Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани әлемінде ел жадында мәңгілікке сақталған, өз дәуірінің шындығын, ұлттың арман-мұратын жеткізіп, халықтың мұңы мен қуанышын жырына арқау еткен дара тұлғалар аз емес. Солардың қатарында киелі Теріскей өңірінің, Созақ ауданының мақтанышы, халық ақыны, дүлей айтыскер, жыршы-сырнайшы, мәдениет қайраткері Құлжабай Төлеуовтің орны ерекше. Ол – тек суырыпсалма ақын ғана емес, тұтас бір өңірдің мәдени өмірін өркендетуге, далалық өнерді сақтауға өлшеусіз үлес қосқан, ұлттық өнердің туын биік ұстаған бірегей азаматтарымыздың бірі.
Қазіргі таңда мемлекетіміздің мәдени саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында есімі ұмытыла бастаған өңірлік тұлғаларды, халық ақындары мен өлкетанушыларды дәріптеу – ұлттық кодты сақтаудың басты шарты болып табылады. Осы орайда Құлжабай Төлеуовтің шығармашылық мұрасы мен қоғамдық қызметін кеңінен зерделеудің маңызы зор.
Тағдыр талқысымен шыңдалған тұлғалық болмыс иесі Құлжабай Төлеуов 1911 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданына қарасты Қызылкөл ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы қазақ даласындағы аласапыран да қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Тағдырдың ауыр сынағына ерте ұшырап, жастайынан ата-анасынан айырылып, жетім қалған болашақ ақын Шымкент қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Осында жүріп төрт жылдық мектепті тәмамдап, алғашқы білім нәрімен сусындайды. Балалар үйінде өткен жылдар оның өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, қайсарлық пен төзімділікке, табандылыққа тәрбиеледі. Кейін туған жеріне, киелі Созақ даласына оралған Құлжабай ел ішіндегі сауатсыздықты жою ісіне белсене араласып, ауыл мектебінде еңбек етеді. Бұл кезең қазақ қоғамының қайта жаңғыру дәуірімен тұспа-тұс келіп, жас жігіттің қоғамдық-ағартушылық қызметке белсене араласуына кең жол ашты. Осыдан-ақ Құлжабай Төлеуовті тағдыр сынына морт сынбай, керісінше шыңдалған күрескер тұлға деп айта аламыз.
Мәдениет майданының шынайы жанашыры Құлжабай Төлеуовтің бүкіл саналы ғұмыры мәдениет саласымен тығыз байланысты болды. Ол Созақ аудандық мәдениет бөлімінің «Қызыл киіз үй» клубын басқарды. Кейін автоклуб меңгерушісі ретінде ауданның шалғай ауылдарын аралап, халыққа мәдени қызмет көрсетуді өмірлік міндетіне айналдырды.
Сол кезеңде мәдениет қызметкерлерінің жұмысы бүгінгідей заманауи техникасы бар замандағыдай оңай емес еді. Құмды дала, Бетпақдала мен Қаратаудың бөктеріндегі алыс қыстауларға, шопан ауылдарына жетіп, халыққа концерт ұйымдастыру, рухани азық беру үлкен қажыр-қайратты, жанкештілікті талап ететін. Құлжабай ақын осы міндеттің үдесінен шығып қана қоймай, мәдениеттің шынайы жанашыры ретінде танылды.
Ол барған жерде ән айтылып, күй шертіліп, жыр төгілетін. Ауыл адамдары ақынның келуін ерекше қуанышпен, сағынышпен күтетін. Өйткені Құлжабай тек өнер көрсетуші емес, халықтың мұңын тыңдайтын, қуанышын бөлісетін рухани серік, сырлас аға бола білді. Осы себепті де Құлжабай Төлеуовті мәдениет майданының нағыз жанашыры десек, еш қателеспейміз.
Халық өнерінен нәр алған ақын-сырнайшы Құлжабай Төлеуовтің ақындық өнері халық шығармашылығымен біте қайнасып жатты. Ол бала кезінен ел аузындағы аңыз-әңгімелерді, тарихи жырларды, термелер мен дастандарды тыңдап өсті. Әсіресе қазақтың атақты ақыны әрі жыршысы Нартай Бекежановтың өнеріне ерекше қызығып, оның сазды мектебін өзіне ұстаз ту етті.
