«Дені сау ұлт — қуатты мемлекеттің негізі, ал сергек жастар — жарқын болашақтың бастауы!» демекші, қазіргі таңда бұқаралық спортты дамыту, оны жастардың күнделікті өмір салтына айналдыру — мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі болып табылады. Спорт тек тән сұлулығы мен денсаулықты нығайтып қоймайды, ол адамды тәртіпке, ұйымшылдыққа, қиындықтарға қарсы тұруға және командалық рухты сезінуге тәрбиелейді. Аптаның алғашқы күнін қалай бастасаң, бүкіл жұмыс немесе оқу аптасы дәл солай өтетіні белгілі. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде жастардың белсенділігін арттыру мақсатында өте бірегей және тұрақты жоба қолға алынды.
Аудан және қала жастары мен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің басын қосатын «Дүйсенбілік спорт» атты апталық спорттық сайыстар кешені бүгінде нағыз дәстүрлі қозғалысқа айналып үлгерді. Бұл жоба жай ғана дене шынықтыру шарасы емес, аптаны белсенді әрі көтеріңкі көңіл-күймен бастауға арналған, жастардың басын біріктіретін үлкен әлеуметтік-спорттық платформа. Сайыстың мақсат-міндеттері, оның жастар өміріне тигізер әсері мен қоғамдық маңызының орасандығы кеңінен талданады.
«Дүйсенбілік спорт» жобасының идеясы мен мақсатына үңілсек, көп жағдайда «дүйсенбі» күні адамдар үшін ауыр, жұмысқа немесе оқуға бейімделу қиынға соғатын сәт ретінде қабылданады. «Ауыр күн» деген қатып қалған қағидатты бұзу мақсатында Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен белсенді жастар бірлесе отырып, аптаның алғашқы күнін спорттық қарқынмен бастауды қолға алды.
Аталмыш жобаның негізгі мақсаты салауатты өмір салтын тұрақты насихаттау мен жастар арасында зиянды әдеттерден (шылым шегу, вейптер, энергетикалық сусындар, есірткі заттары) аулақ болу мәдениетін қалыптастыру және спортты күнделікті әдетке айналдыру. Достық қарым-қатынасты нығайту мен түрлі салаларда жүрген аудан мен қала жастарының, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен ЖРО мамандарының бейресми жағдайда басын қосып, өзара байланысын арттыру.
Сонымен қатар, командалық рухты көтеру мен спорттық ойындар арқылы бірлесе жұмыс істеу, бір-біріне қолдау көрсету және ортақ мақсатқа жұмыла ұмтылу қасиеттерін шыңдау. Ал, психологиялық релаксация аясында жастарды күнделікті күйбең тіршіліктен, оқу мен жұмыстың күйзелісінен арылтып, эмоционалды тұрғыдан сергіту сияқты өзекті міндеттерді қамтиды.
Жалпы, спорттық сайыстардың форматы мен бағыттарына басымдық берсек, «Дүйсенбілік спорт» жобасы бірсарынды шара емес. Ол әр апта сайын жастардың қызығушылығына қарай түрлі спорт түрлерін қамтиды. Сайыстар әдетте таңертеңгілік уақытта немесе жұмыстан тыс кешкі уақытта аудандық, қалалық заманауи спорт кешендерінде, ашық аспан астындағы алаңдарда ұйымдастырылады.
Жоба аясында жиі өткізілетін спорт түрлерінің бірі мини-футбол. Бұл спорттың түрі жастар арасындағы ең танымал десекте болады. Мұнда жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен ауыл, мөлтек аудан жастарынан құралған командалар өзара тартысқа түседі. Футбол — тактика мен жылдамдықты, сондай-ақ ұжымдық түсіністікті талап ететін ойын.
Ал, волейбол ойыны — нағыз достық пен үйлесімділіктің алаңы. Ерлер мен қыздар арасында аралас командалар құрылып, допты ойынға қосу арқылы өзара мықтыны анықтайды. Стрит воркаут және үстел теннисі ойынына келер болсақ, жекелей және жұптық бәсекелерді жақсы көретін жастар үшін бұл бағыттар таптырмас мүмкіндік. Белтемірге тартылу, ептілік пен жылдамдыққа негізделген теннис ойындары қатысушылардың жеке шеберлігін шыңдайды. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері — арқан тартыс, ғасырлар қойнауынан жеткен асық ату ойындары жастардың бойындағы отаншылдық рухты ояту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында бұқаралық шаралардың соңы жиі арқан тартыс секілді білек күшін сынайтын бәсекелермен ұласады. Сондықтан да әрбір сайыс өте тартысты әрі қызықты өтеді. Алаңдағы қызу бәсекелестік ойын аяқталғаннан кейін жылы жүздесулер мен достық құшақтасуларға ұласып жатады. Төлеби ауданындағы Жастар ресурстық орталығы — жастар ісінің алтын діңгегі десек болады. Өйткені жоғарыда айтылып жатқан жобалардың басты ұйытқысы болып отырған Жастар ресурстық орталығының (ЖРО) қызметкерлері өздері де осы сайыстардың белсенді қатысушысы болып табылады. Олар тек ұйымдастырып қана қоймай, спорттық киімдерін киіп, жастармен бірге алаңға шығады. Мұның тәрбиелік және әлеуметтік мәні өте терең.
