Түркістан облысының аграрлық-өндірістік әлеуеті жоғары, аумағы кең де шежірелі өңірі – Созақ ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда.
Созақ ауданы аумағынан өтетін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда, әсіресе түнде және ауа райының қолайсыз күндері қараусыз жүрген төрт түлік малдың көлік жолына шығып кетуі ЖКО тудыратын басты қауіптердің бірі болып саналады.
Осы түйткілді мәселені шешу мақсатында, Созақ ауданы әкімдігінің тікелей бастамасымен және аудан аумағында жұмыс істейтін өндірістік кәсіпорындар мен демеушілердің қаржылай қолдауымен, арнайы заманауи жарық шағылыстыратын қарғыбаулар сатып алынып, аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы жол жиегінде жүретін ауыл шаруашылығы жануарларына тағылуда.
Аталған профилактикалық шараның басты мақсаты – қараңғы уақытта жол бойында немесе көлік қозғалысы өте қарқынды жүретін аумақтарда малдардың жүргізушілерге алыстан анық көрінуін қамтамасыз ету. Қарғыбаулардың негізгі артықшылықтары жарық шағылыстыратын қарғыбаулар автокөлік шамының жарығы түскенде оны кері шағылыстырып, жүргізушіге малды 200–300 метрдей алыс қашықтықтан байқауға мүмкіндік береді. Түнгі уақытта автокөлік жүргізушісіне жылдамдықты баяулатып, тоқтауға немесе апаттық жағдайдың алдын алуға жеткілікті уақыт береді. Тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі болып табылатын төрт түлік малдың автокөлік астына түсіп шығын болуынан сақтайды.
Шолаққорған ауылында бастау алған бұл игі бастама аудан орталығымен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы іс-қимыл жоспары Созақ ауданына қарасты барлық ауылдық округтер мен кент әкімдіктерінде кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асырылады. Жергілікті полиция қызметкерлері мен ауыл әкімдіктерінің мамандары бірлесіп, мал иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Малын қараусыз жіберген, жол бойында жайылуына жол берген тұрғындарға заңнамаға сәйкес әкімшілік айыппұлдар салынатыны ескертілуде. Бұл бастама тұрғындардың жолдағы қауіпсіздігін арттырумен қатар, мал иелерінің өз мүлкіне деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Себебі, жолдағы қауіпсіздік – тек полицияның немесе әкімдіктің ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
«Құрметті аудан тұрғындары мен автокөлік жүргізушілері! Созақ ауданының әкімдігі сіздерді жол қозғалысы қауіпсіздігін қатаң сақтауға, ауыл шаруашылығы жануарларын бекітілмеген орындарда қараусыз жібермеуге және ортақ қауіпсіздік мәселесіне жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырады. Малға жарық шағылыстыратын қарғыбауларды тағу – бұл сіздің малыңызды да, өзге азаматтардың өмірін де аман сақтайтын қарапайым әрі тиімді қадам. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет!»,- деген үндеуді Созақ ауданы әкімдігі тұрғындарға жолдауда.
Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл инновациялық та алдын алу бағытындағы жоба – жол-көлік оқиғаларының азаюына, жүргізушілер мен жолаушылардың өмірін қорғауға тікелей ықпал ететін маңызды қадам. Аудан әкімдігі, жергілікті кәсіпорындар және полиция қызметінің бірлескен бұл нәтижелі жұмысы аудан тұрғындарының амандығы мен жолдардағы тәртіптің нығаюына зор үлес қоса берері сөзсіз.

