Тарихтан тағылым алған ұрпақ — ел болашағы мен мемлекеттің ең басты байлығы лесек, оның тарихы, мәдениеті және осы құндылықтарды қастерлеп, келесі ұрпаққа аманаттайтын саналы азаматтары. Халқымыздың сан ғасырлық шежіресін жас буынның санасына сіңіру, оларды отаншылдыққа, ұлттық кодты сақтауға тәрбиелеу — бүгінгі күннің ең маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, түркі әлемінің рухани астанасы саналатын киелі Түркістан облысының жас тұрғындары үшін өз өлкесінің өткенін білу — үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік.
Осы орайда, Түркістан облысы білім басқармасының Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шара жас өлкетанушылар үшін нағыз тарихи мектепке айналды. «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қолға алынған «Облыс тарихы» тарихи-танымдық керуен-шеруі өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған, мазмұны бай әрі тағылымды бұл жобаға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан жиналған 10-12 жас аралығындағы 170 оқушы қатысты. Бұл сапар жас жеткіншектердің отансүйгіштік сезімін оятып, ел тарихына деген қызығушылығын жаңа деңгейге көтерді. Керуеннің басты мақсаты мен идеологиялық негізіне тоқталсақ, «Облыс тарихы» керуен-шеруі жай ғана саяхат немесе туристік маршрут емес. Бұл — жас ұрпақтың санасын ұлттық құндылықтармен байытуға бағытталған кешенді тәрбиелік жоба. Себебі, жобаның негізгі миссиясы, жас ұрпақтың туған өлкенің тарихы мен бай мәдени мұрасын терең танып-білуіне теңдессіз мүмкіндік жасау, бабалар қалдырған асыл қазыналар мен жәдігерлерге деген құрмет сезімін арттыру және «Адал азамат» тұжырымдамасына сай, бойында ұлттық намысы бар, елжандылық қасиеттері қалыптасқан тұлға тәрбиелеу.
Жалпы, 10-12 жас аралығы — баланың қоршаған ортаны белсенді танып, оған деген көзқарасы мен құндылықтар жүйесі қалыптасатын ең маңызды кезең. Дәл осы шақта оқушыларды кітаптағы құрғақ мәтінмен ғана емес, тарихтың тірі куәгері саналатын көне қалашықтар мен кесенелерге апарып, көзбен көрсетудің тәрбиелік мәні өте жоғары. Сондықтан да, бес күндік рухани сапардың шежіресінің қастерлі де, қасиетті құндылығы — бес күн бойы оқушылар облыстың ең маңызды тарихи-мәдени және рухани ошақтарын аралап, нағыз зерттеушілерше ізденді. Әр күн балалар үшін жаңалықтар мен аңызға толы ұмытылмас сәттерге ұласты.
Керуен-шерудің алғашқы күні қатысушылар үшін Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі мәдениет, ғылым және сауда орталығы болған көне Отырар өңіріне сапардан басталды. Оқушылар атақты Отырар қалашығының орнын аралап, оның бір кездері әлемдік өркениетке Әбу Насыр әл-Фараби сынды ұлы ойшылды сыйлаған ұлы мекен болғанын мақтанышпен сезінді. Мұнан соң балалар рухани толысу мақсатында Арыстан баб кесенесіне зиярат етті. Мұнда олар өңірдің бай рухани мұрасы, Арыстан бабтың сопылық ілімдегі орны мен Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы ретіндегі тарихи рөлі жөнінде құнды мағлұматтар алды.
Екінші күні жас өлкетанушылар Бәйдібек ауданының киелі орындарына жол тартты. Сапардың басты нысандарының бірі — халық арасында ерекше қасиетті саналып, аңызға айналған Ақмешіт әулие үңгірі болды. Үңгірдің ішкі ерекше микроклиматы мен оның пайда болу тарихы балалардың табиғат құбылыстарына деген қызығушылығын оятты. Одан кейін оқушылар қазақ халқының бірлігі мен даналығының символына айналған, ақылгөй аналарымыздың бірегейі — Домалақ ана кесенесіне барып, тәу етті. Бұл сапар оқушыларға отбасылық құндылықтарды, анаға деген құрметті және тарихтағы әйел затының ұлы рөлін түсінуге септігін тигізді. Керуеннің үшінші күні аңызы мен ақиқаты астасқан қасиетті Қазығұрт ауданына арналды. Балалар мұндағы тылсымға толы Ғайып Ерен Қырық Шілтен кешенін аралап, табиғат пен адам қолынан шыққан ескерткіштердің үйлесімін көрді.
