Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік аппаратты цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, бюрократиядан арылу және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын халықаралық жоғары стандарттарға сәйкестендіру – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Еліміз соңғы жылдары электронды үкіметті (eGov) дамыту, биометриялық сәйкестендіру, жасанды интеллект пен заманауи терминалдарды енгізу бойынша Орталық Азияда ғана емес, ТМД мен халықаралық аренада көшбасшы орындардың бірін иеленіп келеді.
Осы орайда, Қазақстанның бұл саладағы жетістіктері мен жинақтаған озық тәжірибесі шетелдік серіктестердің үлкен қызығушылығын тудыруда. Жақында Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдік делегациясы және Грекия, Мажарстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан сияқты бірқатар шет елдердің мемлекеттік органдарының өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Қазақстанның инновациялық тәжірибесімен жақыннан танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының нысандарына арнайы сапармен келді.
Халықаралық сапар мен кездесу сындарлы диалог және кәсіби тәжірибе алмасу форматында өтті. Басқосу барысында тараптар көші-қон қызметтерін цифрландырудың заманауи алгоритмдерін, жеке тұлғаны сәйкестендіру мәселелерін, дербес деректерді қорғау мен заманауи мемлекеттік сервистерді дамытудың негізгі бағыттарын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ қонақтарға бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде табысты қолданылып жүрген цифрлық шешімдердің жұмыс істеу механизмі көрнекі түрде таныстырылды.
Сапар барысында делегация мүшелеріне Қазақстан азаматтары мен елімізге келетін шетелдіктер үшін маңызды болып табылатын құжаттарды – паспорттар мен жеке куәліктерді рәсімдеудің толық циклі көрсетілді. Мәселен, азаматтардың сұранысын қабылдаудың оңтайландырылған жолдары, цифрлық базалар арқылы ақпаратты жедел әрі қауіпсіз тексеру және әкімшілік кедергілерсіз, қысқа мерзімде құжатты иесіне табыстау процесі.
Сапардың ең қызықты да маңызды сәттерінің бірі – делегация мүшелерінің дербес құжаттандыру терминалының жұмысымен танысуы болды. Бұл терминал азаматтарға оператордың қатысуынсыз, жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өз бетінше беруге мүмкіндік береді. Халықаралық қонақтарға құжаттандыру терминалының жұмыс істеу тәртібі мен дербес деректердің қауіпсіздігі туралы толық ақпарат берілді. Шетелдік өкілдер бұл технологияның азаматтардың уақытын үнемдейтінін, адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоятынын және қызмет көрсету жылдамдығын бірнеше есе арттыратынын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев халықаралық серіктестіктің мемлекеттік қызметтерді дамытудағы рөлі туралы баса айтты: «Мемлекеттік қызметтерді жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, кәсіби әріптестікті нығайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Бұған дейін Корея Республикасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл құжат бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі кездесу халықаралық серіктестікті нығайтуға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіруге тағы бір маңызды қадам болады деп сенемін», – деді Арман Кенжегалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері мен Грекия, Мажарстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген делегация мүшелері Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Қатысушылар халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту, оларды оңтайландыру және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Қазақстанның цифрлық шешімдерінің халықаралық деңгейде танылуы – еліміздің инновациялық даму жолындағы сенімді қадамының айқын айғағы болып табылады. Бұл жүйелі жұмыс Шардара ауданында да оң жолға қойылған деуге болады. Әрине, әлі де болса жетілдіру жұмыстары мен жүйелі жобалар алдағы уақыттың еншісінде өңірде атқарылары сөзсіз. Аудан әкімі Арман Романұлы жергілікті тұрғындардың жасанды интеллект пен заманауи терминалдарды меңгеруге, аудандық аппаратты цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, бюрократиядан арылу және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын халықаралық жоғары стандарттарға сәйкестендіру бағытындағы атқарылатын жұмыстар бағытында міндеттелген стратегиялық басымдықтар жайында түсіндіру жұмыстарын оңтайлы іске асыруда.

