Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында ұлттық руханиятты өркендету, тарихи-мәдени мұрамызды жаңғырту, «Заң мен Тәртіп» және біртұтас тәрбие идеологиясын орнықтыру – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Ұлттық болмысымыз бен рухани тамырымыздан ажырамау – еліміздің кемел келешегінің кепілі. Түркі әлемінің рухани темірқазығы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі, оның хикметтеріндегі ізгілік, адалдық, еңбекқорлық пен бауырмалдық қағидаттары бүгінгі қоғамға, әсіресе өскелең жас ұрпаққа ең қажетті тәрбиелік құрал болып табылады» деп айтып келеді.
Кешегі күн Арыс қаласында Түркістан өңірінің рухани маржаны, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ағартушылық-танымдық семинары жоғары деңгейде өтті. Аталған ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өңірлік жоба аясында арнайы ұйымдастырылды.
Арыс шаһарында өткен бұл рухани-ағартушылық басқосу – бабалар аманатын ұлықтаудың, ұлттық сана-сезімді жаңғыртудың және жастарды асыл дініміз бен дәстүрлі құндылықтарымыздың сабақтастығында тәрбиелеудің жарқын дәлелі болды. Мәдениет үйінде өткен бұл танымдық жыйынға өңірдің белгілі ғалымдары, мемлекеттік орган өкілдері, теологтар мен қала жұртшылығы толық құрамда қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – Түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегіндегі ізгілік, софылық мораль, адалдық, ар-ұят, адал еңбек және адамгершілік қағидаттарын кеңінен насихаттау, жастарды теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру және ұлттық руханиятты нығайту болып табылады.
Жиында сөз алған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетатінің белгілі профессор-оқытушылары мен дінтанушы ғалымдары Ясауи ілімінің тарихи негіздері, хикметтеріндегі рухани құндылықтар, ұлттық сана мен салт-дәстүр сабақтастығы туралы терең мазмұнды баяндамалар жасап, Қожа Ахмет Ясауидің ислам дінін түркі халықтарының дүйім болмысына, әдет-ғұрпына лайықтап, ана тілінде (көне түркі тілінде) таратудағы феноменін баяндады. «Хикметтердің» халықты бірлікке, парасаттылыққа және сабырға шақырудағы тарихи рөлін саралады.
Сонымен қатар, бабамыздың шығармаларындағы «Көңіліңді таза ұста», «Нәпсіні тый», «Адал еңбек ет», «Үлкенді сыйла, кішіні қамқорла» сияқты адамгершілік догмалардың бүгінгі қоғам үшін өзектілігі айтылды. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері мен дүниетанымы Ясауи ілімімен біте қайнасып жатқаны, дәстүрлі исламның ұлттық кодың сақтаудағы негізгі діңгек екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Ясауидің гуманистік, бейбітшілік пен төзімділікті (толеранттылықты) ту еткен ілімі жастарды бөгде, радикалды теріс діни ағымдардан қорғаудың ең берік иммунитеті екендігі ерекше атап өтілді.
Семинар барысында Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев сөз сөйлеп, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған бұл жобаның Арыс жұртшылығы үшін, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін айтты.
Жиынға қатысқан жастар мен студенттер ғалымдарға, дінтанушыларға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, Ясауи танымы, сұпылық әдебиет пен тарихи деректер бойынша тұщымды жауаптар алды.
Кездесу соңында қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу, ұлттық руханиятты нығайту және жастардың дүниетанымын қалыптастыру жолындағы мұндай игі бастамалардың маңызы зор екенін бірауыздан атап өтті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл «Ясауи керуені» өңірдегі өзге де аудандарды аралап, руханият шырағын маздата бермек.