Өнерге деген шексіз сүйіспеншілік Құлжабайды сырнайшылыққа алып келді. Ол қазан сырнайын шебер меңгеріп, ақындық пен орындаушылық өнерді қатар алып жүрді. Халық арасында «ақын-сырнайшы» атануы да сондықтан. Сырнай сүйемелімен айтылатын оның терме-толғаулары тыңдаушылардың жүрегіне тез жол тауып, ел арасында кең тарады. Оның шығармаларынан қазақы мінез, туған жерге деген сүйіспеншілік және елдік рух айқын сезіледі.
Айтыс өнерінің айтулы өкілі және қазақтың сөз өнеріндегі ең күрделі әрі қасиетті жанрлардың бірі – айтыс. Құлжабай Төлеуов осы өнердің де шебер өкілдерінің қатарынан орын алды. Ол өз дәуірінің белгілі ақындарымен сөз сайысына түсіп, суырыпсалмалық қабілетін талай мәрте дәлелдеді. Көпбай Әлімбетұлы, Айнабек Нысанұлы, Мыңбай Сұлтанбеков, Желеу Жақыпұлы секілді ақындармен сөз жарыстырып, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Сонымен қатар Нартай Бекежанов, Орынбай Тайманов, Қазанғап Байболұлы сияқты өнер саңлақтарымен дезеңдес жүріп, халықтық өнердің дамуына үлкен үлес қосты.
Ақынның өнердегі басты белестері, 1970 жыыл — В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған республикалық айтысқа қатысып, шеберлігін танытты. 1972 жылы — Алматы қаласында өткен Жамбыл Жабаевтың 125 жылдығына арналған Республикалық айтыста өнер көрсетіп, әдеби орта тарапынан жоғары баға алды.
Құлжабайдың айтыстарында өткір ой, тапқырлық, шынайылық пен халықтық таным терең көрініс тапты. Ол қарсыласының осал тұсын дәл тауып, уәжді сөзбен жауап қайтаратын айтыскер ретінде танылды. Осы ретте, шығармашылық мұрасы «Үміттің өлімі» дастаны мен туған жер жырлары бүгінгі ұрпақ еншісіндегі қымбат дүние десек, артық айтқандық болмас. Құлжабай Төлеуов шығармаларының негізгі арқау болар тақырыбы – туған жер, ел тағдыры және адамгершілік құндылықтар. Оның жырларында Қаратаудың асқақ бейнесі, Созақ даласының кеңдігі, халықтың өмірі мен тұрмысы кеңінен суреттеледі. Ақын туған өлкесінің тарихын, ел басынан өткен ауыр кезеңдерді де назардан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе Созақ өңірінің қилы тағдырын, халықтың бастан кешкен қиыншылықтарын жыр жолдарына арқау етті.
Құлжабай Төлеуов шығармашылығында ерекше аталатын туындының бірі – «Үміттің өлімі» дастаны. Бұл шығарма адам тағдыры, өмірдің мәні, арман мен үміт туралы терең философиялық толғаныстарымен ерекшеленеді. Дастанда адамның ішкі жан дүниесі, тағдыр талқысы мен рухани ізденістері көркем тілмен бейнеленген. Шығарма оқырманын ойландырып қана қоймай, өмірдің қадірін бағалауға үндейді. Бұл туынды ақынның шығармашылық қуатын, көркемдік деңгейін және өмірлік танымының тереңдігін айқын көрсетеді.
Тағылымды өнеге және ұрпаққа аманат ретінде танылған тұлға Құлжабай Төлеуовтің халық мәдениетін дамыту жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, ол мәдени-ағарту саласындағы ұзақ жылғы адал қызметі үшін көптеген құрметті марапаттарға ие болды. Ел арасында беделі зор ақын өмірінің соңына дейін халықпен бірге болып, өнерге адал қызмет етті. Қорыта айтқанда, Құлжабай Төлеуұлы – халқының рухани мұрасын байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі. Оның өмір жолы мен атқарған қызметі кейінгі ұрпақ үшін тағылымға толы өнеге болып табылады. Елдің игілігі үшін аянбай еңбек етіп, халықтың мұң-мұқтажын терең түсіне білген азаматтың есімі мен өнегелі ғұмыры тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда әрдайым үлгі болып қала бермек.

