті тағайындау барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №64 қаулысы мен заңнамалық нормативтік-құқықтық актілерді қатаң басшылыққа алу мен құжаттар базасын цифрландыру — өтініш берушілердің мәліметтерін мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы салыстырып, құжаттардың шынайылығына көз жеткізу және мектептерде ата-аналарға әлеуметтік көмек алудың шарттары мен мерзімдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу нақтыланды.
Жалпы, Арыс қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2026 жылдың 24 шілдесінде өткен бұл жұмыс кеңесі – әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің ашықтығын, әділдігін және заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды да дер кезінде қабылданған қадам екені сөзсіз.
Әрине, берілген тапсырмалардың сапалы орындалуы Арыс қаласындағы жүздеген оқушының әлеуметтік хақысын қорғап, жаңа оқу жылына толыққанды дайындықпен баруына зор мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

