Инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызы мен адамгершіліктің ең биік шыңы — өзгеге мейірім төгу, мұқтаж жанға қол ұшын созып, жүрек жылуын бөлісу. Кез келген өркениетті қоғамның даму деңгейі мен мәдениеті оның ерекше қажеттіліктері бар жандарға, әсіресе тағдырдың сынағына тап болған балаларға деген қарым-қатынасымен өлшенеді. Бүгінгі таңда елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыру, яғни мүмкіндігі шектеулі жандарды оқшауламай, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне толық жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.
Осы орайда, киелі Төлеби топырағында адам жанын тебірентетін, қоғамға ой тастайтын мазмұнды да қайырымды шара ұйымдастырылды. Төлеби ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың күндізгі қатынау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балаларға арналған «Жан жылуы — адамдықтың белгісі» атты ауқымды іс-шара өтті. Бұл кездесу жүректерге үміт ұялатып, қоғамдағы ізгілік құндылықтарын тағы бір мәрте асқақтатты.
Шараның негізгі мақсаты – қоғамда мейірімділік, жанашырлық, сыйластық пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеу, ерекше жандарға қолдау көрсету, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін насихаттау болып табылады. Ұйымдастырушылар осы ізгі мақсатқа жету жолында мынадай маңызды міндеттерді шешуді көздеді. Ең алдымен, қоғам мүшелері мен ерекше жандар арасындағы алшақтықты жою, ортада өзара сыйластық пен қамқорлық сезімін берік қалыптастыру. Мейірімділік пен ізгілікке тәрбиелеу бағытында қатысушыларды, әсіресе кешті тамашалауға келген жастарды қайырымдылыққа, бауырмалдыққа және адамгершілікке баулу. Қабілеттерді таныту барысында, ерекше дарынды жандардың, орталық тәрбиеленушілерінің шығармашылық, өнерпаздық қабілеттерін көпшілікке паш етуге мүмкіндік жасау. Өмірге деген сенімді арттыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандардың ішкі потенциалын ояту арқылы олардың болашаққа, өз күшіне деген сенімін бекемдеу және қоғаммен байланысын нығайту.
Мерекелік шараның барысы, шығармашылық пен жүрек лүпілімен басымдыққа алынып, «Жан жылуы — адамдықтың белгісі» атты мерекелік кеш шынайы қуаныш пен мейірімділік атмосферасында өтті. Іс-шараның шымылдығы «18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың күндізгі қатынау орталығы» КММ тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары мен салған суреттерінің арнайы көрмесімен ашылды. Көрмеге қойылған әрбір туындыдан балалардың шексіз қиялы, еңбекқорлығы және өмірге деген ерекше құштарлығы байқалып тұрды. Келушілер ерекше бүлдіршіндердің талантына тәнті болып, жылы лебіздерін білдірді.
Шараның ресми бөлімінде Төлеби аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылығы мен орталық директоры сөз сөйлеп, мекеменің күнделікті тыныс-тіршілігіне тоқталды. Орталықта балалардың сауықтырылуы, психологиялық және педагогикалық қолдау алуы үшін барлық жағдай жасалғаны, алайда олар үшін ең бастысы — қоғамның жылы қабағы мен қолдауы екені баса айтты.
Кештің мәдени-концерттік бағдарламасы өте әсерлі өтті. Сахна төрне шыққан орталық тәрбиеленушілері өздерінің дайындаған тақпақтарын айтып, мың бұрала би биледі. Ерекше балалардың орындауындағы әндер залда отырған әрбір көрерменнің жүрегіне жетіп, көздеріне жас ұялатты. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сахнадағы еркіндігі мен өнерге деген талпынысы олардың физикалық шектеулерге қарамастан, рухани тұрғыдан өте бай және рухы биік екенін дәлелдеді. Жергілікті өнерпаздар да аянып қалмай, өздерінің әуезді әндерімен ерекше жандарға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер сыйлады.
Айта кетсек, «Салауатты сана» және отбасылық құндылықтар мен рухани қолдаудың тәрбиелік рөлі жайында қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды ізгілендіру мен рухани дамыту мақсатында «Салауатты сана» қалыптастыру идеясын үнемі алға тартып келеді. Санасы салауатты қоғам ешқашан өзінің әлсіз немесе ерекше мүшелерін тағдыр тәлкегіне тастап қоймайды. Дәл осындай қайырымдылық іс-шаралары қоғамды індеттей жайлаған рухани жұтаңдық, қатыгездік, бейжайлық, сондай-ақ жастар арасындағы лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік және зиянды әдеттер секілді келеңсіздіктерге қарсы тұратын басты рухани қорған болып табылады.
Біріншіден, жат қылықтардың алдын алу және сананы ізгілендіру мақсатында жастардың құмар ойындарға немесе пайдасыз әрекеттерге бой алдыруының негізгі себебі — өмірдің шынайы құндылықтарын түсінбеу және рухани бостық екенін ұғындыру. Бозбалалар мен бойжеткендер осындай ерекше жандармен өткен кездесулерге қатыса отырып, денсаулықтың қадірін, өмірдің мәнін түсінеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір үшін күресін, әрбір сәтке қуана білетін тазалығын көрген кез келген саналы азамат өз өміріне шүкіршілік етіп, жат әдеттерден аулақ болуға тырысады. Бұл — қоғамда «Адал азамат» қалыптастырудың нақты тетігі.
Екіншіден, ерекше бала өсіріп отырған отбасыларға рухани демеу ретінде мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың психологиялық жай-күйі, олардың қоғамнан оқшауланбауы өте маңызды мәселе. «Жан жылуы адамдықтың белгісі» шарасы — тек балаларға ғана емес, олардың отбасыларына да үлкен рухани серпін берді. Ата-аналар өздерінің қоғамда жалғыз емес екенін, мемлекет пен жергілікті жұртшылықтың олармен бірге екенін сезінді. Бұл отбасылық құндылықтарды нығайтуға, шаңырақтағы береке мен төзімділікті арттыруға тікелей септігін тигізеді.
Жалпы, орталықтың рөлі және мамандардың қажырлы еңбегі жайын сөз етсек, Төлеби аудандық «18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың күндізгі қатынау орталығы» КММ аудандағы инклюзивті ортаны дамытудың алтын діңгегі болып табылады. Мекемеде жұмыс істейтін арнайы педагогтар, психологтар, логопедтер мен емдік дене шынықтыру мамандары күнделікті өмірде үлкен ерлік жасап келеді. Олардың әрбір баланың тілін тауып, оның кішкентай болса да жетістігіне бірге қуануы — шынайы кәсібилік пен үлкен жүректіліктің белгісі.
Аталған іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы орталық ұжымы өздерінің тек оңалту жұмыстарымен ғана шектелмей, аудандағы қайырымдылық пен ізгілік идеяларының негізгі қозғаушы күші екенін тағы да дәлелдеді. Сценарийдің мазмұндылығы, балаларға көрсетілген ерекше құрмет пен жылылық кештің әрбір минутынан сезіліп тұрды.
Іс-шара соңында залда отырған халықтың, демеушілер мен ауыл ақсақалдарының атынан орталық тәрбиеленушілеріне үлкен қолдау көрсетілді. Жиналған қауым ерекше балалардың өнеріне тәнті болып, тік тұрып қол шапалақтады. Шараға қолдау көрсеткен жергілікті кәсіпкерлер мен жомарт жандар балаларға арнайы дайындалған дамытушы ойыншықтар, тәтті сыйлықтар мен оқу құралдарын тарту етті.
Кездесуге қатысқан ата-аналардың бірі өз толқынысын былай деп жеткізді: «Біздің балаларымыз үшін мұндай шаралардың орны бөлек. Олар залдағы халықтың қошеметін сезінгенде өздерін бақытты сезінеді, өмірге деген ынтасы оянады. Баламның жүзіндегі күлкіні көру — мен үшін үлкен бақыт. Ұйымдастырушыларға, бізге жан жылуын сыйлаған барша жандарға аналық алғысымды айтамын». Әрине, бұл сөздер іс-шараның өз мақсатына толық жеткенін, адамдар арасындағы өзара түсіністік пен жанашырлық көпірін нығайта түскенін айқын көрсетті.
Түйіндей келе айтпағымыз, Төлеби ауданында өткен «Жан жылуы — адамдықтың белгісі» атты іс-шара — аймақтың мәдени және әлеуметтік өміріндегі өте маңызды, адамгершілік айнасы іспетті оқиға болды. Мейірімділік пен жанашырлық бар жерде ешқандай кедергі үлкен қиындық тудыра алмайды. Бұл кеш әрбір адамның жүрегіне ізгілік ұрығын сеуіп, қоғамды бірлікке, бауырмалдыққа шақырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау — тек бір күнмен шектелмейтін, үздіксіз жалғаса беретін қасиетті міндет. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген Төлеби аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Күндізгі қатынау орталығының ұжымына, сондай-ақ жүрегінде жан жылуы бар барша ізгі жандарға алғыс білдіреміз.
Елімізде мейірімділік салтанат құрып, ерекше жандарымыздың өмірге деген сенімі мен асқақ армандары әрдайым орындала беріп, жан жылуымыз азаймасын дейміз.

