Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Құқықтық базада сөз бостандығы, цензураға жол бермеу және азаматтардың ақпарат алу мен тарату құқығы принциптерін толығырақ көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар, азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау тетіктері күшейтіледі. Бұл пікір білдіру бостандығы мен адамның конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Балаева Үкімет отырысында.
Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі жетекшілік ететін барлық салалардағы заңнамалар жаңартылмақ.
«Мәдениет, ақпарат, масс-медиа, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, сондай-ақ жастар және отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізу жоспарланып отыр», — деп хабарлады ведомство басшысы.
Бұл өзгерістер заңнаманы жаңа Конституция нормаларына сәйкес келтіру мақсатында жасалуда.

