«Тәні саудың – жаны сау, ал жаны саудың – санасы сергек!» демекші, қазіргі таңда жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттерден аулақ ұстау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Спорт тек тән сұлулығы мен күшін арттырып қоймайды, ол адамды тәртіпке, табандылыққа және ішкі жауапкершілікке тәрбиелейді. Осы орайда, Түркістан облысы Төлеби ауданында жастардың спортқа деген құштарлығын арттыру және қоғамдық өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында өте ерекше шара ұйымдастырылды.
Аудан жастары арасында «TUR WORKOUT» жобасы аясында «Тәртіпке тартыл» атты белтемірге (турникке) тартылу сайысы жоғары деңгейде өтті. Бұл бәсеке жай ғана спорттық турнир емес, жастардың бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қазіргі заманның зауалдарына қарсы иммунитет құруға бағытталған ауқымды әлеуметтік-тәрбиелік жобаға айналды. Жарыс барысы, оның мақсат-міндеттері мен қоғамдық маңызы төмендегі мақалада кеңінен баяндалады.
«TUR WORKOUT» және «Тәртіпке тартыл» атты жеңіске жетелеген жоба Стрит воркаут (Street Workout) – соңғы жылдары қазақстандық жастар арасында ең танымал әрі қолжетімді спорт түрлерінің біріне айналды. Арнайы қымбат жабдықтарды қажет етпейтін, тек ауладағы белтемір мен өз дене салмағының күшіне сүйенетін бұл спорт түрі жасөспірімдерді салауаттылыққа баулудың ең тиімді құралы екені даусыз.
Төлеби ауданында өткен «Тәртіпке тартыл» сайысына ауданның әрбір ауылдық округінен, мектептері мен колледждерінен ең спортшы, ең қайсар жастар жиналды. Жарыс барысында қатысушылар белтемірге таза тартылу, белгілі бір уақыт ішіндегі элементтерді орындау және күштік жаттығулар (стритлифтинг элементтері) бойынша өзара бақ сынасты. Әрбір қатысушы өзінің айлап, жылдап жасаған дайындығын ортаға салып, темірдей төзімділігі мен шыңдалған шеберлігін көрсетті. Алаңдағы бәсекелестік өте жоғары болды, өйткені әрбір жас өз ауылының намысын қорғап, үздік атануға ұмтылды.
Әрине, жарыстың басты мұраты тек спорт емес, терең тәрбие екенінде ешкімнің таласы жоқ болар. Бұл турнирдің атауы айтып тұрғандай «Тәртіпке тартыл», басты мақсат тек мықтыны анықтау емес, жастар санасына маңызды құндылықтарды сіңіру болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі міндеттері салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды телефонға үңілуден, көшедегі бос жүрістен ажыратып, спорт алаңдарына тарту, құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті сезініп, заңды сыйлау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және әрбір іс-әрекетке жауапкершілікпен қарау міндетіне тәрбиелеу керектігіне басымдық берілген.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, яғни кешкі немесе түнгі уақыттағы бұзақылықтар мен қылмыстардың алдын алудың ең үздік жолы – жастардың энергиясын спортқа бағыттау мен лудоманиямен (құмар ойындармен) күресті және қазіргі таңда қоғамды жегідей жеп жатқан құмар ойындар мен онлайн-бәс тігудің (букмекерлік кеңселердің) зиянын түсіндіру, жастарды бұл батпақтан сақтандыру. Сондай-ақ, қаржылық алаяқтықтың алдын алу мен интернет кеңістігіндегі оңай олжа мен қаржылық пирамидалардың құрығына түсіп қалмау үшін жастардың сауаттылығын арттыру қажеттілігі бақылауда.
Жарыс алаңында тек спорттық төрешілер ғана емес, сонымен қатар жастар ісі жөніндегі мамандар, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де болды. Олар үзіліс сәттерінде жастармен ашық әңгімелесіп, қазіргі қоғамдағы қауіптер туралы ақпарат берді. Төлеби ауданында өткен бұл турнир тек жергілікті деңгеймен шектеліп қалмайды. Бұл – үлкен доданың бастамасы ғана. Жарыс қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен, төзімділігі мен күшімен оқ бойы озық шыққан қатысушылар арнайы марапаттарға ие болып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Енді бұл дарынды спортшылар Төлеби ауданының намысын облыс көлемінде қорғайтын болады. Аудандық кезеңде шыңдалған жастардың облыстық додада да топ жарарына сенім мол. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар, дипломдар мен медальдар табыс етілді. Алайда, ең басты марапат – жастардың бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, салауатты орта қалыптастыруы болды.
Қоғамның қолдауы мен болашаққа бағдар берген «TUR WORKOUT» жобасы аясында өткен бұл шара Төлеби ауданының жастары арасында үлкен серпіліс тудырды. Мұндай шаралар қоғамның, ата-аналардың және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының жемісі. Осы ретте, сайыстың сәтті өтуіне қарап, бірнеше маңызды мәселені, яғни спорт алаңдарын көбейту, ауылдық жерлерде воркаут алаңдарын көптеп салу қажет. Балалардың еркін барып, тегін айналысатын орындары неғұрлым көп болса, жат қылықтарға әуестік соғұрлым азаяды. Сондай-ақ, мұндай тәрбиелік мәні бар спорттық жарыстар бір реттік науқан емес, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жүйелі шараға айналуы тиіс. Ал, спорт пен құқықтық тәрбиені ұштастырған жобаларды әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттап, өзге жастарға үлгі ретінде көрсетудің маңыздылығы орасан.
Кешенді өткен спорттық тартысты қорытындылай келгенде,Төлеби ауданында «Тәртіпке тартыл» белтемірге тартылу сайысы – саналы, дені сау және заңды құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу жолындағы өте сәтті қадам болды. Сайыс жеңімпаздарын қол жеткізген табыстарымен шын жүректен құттықтап, облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын жас толағайларға алдағы жарыстарда тек қана жеңіс, толағай табыстар тілеп, тәртіпке тартылып, биік белестерді бағындыра беріңіздер, Төлебилік жастар демекпіз.

