Қоғамның әл-ауқаты мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен заң үстемдігі мен жас ұрпақтың қауіпсіз ортада өсуімен өлшенеді. Қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелерді шешу, құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы суицидтік көңіл-күйді ауыздықтау – кезек күттірмейтін мемлекеттік міндет. Осы бағыттағы жұмыстарды сапалы жаңа деңгейге көтеру мақсатында ағымдағы жылы Түркістан облысы Сайрам ауданында «Айқын нәтиже» жобасы аясында ауқымды көшпелі кеңес өтті.
«Айқын нәтиже» — бұл Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үйлестіруімен іске асырылып жатқан құқық қорғау жобасы. Оның басты мақсаты – еліміздегі қылмыстардың алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және заңдылықты нығайту.
Жобаның негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтардың тиімді профилактикасына және қылмыстардың ашылуына кедергі келтіретін негізгі және ықпал етуші себептерін анықтап, оларды жоюға бағытталған практикалық шешімдер әзірлеу.
Пилоттық жобаның нәтижелері еліміздің басқа өңірлерінде де қолдануға болатын әмбебап жұмыс моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Түркістан облысы прокуратурасының тікелей үйлестіруімен және Сайрам ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен бұл жиын өзінің маңыздылығымен ерекшеленді. Кеңеске 300-ден астам адам қатысты. Бұл – тек шенеуніктердің жиыны емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді тікелей қолға алып отырған жауапты тұлғалардың басқосуы болды.
Жиынға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының директорлары мен мектеп психологтары, сондай-ақ іргелес жатқан 6 ауданның прокурорлары мен полиция органдарының басшылығы қатысты. Кеңестің негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу механизмін жетілдіру, заңдылықты нығайту және барлық ведомствоаралық құрылымдардың өзара іс-қимылын жаңа сапалы деңгейге көтеру.
Кеңес барысында «Айқын нәтиже» жобасының неліктен қолға алынғанын түсіндіретін ащы да болса шынайы статистикалық деректер ортаға салынды. Сандар жағдайдың тым күрделі екенін көрсетіп отыр. Мәселен, жалпы қылмыстылық деңгейі 10,7 пайызға өскен. Ауыр қылмыстар көрсеткіші бірден 112,5 пайызға артқан. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үш есеге немесе 300 пайызға өсуі – қоғам үшін үлкен қауіп.
Бұл мәліметтер қазіргі таңда қабылданып жатқан превентивтік шаралардың тиімсіздігін және жүйелі өзгерістердің қажеттілігін көрсетеді. Әсіресе, мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жиілеуі және кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерінің өсуі мәселенің өзегіне айналды. Суицид – бұл тек статистика емес, бұл әрбір ата-ананың, әрбір мұғалімнің және мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі. Көшпелі кеңесте суицид фактілерінің себептері жан-жақты талқыланды. Психологтар мен сарапшылардың пікірінше, балалардың өз-өзіне қол жұмсау себептеріне отбасындағы қарым-қатынастың бұзылуы, интернеттегі қауіпті контенттердің әсері, мектептегі буллинг және психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігі жатады.
Қазіргі мектеп психологтарының рөлі формальды сипатта қалып қойған. Олар оқушылардың ішкі жан-дүниесін зерделеудің орнына, қағазбастылықпен айналысып кеткен. Кеңес барысында психологтардың жұмыс жүктемесін азайту, оларды заманауи әдістемелермен қаруландыру және әрбір оқушының психологиялық портретін қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Тәуекел топтарына жататын балаларды анықтау ісінде кешігуге жол берілмейді.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты органдарға нақты міндеттер жүктелді. «Айқын нәтиже» жобасы аясында алдағы жұмыс мынадай басым бағыттар бойынша жүргізілетін болады. Біріншіден, профилактиканы күшейту — құқық қорғау органдары мен білім бөлімі арасындағы ақпарат алмасу жеделдетіледі. Әрбір «қолайсыз» отбасы мен тәуекел тобындағы бала прокурорлар мен инспекторлардың бақылауында болады. Екіншіден, психологиялық қызметті реформалау мен мектеп психологтарының есеп беру форматы өзгертіліп, олардың негізгі уақыты балалармен тікелей жұмыс жасауға жұмсалады. Үшіншіден, құқықтық мәдениет — оқушылар арасында заңды құрметтеу, қылмыстың жауапкершілігін түсіндіру бойынша лекциялар мен семинарлардың жиілігін арттыру. Төртіншіден, ата-аналардың жауапкершілігі: Баланы тәрбиелеудегі ата-ананың рөлін күшейту, отбасылық құндылықтарды насихаттау және ата-аналармен жұмыстың жаңа форматтарын енгізу.
Жоба аясында жергілікті әкімдіктер, полиция, прокуратура және басқа да мемлекеттік органдар ведомствоаралық іс-қимылды арттырып, бүгінгі күні алғаш рет Сайрам ауданында арнайы көшпелі жиын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Сайрам ауданында өткен бұл кеңес – мәселенің күрделілігін мойындап, оны шешуге батыл қадам жасалғанын білдіреді. «Айқын нәтиже» жобасы – бұл тек прокуратураның бастамасы емес, бұл барша қоғамның мүддесін көздейтін ортақ жұмыс. Жоғарыда аталған статистикалық өсімді бәсеңдету және болашақта нөлдік көрсеткішке қол жеткізу – барша сала мамандарының басты мақсаты.
Балаларымыздың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты байлығы. Сайрам жерінде басталған бұл үлкен іс-шара облыстың басқа аудандары үшін де үлгі боларлықтай нәтиже беруі тиіс. Біріккен күш, жүйелі талдау және нақты іс-әрекет арқылы ғана біз жас ұрпақтың тағдырына төнген қауіптің жолын кесе аламыз. Әрбір бала – өз елінің жарқын болашағы, ал сол болашақты қорғау – біздің адами әрі кәсіби парызымыз.

