Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу, ел үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар мен қызметтік борышын өтеу үстінде ерлік көрсеткен батырлардың есімін ұлықтау – өскелең ұрпақ тәрбиесінің басты діңгегі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің сөздерінде «Ел үмітін ақтаған азаматтар мен ел тыныштығы жолында жанын пида еткен батырларымыздың есімін ұлықтау – біздің азаматтық та, перзенттік те борышымыз» деп үнемі баса айтып келеді. Түркістан облысының тарихи-мәдени мұрасы бай, шежірелі өңірі – Созақ ауданында азаматтық пен патриотизмді ұштастырған ауқымды да тағылымды іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Осы орайда, Теріскей өңірінің Құмкент ауылында елге еңбегімен еленіп, халқына адал қызмет еткен қос бірдей азамат – «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Шерәліұлы Беркінбаев пен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Тайыр Шералиевті еске алуға арналған «Қос асылдың ізі» атты волейболдан республикалық турнир өтуде. Бұл шара спорттық бәсеке болумен қатар, аға буынның өнегелі өмір жолын жастарға үлгі ететін үлкен рухани-патриоттық жиынға айналды.
Тағылым мен тартысты ұштастырған бұл игі шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысты. Ертай Кенжебекұлы қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, елдің дамуы жолында аянбай еңбек еткен, туған жердің мерейін өсірген азаматтардың жарқын бейнесі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті. Өз сөзінде ол мұндай турнирлердің жастарға патриоттық тәрбие берудегі орны бөлек екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Теріскейден түлеп ұшқан қос тұлғаның өмір жолына кеңінен тоқталып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ел игілігі үшін атқарған өнегелі істері кейінгі буынға бұлтартпас үлгі екенін жеткізді. Аудан басшысы мұндай азаматтардың есімі мен еңбегі аудан шежіресінде алтын әріптермен жазылып қала беретінін айтты.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Қайрат Беркінбаевтың жары Ләйлә Сұлтанқызы және туған-туыстары өздерінің тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті. Сөйлеушілер қос азаматтың адамгершілік болмысы, биік парасаты мен елге сіңірген ерен еңбектерін ыстық ықыласпен әңгімелеп, олардың әрбір басқан қадамы өнегеге толы болғанын тілге тиек етті.
«Қос асылдың ізі»: Өнегелі өмір мен батырлық хроникасыБұл еске алу турнирі халық жадында өшпес із қалдырған екі ерекше тұлғаның құрметіне арналған. Біріншісі – Қайрат Шераліұлы Беркінбаев. Ол – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері. Ол өз өмірінде көптеген әлеуметтік және қайырымдылық жобалардың бастамашысы болды. Туған өлкесі Созақты ешқашан назардан тыс қалдырмай, Қызылкөл елді мекенінде М.Әуезов атындағы шағын жинақты мектептің жаңа, заманауи ғимаратын салдырды және «Қайрат» бөбекжай-балабақшасын ел игілігіне пайдалануға берді. Оның бұл меценанттық қадамдары бүгінде жүздеген ауыл баласының сапалы білім мен тәрбие алуына мүмкіндік беріп отыр.Екіншісі – Тайыр Шералиев.
Ол – қызметтік борышын адал атқару жолында ерлікпен қаза тапқан батыр полицей, полиция аға лейтенанты. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес барысында көрсеткен жанқиярлық ерлігі, қайсарлығы мен антқа адалдығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Тайырдың ерлігі – ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі үшін жанын қиюға дайын полиция қызметкерлерінің шынайы бейнесін танытады. Республикалық турнирдің барысы, спорттық бәсеке және танымдық шараларға тоқталсақ, волейболдан өтіп жатқан бұл республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен келген 9 кіп-кішкене емес, тәжірибелі де шебер, мықты команда қатысып, салауатты өмір салты мен жоғары шеберліктің жарқын үлгісін көрсетуде. Тартысты өткен ойындарда спортшылар командалық ауызбіршілік пен жеңіске деген жоғары ұмтылысын, спорттық шеберліктерін танытып жатыр. Әрбір ұпай үшін болған бәсеке көрермендердің де делебесін қоздырып, жанкүйерлердің ыстық қолдауына ие болуда.
Турнир аясында тек спорттық бәсекелер ғана емес, мазмұнды танымдық-тәрбиелік шаралар да кешенді түрде ұйымдастырылуда. Қайрат Беркінбаевтың туған жерге тартуы болған «Қайрат» бөбекжай-балабақшасында арнайы танымдық іс-шаралар, ашық сабақтар өткізілді. Шара қонақтары мен турнирге қатысушы спортшылар Қызылкөл ауылындағы Қайрат Шераліұлының тікелей бастамасымен салынған Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, оқу-тәрбие процесімен және материалдық-техникалық базасымен жақыннан танысты.
Бүгінгі таңда елімізде өскелең ұрпақты туған жерін, Отанын сүюге тәрбиелеуде мұндай шаралардың атқаратын жүгі өте салмақты. «Қос асылдың ізі» турнирі жастарға еңбекқорлық пен батырлықтың, елге деген сүйіспеншілік пен адалдықтың шынайы мысалын ұсынады.
Спортпен шұғылдана отырып, жастар ел тарихын, ел ағаларының өнегелі істерін зерделейді. Қайрат Беркінбаев сияқты меценаттардан туған жерді көркейтуді үйренсе, Тайыр Шералиев сияқты батырлардан ел тыныштығын қорғаудағы қайсарлықты бойына сиіреді. Бұл – рухы биік, намысшыл, отаншыл жаңа буынды қалыптастырудың ең тиімді жолы.
«Қос асылдың ізі» республикалық волейбол турнирі – бұл жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – ерлік пен азаматтықтың, отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің терең мәнін ұғындыратын, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелейтін тағылымды мереке.
Ел үшін, халық игілігі үшін аянбай еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Беркінбаев пен ел тыныштығы мен заң үстемдігі жолында жанын қиған батыр полицей Тайыр Шералиевтің жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мен атқарған игі істері Теріскей халқының және бүкіл алаш журтшылығының жүрегінде мәңгілікке сақталады. Сондай-ақ, бұл турнир алдағы жылдары да дәстүрлі түрде өтіп, жаңа таланттардың басын қосатын, өнеге мен тағылым тарататын рухани орталыққа айнала берері сөзсіз.

