Баспана – әрбір азаматтың тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімінің берік іргетасы, кез келген отбасының бақыт мекені екені шындық. Осы ретте, мемлекет тарапынан халықты қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан ауқымды реформалар мен мемлекеттік бағдарламалар бүгінде өз жемісін беруде. Әсіресе, еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында соңғы жылдары құрылыс саласы қарқын алып, мыңдаған отбасының көптен күткен армандары орындалып, қол жеткізгені ақиқатқа айналуда.
Жуырда Түркістан қаласында өте қуанышты әрі тарихи оқиға орын алды. Дәл осы күні шаһардағы, яғни облыс тұрғындарынан 512 отбасы, яғни 3 мыңнан астам адам жаңа пәтер кілттеріне ие болып, баспаналы атанды. Жаңа қоныстанушылардың арасында көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жандар мен әлеуметтік осал топқа жататын өзге де санаттағы мұқтаж азаматтар бар.
Түркістандық тұрғындардың толқынысты сәті мен шексіз қуанышын бөлісу үшін сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, өзінің жүрекжарды ақ тілегін жеткізді. Облыс басшысы мемлекеттің әлеуметтік бағыты әрқашан халықтың мүддесін қорғауға негізделгенін атап өтті: — «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етуді үнемі басты міндет ретінде белгілеп келеді. Осы тапсырмаларды жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Осының арқасында мыңдаған азаматтарымыздың тұрғын үй мәселесі өз шешімін табуда», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту динамикасына қатысты маңызды статистикалық мәліметтерді бөлісті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл санап ауқымын кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, облыс көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрған 3 564 азаматқа пәтер кілті табысталған және осы жылы өңір бойынша жалпы саны 2 292 пәтерді пайдалануға беріп, тұрғындарға үлестіру жоспарлануда екен.
Қоныс тойын тойлап, қуаныштан көздеріне жас алған отбасыларға пәтер кілттері қаланың заманауи сәулеттік талаптарына сай салынған «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен берілді. Бұл кешен тек әдемі сыртқы көрінісімен ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға барынша жайлы және қауіпсіз орта сыйлай алатын инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Бұл кешенде қоныс тойын тойлап жатқан әрбір отбасы үшін жаңа пәтер – тек төрт қабырға емес, балаларының жарқын болашағына жасалған үлкен қадам.Бұл жолғы баспана үлестіру шарасының басты ерекшелігі мен құқықтық жаңалығы – пәтерлердің мүлдем жаңа форматта, ашық әрі цифрлық жүйе арқылы берілуінде.
Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезектіліктің тазалығын жүргізу және дайын болған тұрғын үйлерді бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан (әкімдіктерден) алынып, тікелей «Отбасы банк» АҚ-ға берілген болатын. Түркістанда баспана кілтін алған 512 тұрғын – дәл осы жаңа тәртіп бойынша «Отбасы банк» платформасы арқылы автоматты түрде іріктеліп, жолдама алған еліміздегі алғашқы азаматтар. Демек, жаңа жүйенің енгізілуі қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Себебі бұл қадам, адами факторды толықтай жойып, кезекке тұру және пәтер бөлу процесін онлайн режимде, ашық бақылауға мүмкіндік береді, мұқтаждық мәртебесін мемлекеттік деректер базасымен автоматты түрде салыстыру арқылы кезектің заңсыз жылжуына жол бермейді және тұрғындар құжат жинау әурешілігінен арылып, барлық өтінімдер мен жолдамаларды электронды түрде ала алады. Түркістан облысындағы жаңа жүйе бойынша алғашқы пәтерлердің сәтті үлестірілуі бұл реформаның дұрыс бағытта басталғанын және алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де табысты қолданылатынын көрсетті. Әрине, Түркістанда өткен бұл шара тек 512 отбасының ғана емес, тұтас аймақ жұртшылығының рухын көтеріп, мемлекетке деген сенімін нығайта түсті. Шаһардың күн санап көркейіп, жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеруі – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жоғары екенін айғақтайды.
Қорыта айтқанда, Түркістандағы баспана тойы – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірдің, әлеуметтік жауапкершіліктің және Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы нақты істердің көрінісі. Бүгін өз шаңырақтарының есігін ашқан 3 мыңнан астам тұрғынның жаңа қоныстары құтты болып, ел дамуына өз үлестерін қоса беретініне сенім мол. Халық баспаналы болса – мемлекеттің іргесі берік, шаңырағы бекем болары сөзсіз.