Сапардың ең қызықты сәті — халық әндері мен дастандарына арқау болған, топан су кезінде Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған десетін «Қазығұрттың басында кеме қалған…» табиғи мұра ескерткішіне саяхат жасау болды. Бұл орындар балалардың халқымыздың ауыз әдебиетіне, аңыз-әфсаналары мен тарихи танымына деген ынтасын еселеп арттырды. Төртінші күні қатысушылар Түркістан қаласының өзіндегі рухани-мәдени және туристік нысандарды зерттеуге кірісті. Балалар алдымен ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына бет бұрды. Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, көне Күлтөбе қалашығы, сопылардың мекені болған Қылует жер асты медресесі мен орта ғасырлық ескі Түркістан моншасы оқушыларды орта ғасырлар дәуіріне саяхат жасатқандай әсер қалдырды.
Көне тарихпен танысқан соң, балалар Түркістанның бүгінгі заманауи, жаңарған келбетін тамашалады. Олар Қабылдау орталығы, «Ұлы дала елі» орталығы, Тұңғыш Президент саябағы мен ертегілер әлемін еске түсіретін ерекше сәулетті «Керуен сарай» туристік кешенін аралап, көне мен жаңаның керемет үндестігіне куә болды.
Керуен-шерудің соңғы күні тек қорытындылау емес, бес күн бойы жинаған білім мен көрген-білгенді ортаға салатын үлкен шығармашылық алаңға айналды. Ұйымдастырушылар балалардың логикалық ойлауын, топпен жұмыс істеу қабілетін және шығармашылық әлеуетін тексеру мақсатында екі үлкен сайыс өткізді.
Атап айтқанда, «Тарихқа саяхат» бейнерепортаж байқауы, әр ауданнан келген командалар өздері аралаған тарихи нысандар туралы бес күн бойы түсірген материалдарынан арнайы бейнероликтер мен шығармашылық репортаждар дайындады. Оқушылар өздерін нағыз журналист, тарихшы және зерттеуші ретінде көрсетіп, тарихи фактілерді қызықты жеткізе білді.
Ал, «Тарих білгірлері» интеллектуалдық QUIZ ойыны, бұл сайыста балалар сапар барысында гидтерден естіген, өздері оқып-білген мәліметтері бойынша сұрақтарға жауап берді. Тартысты өткен интеллектуалды дода оқушылардың есте сақтау қабілеті мен тарихи сауаттылығының өте жоғары екенін көрсетті.
Шараның жабылу салтанатында ерекше белсенділік танытқан қатысушылар мен озық шыққан үздік командалар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал керуен-шерудің әрбір қатысушысына осынау тарихи сапардың белгісі ретінде арнайы сертификаттар табысталды.
Тарқата келе айтпағымыз, рухани азық — жарқын болашаққа бастар жол саналған «Облыс тарихы» тарихи-танымдық керуен-шеруі өз мақсатына толық жетіп, 200-ге жуық оқушы бес күн ішінде тек географиялық саяхат жасап қана қойған жоқ, олар өздерінің рухани тамырларымен қауышты. Аталмыш жоба — жас ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлықтан, жат қылықтардан ада, әділ әрі адал азаматтық позицияны қалыптастырудың да жанама құралы. Өз тарихын қастерлейтін, бабалар ерлігі мен даналығынан сусындаған бала ешқашан теріс жолға түспейді.
Ия, керуен-шеру аяқталғанымен, оның балалар жүрегінде қалдырған ізі өшпейді. Мұндай тағылымды жобалар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне даңғыл жол аша бермек. Туған жердің тарихын ұлықтаған адал ұрпақ — мәңгілік еліміздің тірегі екенін естен шығармағанымыз абзал.

