Ұлттың саулығы — мемлекеттің басты байлығы. Бүгінгі таңда елімізде халықтың денсаулығын нығайту, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Салауатты сана» мен «Адал азамат» тұжырымдамаларын орнықтырудың төте жолы — спортты әрбір қазақстандықтың күнделікті әдетіне айналдыру екенін үнемі айтып келеді. Әсіресе, еліміздегі ең ірі, берекелі де көпұлтты аймақтардың бірі саналатын Сарыағаш ауданында бұл бағыттағы жұмыстар ерекше қарқын алған. Осы орайда, бейбітшілік пен ынтымақтың символы саналатын «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне орай Сарыағаш төрінде зор қуат пен жоғары рух сыйлаған ауқымды спорттық-мәдени шара болып өтті.
Сарыағаш ауданында ұйымдастырылған дәстүрлі бұқаралық жүгіру марафоны биыл мүлдем жаңа мазмұнда, «Достық марафоны» деген атаумен кең көлемде ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шараға 300-ден астам аудан тұрғыны қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді үлес қосты. Бұл марафон жай ғана спорттық жарыс емес, тұрғындардың ауызбіршілігін, бір мақсатқа жұмыла алу қасиетін паш еткен бірегей идеологиялық алаңға айналды.
Спорт — ұлтты, тілді, дінді бөлмейтін, адамзатты ортақ құндылықтарға біріктіретін ең ұлы күш. Сарыағаш ауданында өткен бұл марафон да дәл осы мақсатты көздеді. Марафон аудан тұрғындары мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырды. 1 мамыр — Бірлік күнімен үндескен бұл шара спорттың қоғамды ұйыстырушы рөлін айқын көрсетті.
Жарыстың ұйымдастырылу бағыты мен географиясы да ерекше таңдалды. Жүгіру бағыты Сарыағаш қаласының Самал mөлтек ауданында өтіп, жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрады. «Самал» мөлтек ауданы — қаланың ең серпінді дамып келе жатқан, инфрақұрылымы заманауи үлгіде жаңартылған, жасыл желекке толы көркем аймақтарының бірі. Марафонға қатысушылар үшін 4 шақырымдық бұл қашықтық таза ауада өздерінің физикалық дайындығын тексеруге, сондай-ақ мерекелік атмосфераны сезінуге таптырмас мүмкіндік болды. Бүкіл жүгіру трассасы бойында қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері тұрақты кезекшілікте тұрды.
Сарыағаштағы бұл бұқаралық жүгіру шарасының ең басты ерекшелігі мен жетістігі — оның шын мәніндегі халықтық сипатында болды. Аталған іс-шараға спортсүйер азаматтар, белсенді жастар мен әртүрлі жас санатындағы тұрғындар қатысты. Марафонға 18 жастан 60 жасқа дейінгі қатысушылар қамтылып, бұқаралық спортты дамытуға кеңінен мүмкіндік жасалды. Аудандық волонтерлік ұйымдардың өкілдері, колледж студенттері мен мектеп бітіруші түлектер өздерінің жастық жалыны мен жоғары жылдамдықтарын көрсетіп, марафонның алдыңғы шебінен көрінді. Мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер мен жеке кәсіпкерлер де күнделікті жұмыс қарбаласынан бір сәт серпіліп, мерекелік спорттық киіммен жарыс жолына шықты. 60 жасқа таяған, тіпті одан асқан зейнеткерлер мен спорт ардагерлері өздерінің төзімділігімен жастарға үлкен үлгі болды. Олар мәре сызығына дейін тоқтамай жүгіріп өтіп, нағыз ерік-жігердің үлгісін паш етті.
Сарыағаш ауданын мекендейтін түрлі этностардың өкілдері марафонға бір кісідей қатысып, бұл шараның достық пен бірлік идеясын ажарландыра түсті. Марафонға қатысқан тұрғындар тек өз денсаулықтарын жақсартып қана қоймай, көше бойында қолдау көрсетіп тұрған мыңдаған көрермендерге, әсіресе кішкентай балаларға үлкен мотивация сыйлады. Аудандық спорт бөлімінің мамандары атап өткендей, мұндай бұқаралық шаралардан кейін спорттық секциялар мен жүгіру үйірмелеріне жазылатын жастардың саны айтарлықтай артады. Бұқаралық спортты дамыту — кәсіби спорттың да негізі. Сарыағаш сияқты талантты жастарға толы өңірден болашақ Олимпиада және Әлем чемпиондарының шығуына дәл осындай қарапайым халықтық марафондар негіз қалайды.
4 шақырымдық қашықтықты артқа тастап, Самал мөлтек ауданының бас алаңына жеткен марафоншыларды жиналған халық зор қошеметпен, ұрандармен қарсы алды. Әрбір мәре сызығын қиған қатысушы өзін нағыз жеңімпаз сезінді, өйткені бұл жарыста ең басты жеңіс — өз еріншектігіңді жеңіп, мәреге жету еді.
Дегенмен, спорттың аты — спорт. Жарыс қорытындысы бойынша ең жоғары жылдамдық пен төзімділік көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялар бойынша анықталды. Салтанатты жабылу рәсімінде марафон қатысушыларына арнайы бағалы сыйлықтар, дипломдар мен медальдар табыс етілді.
Аудан тұрғындары осындай бұқаралық спорттық шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұруын сұрап, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Себебі, салауаттылық пен бірлік — қуатты Қазақстанның мызғымас тірегі!

