Созақ ауданында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тұрғындарға тікелей заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл ауқымды шараның басты мақсаты – тұрғындардың қордаланған құқықтық мәселелерін орнында шешуге жәрдемдесу, заңнама талаптары бойынша егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізу және азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара ашық байланысын нығайту болып табылады.
«Халық заңгері» акциясы аясында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауға ауданның жергілікті атқарушы органдарының, құқық қорғау және салалық мекемелерінің бірінші басшылары мен білікті заңгерлері қатысты. Ашық диалог алаңына арнайы қатысқан Серік Маманов – Созақ ауданы әкімінің орынбасары, Асылбек Сламбекұлы – Созақ ауданы прокурорының орынбасары, аудандық полиция бөлімінің, әділет органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері мен адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары және жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты. Сондықтан да бұл құрам тұрғындарға жан-жақты, әрі құқықтық, әрі әкімшілік тұрғыдан толыққанды кеңес алуға мүмкіндік берді.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған, шешімін таппай жүрген түрлі мәселелер бойынша мамандарға тікелей жүгініп, жеке кеңестер алды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың негізі жер және тұрғын үй мәселелері мен жер телімдерін заңдастыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану, тұрғын үй кезегіне тұру және баспана заңнамасы бойынша сұрақтар туындады. Білім беру және денсаулық сақтау бойынша мектептер мен балабақшаларға орналасу, медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша көмек алу, ауылдық жердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі жайында өрбіді. Сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру барысында пенсия, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек (ӘӘК) тағайындау және демеушілік көмектерге өтінім беру тәртібі жайын қозғады. Ал, құқық қорғау және сот орындау саласында несиелік қарыздар, сот орындаушылардың әрекеттері, алимент өндіру және заңсыз әрекеттерден қорғану тетіктері сөз болды.
«Мыңжылқы» мәдениет үйіне келген азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдаған сарапшылар мен мемлекеттік орган басшылары қолданыстағы заңнама аясында нақты түсіндірмелер берді. Құқықтық көмек көрсетудің негізгі нәтижелері бойынша біршама уақыттан бері бірнеше инстанцияға шағымданып жүрген тұрғындарға заңнамалық шешімдер залында дайын жауаптар берілді. Оны орнында шешу мүмкін болмаған күрделі мәселелер бойынша арыз-өтініштер ресми түрде тіркеліп, тиісті құзырлы органдарға бақылауға жолданды. Азаматтарға мемлекеттік электронды платформалар (e-Otinish және т.б.) арқылы өтініш беру тәртібі көрсетіліп, құқықтық бағыт-бағдар берілді.
Созақ ауданында өткен «Халық заңгері» акциясы – билік пен халық арасындағы ашық диалогты қалыптастырудың, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың айқын көрінісі болды. Әрине, мұндай акцияның қоғам үшін пайдасы орасан деуге саяды. Мәселен, тегін заңгерлік көмектің нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін білікті адвокаттар мен заңгерлердің тегін кеңесіне қол жеткізу мүмкіндігі туды. Құқықтық сауаттылықтарын арттыруда тұрғындар өз құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде тереңірек ұғына түсті және бюрократиялық кедергілерсіз, басшыларға тікелей сұрақ қойып, жауап алу халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырды. Шолаққорғандағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өткен «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы – Созақ ауданы тұрғындарының құқықтық мәселелерін шешуге, олардың заңдық сауаттылығын арттыруға бағытталған өте нәтижелі де тағылымды іс-шара болды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов пен аудан прокурорының орынбасары Асылбек Сламбекұлы бастаған жауапты азаматтардың бұл бастамасы алдағы уақытта да жүйелі түрде өз жалғасын табатын болады. Елімізде заң үстемдік құрып, азаматтарымыздың құқықтары қашан да берік қорғала беретініне сенім мол.

