Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті маңызды отырысы өтті. Бұл жиында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікке және азаматтардың әл-ауқатына тікелей ықпал ететін екі өзекті мәселе арнайы қаралды.
Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында мүліктік қылмыстардың алдын алу жұмыстары болды. Бұл бағытта — пәтер және автокөлік ұрлығы, өңірдің аграрлық ерекшелігіне байланысты өзекті болып табылатын мал ұрлығы және тұрғындардың күнделікті өмірінде жиі кездесетін қалта және ұялы телефон ұрлықтарының алдын алу жүйесі жан-жақты сараланды.
Алғашқы мәселе бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасады. Оның мәліметінше, жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде өңірдегі жалпы қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Дегенмен, кейбір ұрлық түрлерінің, атап айтқанда ұялы телефон мен мал ұрлығының арту себептеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Жиында криминогендік ахуалы ерекше назар аударуды талап ететін Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы жағдай жеке қаралып, тиісті баға берілді.
Күн тәртібіндегі екінші өзекті мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасады. Баяндамада заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидалардың жолын кесу бағытында атқарылып жатқан жедел-іздестіру және профилактикалық жұмыстардың нәтижелері ұсынылды.
Отырыста талқыланған негізгі бағыттар — қаржылық сауаттылық, яғни тұрғындар арасында, әсіресе жастар мен ауыл тұрғындары арасында қаржылық сауаттылықты арттыру. Лудоманиямен күрес барысында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу және оған шалдыққан азаматтарға әлеуметтік-психологиялық талдау жүргізу. Сондай-ақ, заңсыз астыртын алаңдарды жою бағытында астыртын ойынханалар мен желідегі заңсыз онлайн-казино платформаларын анықтап, бұғаттау.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәжіліс барысында аудан және қала әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін баса айтып, жауапты басшылардың пікірлерін тыңдады және нақты міндеттер белгіледі.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің мәлімдемесінен: «Өңірімізде қылмыстың алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп нақты іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. Ұрлық жиі тіркелетін аудан-қалаларда бірлескен рейдтік шараларды күшейтіп, ұрлықтың алдын алу жұмыстарын жандандыру қажет.
Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың алдын алу, қаржылық алаяқтық пен лудоманияға қарсы күресті күшейтіп, экономикалық қылмыстардың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қабылдансын. Заңсыз ойын алаңдары бойынша аудан, қалаларда жан-жақты талдау жүргізіліп, алдын алу жұмыстары күшейтілуі керек. Барлық берілген тапсырмалар белгіленген мерзімде сапалы орындалып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы облыс әкімі аппаратына ақпарат ұсынылсын»,- деді өңір басшысы.
Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша барлық аудан, қала әкімдері мен құқық қорғау органдарының басшыларына келесідей міндеттер жүктелді — мобильді рейдтік топтар құрып, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарында мал және мүлік ұрлығының алдын алу үшін арнайы рейдтерді жиілету. Цифрлық бақылау тұрғысынан тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларын көбейту және мал басын идентификациялауды күшейту. Ақпараттық-ағарту жұмысы: Халық арасында қаржылық пирамидалардың арбауына түсіп қалмау және лудоманияның салдары туралы түсіндіру акцияларын жүйелеу және қатаң бақылау нәтижесінде атқарылған әрбір іс-шара бойынша облыс әкімі аппаратына уақытылы және сапалы есеп беріп отыру.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен бұл ведомствоаралық комиссия отырысы – өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, мүліктік қылмыстар мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күресті жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Осы тұрғыдан алғанда, берілген тапсырмалардың сапалы орындалуы Түркістан облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірде тұрақтылық пен заң үстемдігін сақтауға зор үлес қосады
Жалпы, Созақ ауданының полиция бөлімі өздеріне жүктелген тапсырмаларды аса жауапкершілікпен атқарып келеді. Жоғарыда айтылған криминогендік ахуалдан бөлек, «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Шараның негізгі мақсаты – көлік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, тасымалдау талаптарының сақталуын бақылау.
Шара барысында полиция қызметкерлері автокөлік құралдарын пайдалану тәртібін, жүргізушілердің заң талаптарын сақтауын және жол қауіпсіздігі ережелерінің орындалуын тексеруде.

