«Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» — дамыған қоғамның қос діңгегі десек артық айтқандық емес. Неге десеңіз, кез келген өркениетті мемлекеттің басты белгісі — оның көшелерінің тазалығы, заңдарының мүлтіксіз орындалуы және қоғамдық тәртіптің жоғары деңгейде сақталуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты бүгінде ел дамуының негізгі бағдаршамына айналды. Бұл екі ұғым бірін-бірі толықтырып, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Тазалық бар жерде тәртіп, тәртіп бар жерде қауіпсіздік пен береке болары сөзсіз.
Осы маңызды мемлекеттік бағыттарды іс жүзінде іске асыру мақсатында Түркістан облысының киелі де қасиетті Қазығұрт ауданында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, қоғамдық орындардағы мәдениеттілікті арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында арнайы мобильді топтар құрылып, өздерінің пәрменді іс-әрекеттеріне кірісті. Бұл қадам аудан аумағында заң үстемдігін орнату мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды реформаның нақты көрінісі болып табылады.
Аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары мен белсенді қоғам өкілдерінің қатысуымен құрылған арнайы мобильді топтың басты міндеті — қоғамдық орындардағы тәртіпсіздіктер мен тазалық талаптарының бұзылуын дер кезінде анықтау және оларға құқықтық баға беру.
Мобильді топтың қатысуымен халық көп шоғырланатын, тұрғындар мен қонақтардың демалыс орындарына айналған келесі аумақтарда тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аудан орталығы мен ауылдық округтердегі орталық саябақтар мен гүлзарлар мен тұрғындар демалатын өзен және бұлақ бойындағы жағалау аймақтары, көпшілік баратын ірі сауда және базар аумақтары және өзге де мәдени-қоғамдық, спорттық және халық көп шоғырланатын нысандар.
Қоғамдық қауіпсіздіктің алдын алуда атқарылып жатқан рейдтік жұмыстар тек күндізгі уақытта ғана емес, заң бұзушылықтар жиі орын алатын кешкі және түнгі уақыттарда да тоқтаусыз жүргізілуде. Бұл шаралар аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі таза ортада өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді.
Жүргізілген жүйелі жұмыстар мен мұқият аралау барысында мобильді топ өкілдері қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіп қағидаларын белден басқан 165 фактіні тіркеді. Бұл көрсеткіш өңірде әлі де болса экологиялық мәдениет пен құқықтық жауапкершілікті арттырудың өзекті екенін айқындап берді. Анықталған заң бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) нақты баптары бойынша жіктеліп, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Мәселен, қоғамдық орындарды ластау (ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы), яғни қоғамдық орындарға қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерді ластау және айналаға құрметсіздік таныту фактілері бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Рейд барысында бұл бап бойынша 102 тұлға анықталды. Олардың ішінде ескертулер мен нақты құқық бұзушылық деңгейіне байланысты 86 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бап негізінен саябақтарда шекілдеуік шағып, бөтелке мен қағаз қалдықтарын қалдырып кететін, сондай-ақ базар маңын бейберекет ластайтын азаматтарға қолданылды.
Сонымен қатар, тазалық және абаттандыру қағидаларын бұзу (ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы) бойынша қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын зақымдау және жеке немесе заңды тұлғалардың өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық сақтамауы бойынша 63 тұлға анықталды. Нәтижесінде 52 әкімшілік хаттама рәсімделді. Бұл санатқа өз дүкендері мен кәсіпкерлік нысандарының айналасын қоқыстан тазартпаған кәсіпкерлер мен құрылыс қалдықтарын бейберекет тастаған тұрғындар енді.
Жалпы, қаржылық жауапкершіліктің жүктемесіне жүгінер болсақ, жүргізілген тиімді әкімшілік шаралардың қорытындысы бойынша заң мен тәртіпті, тазалық ережелерін бұзған құқық бұзушыларға жалпы көлемі 11 937 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл қомақты сома — әрбір азаматтың өз әрекеті үшін материалдық тұрғыдан жауап беретіндігінің және заңның жазасыз қалмайтындығының айқын дәлелі.
Алдын алу және профилактика — басты стратегиясы мобильді топтың және жергілікті құқық қорғау органдарының басты мақсаты — тек айыппұл салып, жазалау емес. Ең басты мақсат — тұрғындардың санасына қоғамдық орындарда тазалықты сақтау мәдениетін сіңіру, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік, яғни нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру саясатын жүзеге асыру.
Осы бағытта рейдтік іс-шаралармен қатар ауқымды профилактикалық және түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Мобильді топ мүшелері тұрғындармен, әсіресе жастармен тікелей тілдесіп, келесі мәселелерді түсіндіруде. Тарқатып айтқанда, қоғамдық орындардағы ортақ мүлікті (орындықтарды, жарықшамдарды, қоқыс жәшіктерін) аялау және қорғау, қоршаған ортаны ластаудың экологиялық және денсаулыққа тигізетін зардаптары мен қайталанған заң бұзушылықтардың әкімшілік және қылмыстық салдарлары нақтыланды.
Тұрғындарға арнайы жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылып, әлеуметтік желілерде де тазалықты насихаттайтын медиа-контенттер жариялануда. Бұл жұмыстар өз кезегінде аудандағы құқықтық мәдениеттің өсуіне оң ықпал етуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, бұл — әрбір қазығұрттықтың, әрбір қазақстандықтың ортақ ісі болуымен қатар, қоғамдық қолдау және тұрғындардың жауапкершілігіде аса қажет. Әр адам өз ауласын, өз көшесін таза ұстап, заң бұзғандарды көргенде бейжай қарамаса ғана біз нағыз дамыған, қауіпсіз қоғам құра аламыз.
Қазығұрт ауданында басталған бұл серпінді қозғалыс жергілікті тұрғындар тарапынан да үлкен қолдауға ие болуда. Ауыл үлкендері мен белсенді жастар мобильді топтың жұмысына ризашылықтарын білдіріп, мұндай рейдтердің тұрақты болуын қолдап отыр. Түйіндей келе айтпағымыз, тұрақты жұмыс — жарқын болашақ кепілі демекші, Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» аясында құрылған мобильді топтың жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды. Аталған бағыттағы рейдтік және профилактикалық шаралар тұрақты, жүйелі түрде жалғастырылатын болады.
Өйткені, анықталған 165 факті мен салынған 11 миллион теңгеден астам айыппұл — заңның үстемдігі мен тазалықтың маңыздылығын ұғындыратын үлкен сабақ. Киелі Қазығұрт өлкесінің таза, қауіпсіз және үлгілі аймаққа айналуы жолындағы бұл қадамдар алдағы уақытта да өз жемісін бере бермек. Ендеше, тазалық пен тәртіпті өз өміріміздің басты қағидасына айналдырғанымыз абзал.

