Бүгін аудандық Мәдениет үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ордабасы аудандық филиалының кезекті Ⅸ есеп беру, сайлау конференциясы өтті.

Конференция жұмысына Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, ауыл округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, сала басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды Ордабасы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей ашып, жүргізді. Күн тәртібіне сәйкес аудандық ардагерлер ұйымының 2021–2025 жылдары атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалып, тексеру комиссиясының қорытындысы ұсынылды. Сонымен қатар жаңа құрамды сайлау, облыстық конференцияға делегаттар ұсыну мәселелері қаралды.
Конференция барысында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, ардагерлер ұйымдарының қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. Ол есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды оң бағалап, ардагерлер қозғалысын одан әрі дамыту, ұйым қызметін жүйелеу, әлеуметтік қолдау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы алдағы міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ, ардагерлердің қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтаудағы маңызына назар аударып, алдағы жұмыс бағыттары бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.
Конференцияда аудан әкімі Азат Оралбаев ауданның қоғамдық өмірінде ардагерлер ұйымының алатын орны ерекше екенін атап өтті. Аудан басшысы ардагерлердің ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге қосып отырған үлесі мен атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, алдағы кезеңде ардагерлер ұйымымен өзара ынтымақтастық жалғасын табатынын айтып, кеңес мүшелеріне жауапты жұмыстарына сәттілік тіледі.

Конференцияда күн тәртібіндегі барлық мәселелер ашық дауыс беру арқылы қабылданып, аудандық ардагерлер ұйымының алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі