Жазғы демалыс кезеңінде балалардың уақытын тек қызықты өткізіп қана қоймай, олардың физикалық тұрғыдан шынығуына, тән сұлулығы мен жан сұлулығын қатар дамытуына жағдай жасау — заманауи педагогиканың басты міндеттерінің бірі. Спорттық ойындар мен командалық эстафеталар бала бойындағы жауапкершілік, өзара көмек, төзімділік пен жеңіске деген ұмтылыс сияқты маңызды қасиеттерді шыңдайды. Табиғаты көркем Төлеби өңірінде орналасқан «Төлеби нұры» жазғы сауықтыру лагері бұл бағытта нағыз шынығу мен достықтың ордасына айналып үлгерді.
Бүгін «Төлеби нұры» жазғы сауықтыру лагерінде бекітілген жоспарға сәйкес, балалардың денсаулығын нығайту мен спортқа деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеген ауқымды спартакиада ұйымдастырылды. Лагерьде демалып жатқан барлық топтар бұл спорттық думанға белсенді түрде қатысып, нағыз шеберлік пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетті. Жалпы саны 11 топ өзара бақ сынасып, спорттық жарыстарда өздерінің ептілігін, жылдамдығын және ең бастысы — ұйымшылдықтарын паш етті.
Ұзақ оқу жылынан кейін бала ағзасының физикалық белсенділігін арттыру, таза ауада шынықтыру және иммунитетті күшейту мен жасөспірімдер арасында спортпен шұғылданудың маңызын түсіндіру, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Әртүрлі мектептер мен өңірлерден келген балалардың басын қосып, олардың өзара тіл табысуына, дос болуына жағдай жасау және «Жалғыздың шаңы шықпас» демекші, балаларға жеңіске тек бірлескен, ұйымшыл еңбектің арқасында ғана жетуге болатынын ұғындыру лагерь тәрбиешілерінің жіті назарында.
Жарыс басталмас бұрын лагерьдің спорт алаңында барлық 11 топ сапқа тұрып, өздерінің ұрандары мен төсбелгілерін таныстырды. Көк аспан астында жалаулар желбіреп, балалардың қиқулаған дауыстары мен қолдау ұрандары бүкіл лагерь аумағын ерекше күйге бөледі.
Спартакиада бағдарламасы балалардың жас ерекшеліктеріне сай бірнеше күрделі әрі қызықты кезеңдерден құралды. Эстафеталық ойындар тек жылдам жүгіруді ғана емес, сонымен бірге допты дәл нысанаға алуды, кедергілерден қатесіз өтуді, қаппен секіруді және командалық үйлесімділікті талап етті. Тартысты өткен сайыстар екі үлкен санатқа бөлініп жүргізілді. Ұлдар мен қыздар өз алдына бөлек бақ сынасып, намыс үшін барын салды.
Спорттық сайыс өте жоғары деңгейде өтіп, тек жеңімпаздарға ғана емес, залдағы және алаңдағы барлық қатысушылар мен жанкүйерлерге ұмытылмас әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Күні бойы телефонға телміріп, әлеуметтік желілер мен пайдасыз онлайн ойындардың жетегінде кететін балалар лагерьдегі спорт алаңында шынайы адреналинді сезінді. Доп қуалап, жүгіріп, досымен бірге жеңіске ұмтылған бала виртуалды әлемді толықтай ұмытады. Бұл олардың психикалық саулығын қалпына келтіруге тікелей әсер етеді.
Құмар ойындардың құрығына көбіне бос уақыты көп, өмірде нақты мақсаты немесе қызығушылығы жоқ жастар түседі. Лагерьдегі осындай тартысты спартакиадалар баланың бойында бәсекелестік қабілетті оятып, табысқа жеңіл жолмен емес, маңдай термен, еңбекпен жету керек екенін ұғындырады.
Спорт — ең алдымен ережеге бағыну. Жарыс барысында төрешілердің шешіміне бағыну, қарсыласты сыйлау, ойын тәртібін бұзбау — баланың санасында құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Тәртіпке бағынған бала болашақта қоғамда да заң бұзушылыққа бармайды.
Спартакиаданың соңғы нүктесі салтанатты марапаттау рәсімімен қойылды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан және жүлделі орындардан көрінген командалар сахна төріне шақырылып, оларға лагерь әкімшілігі атынан арнайы дипломдар, мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Балалардың қуанышында шек болмады, олар өздерінің еңбектерінің жанғанын көріп, мақтаныш сезіміне бөленді. Төлеби ауданының білім бөлімі де балалардың демалысын осындай мазмұнды, денсаулыққа пайдалы шаралармен толтырып отырған «Төлеби нұры» лагерінің ұжымына өз ризашылығын білдіреді. Жазғы маусым аяқталғанша лагерьде әлі талай осындай танымдық, спорттық және мәдени жобалар жүзеге асырылмақ

