Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның өмірінің әрбір кезеңі, мінез-құлқының қалыптасуы, рухани болмысы мен жетістіктері тікелей бір ортамен байланысты. Ол орта — отбасы. Отбасы – адам өміріндегі ең жылы орын, жүрекке тыныштық сыйлайтын аяулы мекен. Ғасырлар бойы адамзат баласы түрлі өркениеттер мен әлеуметтік жүйелерді бастан өткерсе де, отбасынан асқан қасиетті, одан терең рухани институтты ойлап таба алған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның ішкі тұрақтылығы мен жасампаздығын арттыруда, «Адал азамат» және «Салауатты сана» тұжырымдамаларын ұлт санасына сіңіруде отбасы тәрбиесінің рөлі баға жетпес екенін үнемі атап өтеді. Өйткені, мемлекеттің беріктігі — әрбір шаңырақтың бүтіндігінен бастау алады.
Әр адамның бақыты – өз шаңырағындағы сыйластықтан, ата-ананың мейірімінен, бала күлкісінен бастау алады. Адам баласы сыртқы әлемде қандай лауазымға ие болмасын, қандай биік белестерді бағындырмасын, оның жанына шынайы тыныштық пен бақыт сыйлайтын жалғыз орын — өз үйінің босағасы. Күнделікті өмірдің қиындықтары мен жұмыс қарбаласынан шаршаған сәтте, адамды алға жетелейтін, оған қанат бітіретін де — отбасындағы жылылық.
Отбасы күні – тек мереке емес, жақындарымыздың қадірін тағы бір еске түсіретін ерекше күн. Қазіргі XXI ғасыр — ақпараттық технологиялардың, жоғары жылдамдықтар мен жаһандық бәсекелестіктің заманы. Адамдар уақытының көп бөлігін жұмысқа, мансап қуып, әлеуметтік желілер мен виртуалды әлемге арнап жатады. Осындай қарбалас тіршілікте біз кейде ең жақын жандарымызға — ата-анамызға, жарымызға, балаларымызға уақыт бөлуді ұмытып кетіп жатамыз. Дәл осы тұста Отбасы күні бізге өмірлік басымдықтарымызды қайта қарауға мүмкіндік беретін рухани аялдама іспетті. Бұл — қарбалас тіршілікте бірге өткізген әр сәттің, айтылған жылы сөздің, көрсетілген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін сезіндіретін күн. Бір ауыз жылы сөз, кешкі дастарқан басындағы ашық әңгіме, баланың сабағына немесе ойынына бөлінген санаулы минуттар — отбасының ішкі климатын мүлдем өзгерте алатын үлкен күшке ие. Жақындарымыздың тірісінде, қасымызда жүргенде қадірлей білу — әрбір саналы азаматтың парызы.
Берік отбасы – тәрбиелі ұрпақтың, саналы қоғамның және жарқын болашақтың негізі. Мемлекет тарихына көз жүгіртсек, кез келген қуатты империя мен дамыған мемлекеттің артында берік әлеуметтік институттар, соның ішінде мызғымас отбасылық құндылықтар тұрғанын көреміз. Қоғамды үлкен бір ағза деп алсақ, отбасы — оның әрбір жасушасы. Егер жасушалар сау әрі берік болса, бүкіл ағзаның, яғни қоғамның дамуы да салауатты бағытта өрбиді.
Мәселен, бала қоғамда өзін қалай ұстау керек, заң мен тәртіпті қалай сыйлау керек деген алғашқы түсініктерді мектептен немесе көшеден емес, ең алдымен отбасынан алады. Ұлттық тәрбие, ана тіліне деген махаббат, Отанды сүю қасиеттері бесік жырымен, әкенің үлгісімен дариды. Отбасында үлкенді сыйлап, ережелерге бағынып өскен бала ертеңгі күні қоғамда да заң бұзушылыққа бармайды. «Заң мен Тәртіп» қағидаты отбасылық тәртіптен басталады. Берік отбасында өскен балалар түрлі әлеуметтік ауытқулардан, жат ағымдардан, суицидтік немесе депрессиялық жағдайлардан аулақ болады. Өйткені оның артында әрқашан қолдайтын, түсінетін отбасылық бекінісі бар. Сондықтан, мемлекетіміздің болашағы тікелей бүгінгі жас отбасылардың беріктігіне байланысты. Әрбір саналы отбасы — Әділетті Қазақстанның іргетасына қойылған сапалы кірпіш.
Бүгінгі таңда қоғамда отбасы институтын сақтап қалу және дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, заманауи әлемнің сын-қатерлері де аз емес. Ажырасу көрсеткіштерінің жоғары болуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік — бүгінгі күннің өзекті түйткілдері. Бұл мәселелерді шешудің төте жолы — ұлттық отбасылық дәстүрлеріміз бен заманауи құндылықтарды өзара тең ұштастыра білу. Біздің бабаларымыз отбасын үлкен жауапкершілік деп білген. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақалдың астарында үлкен философия жатыр. Қазіргі таңда отбасындағы гендерлік теңдік, шешімдерді бірлесе қабылдау, бала тәрбиесіне әкенің де белсенді араласуы сияқты заманауи оң үрдістерді ұлттық сыйластық, үлкенді құрметтеу дәстүрлерімен байыта түсуіміз қажет. Сонда ғана біз заман талабына сай, ішкі мәдениеті жоғары, рухани тұрғыдан мықты отбасылық үлгіні қалыптастыра аламыз.
Бірлігі жарасқан әр шаңырақта махаббат, түсіністік, сыйластық пен бақыт салтанат құрсын. Отбасы күнінің басты миссиясы — адамдардың жүрегіне мейірім ұялату, бір-біріне деген ыстық ықыласты ояту. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөздің ақиқаттығы жылдар өткен сайын, заманауи қоғам дамыған сайын дәлелдене түсуде.