Көп жағдайда мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен қарапайым жастар арасында белгілі бір ресми шекара (барьер) сезіліп жатады. Ал спорт алаңы — барлық адамды теңестіретін орын. Мұнда ешқандай лауазым, атақ немесе мансап рөл атқармайды, тек шеберлік, тәртіп және өзара құрмет қана маңызды. Осының арқасында ЖРО қызметкерлері жастардың мұң-мұқтажын, ой-пікірін жақыннан түсінуге мүмкіндік алады. Ойын барысында немесе үзіліс сәттерінде жастар өздерінің жобаларымен бөліседі, ауыл немесе қала өміріндегі мәселелерді айтады, ал мамандар оларға бағыт-бағдар береді. Бұл — билік пен жастар арасындағы ашық диалогтың алтын көпірі.
Командалық рух және әлеуметтік мәселелердің алдын алудағы «Дүйсенбілік спорт» жобасының аясы кеңейген сайын, оның қоғамдық-әлеуметтік маңызы да арта түсуде. Қазіргі таңда жастар арасында белең алып бара жатқан бірнеше өзекті мәселелер бар, олар — лудомания (құмар ойындар), құқық бұзушылық, интернет-алаяқтық және нашақорлық. Спорт — осы кеселдердің барлығына қарсы тұра алатын ең қуатты балама күш.
Бүгінгі күннің өзектілігі лудоманияға қарсы соққы. Жастар виртуалды әлемдегі жалған адреналин мен құмарлықтың жетегінде кетпей, шынайы өмірде, спорт алаңында тер төгіп, нағыз жеңістің дәмін сезінеді. Бос уақытын спортқа арнаған баланың компьютерлік ойындар мен онлайн-бәстерге уақыты да, зауқы да қалмайды. Құқық бұзушылықтың алдын алуда достық пен тәртіп үстемдік құрған ортада өскен жас азамат ешқашан көше бұзақылығына немесе қылмысқа бармайды. Спорт адамды заңды, ережені және қарсыласты сыйлауға үйретеді. Салауатты өмір салтын ұстанған жастар — есірткі мен басқа да зиянды заттардың басты жауы. Олар өз ағзасының тазалығын, тән сұлулығын бағалай біледі. Сайыс барысында ақпараттық үгіт-насихат жұмыстары да қатар жүргізіліп, жастарға заңдық және медициналық кеңестер беріліп отырады. Бұл — спорт пен тәрбиенің тамаша үйлесімі.
«Дүйсенбілік спорт» турнирлерінің қорытындысы бойынша әр аптада немесе ай соңында ең үздік нәтиже көрсеткен, командалық ауызбіршілігімен ерекшеленген қатысушылар мен ұжымдар арнайы марапаттарға ие болады. Тіпті, аудандық және қалалық іріктеуден өткен ең мықты құрамалар облыстық деңгейдегі жарыстарға жолдама алып, өз өңірлерінің намысын қорғау мүмкіндігін иеленеді. Себебі, аталмыш жобаның болашақтағы даму бағыттары өте ауқымды.
Алдағы уақыттың еншісінде тек қала орталықтарында ғана емес, ең шалғай жатқан ауылдық округтердегі жастарды да осы қозғалысқа тарту. Жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында аулалардағы спорт алаңдарын, стрит воркаут зоналарын көптеп салу. Сондай-ақ, жарыс нәтижелерін, үздік ойыншылардың рейтингін әлеуметтік желілерде арнайы хэштегтер арқылы жариялап, жастар арасында челлендждер ұйымдастыру.
Қорытындылай келе аптаны «Дүйсенбілік спортпен» бастау — бұл жай ғана дағды емес, бұл — жаңа сипаттағы саналы қоғам қалыптастырудың тетігі. Төгілген әрбір тамшы тер, алаңдағы әрбір ортақ жеңіс жастарды бір-біріне жақындатып, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Жастар ресурстық орталығының қолдауымен өтіп жатқан бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жас буынның сергек те дені сау болып өсуіне үлкен үлес қоса беретініне сенім мол. Сайысқа қатысушы барша жастарға таусылмас қуат, алдағы додаларда толағай табыстар мен жарқын жеңістерге жетуге тілеулеспіз. Ендеше, аптамыз сергек, денсаулығымыз мықты, бірлігіміз бекем болып, спортпен бірге биік белестерді бағындыра берейік, жас достар дейміз.

