Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы сұхбатында еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан тұста, «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың темірқазығына айналатынын қадап айтты. Президенттің пайымдауынша, кез келген реформаның табысты болуы қоғамдағы темірдей тәртіп пен заң үстемдігіне тікелей байланысты.
Заң мен тәртіп – қоғамдық келісімнің негізі
Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы үшін айрықша маңызды құндылықтарды атап өтті. Оның ішінде әділдік, заң мен тәртіп және еңбекқорлық бірінші кезекте тұруы тиіс. Президенттің айтуынша, біз жаһандық өзгерістер кезеңінде осы қағидаттарға негізделген нық қоғам құруымыз керек.
«Біз Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құқық қорғау органдарының алдындағы міндеттер
Сұхбат барысында Президент құқық қорғау органдарының азаматтардың құқығын қорғау мен заңсыздықтармен күрестегі рөліне тоқталды. Әсіресе, халықтың әлеуметтік игілігіне қол сұғатын алаяқтық әрекеттерге қатаң тосқауыл қою қажеттігін айтты.
Мысал ретінде, зейнетақы жинағын пайдалану барысында анықталған заңсыздықтарды келтірді:
Стоматологиялық қызмет желеуімен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтардың ісі әшкереленді.
Президент бұл мәселемен қазіргі таңда құқық қорғау органдары тікелей айналысып жатқанын және мұндай қылмыстарға кешірім болмайтынын мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа мәдениет
Президент заң мен тәртіптің сақталуын тек жазалаумен емес, қоғамдық сананың өзгеруімен де байланыстырады. Атап айтқанда:
Салық төлеу мәдениеті: Салықтан жалтару – заңды бұзу ғана емес, отаншылдықтың жоқтығы.
«Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі»,-деді Мемлекет басшысы.
Жемқорлыққа төзбеушілік: Салығын адал төлейтін азамат өз қаржысының алаяқтардың қалтасына кетпеуін талап ететін болады. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың ең төте жолы.
Сонымен қатар, жыл сайын еліміздің жолдарында мыңдаған тағдыр қиылып, қаншама отбасы орны толмас қазаға ұшырап жатады. Бұл жай ғана статистика емес, бұл — ұлттық қасірет. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Соңғы деректер оң өзгерістердің барын көрсеткенімен, түйткілді түйіндер әлі де аз емес.
Бүгінде Қазақстан жолдарындағы қозғалыс қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соңғы бес жылда автокөлік саны 1,7 миллионға артып, тек өткен жылдың өзінде қатарға 300 мың жаңа көлік қосылды. Оған қоса, еліміз арқылы өтетін 3 миллион транзиттік көлікті ескерсек, жолдарға түсетін жүктеменің қаншалықты ауыр екенін аңғару қиын емес. Көлік көбейген сайын, апат ықтималдығы да геометриялық прогрессиямен өсе түседі.
Ішкі істер министрлігі тарапынан жүргізілген жүйелі жұмыстар мен айыппұлдардың өсуі қоғамда түрлі пікірталас тудырғанымен, бұл шаралардың басты мақсаты — қазынаны толтыру емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Нақты нәтижелерге көз жүгіртсек, жол апаттарынан болатын өлім көрсеткіші 9,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, бақылау камералары мен инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жанданды, құқық бұзушылықтарды анықтау жүйесі автоматтандырылды.
Алайда, мәдениет пен жауапкершілікті сақтау «Полиция үшін емес, өміріңіз үшін» қажеттілігін ұғынған дұрыс. Өйткені, тек қатаң заңмен мәселе шешілмейді. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ең басты фактор — жүргізушінің санасы. Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген апаттар жол ережесін білмеуден емес, оны біле тұра елемеуден болады.
«Қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді».
Дамыған мемлекеттердегідей, бізге де жаңа концепция қажет: жүргізуші айыппұлдан қорыққандықтан емес, өзінің және өзгелердің өміріне жауапкершілікпен қарағандықтан ережені сақтауы тиіс. Жол қауіпсіздігін жаңа деңгейге шығару үшін заманауи технологияларға иек арту уақыт талабы.
Жасанды интеллект бағыты, көшелердегі көлік ағынын реттеу, қауіпті аймақтарды алдын ала болжау және ереже бұзушыларды қатесіз анықтау. Ал, интеллектуалды жолдар — көліктер тоқтаусыз жүретін, кептеліс пен апаттық жағдайларды азайтатын заманауи көшелер құрылысы.
Соңғы уақытта автобустардың қатысуымен болатын апаттардың жиілеуі бұл салаға ерекше назар аударуды қажет етеді. Жүргізушілердің біліктілігі мен техникалық жағдайды қатаң тексеру — басты міндет.
Жалпы, жолдағы қауіпсіздік — бұл тек полицияның немесе үкіметтің жұмысы емес. Бұл — әрбір азаматтың жауапкершілігі. Біз заманауи технологиялар мен қатаң бақылауды жүргізуші мәдениетімен ұштастырғанда ғана «жолдағы ажалды» ауыздықтай аламыз. Әрбір сақталған ереже — құтқарылған өмір екенін жадымызда сақтағанымыз абзал.
Сонымен қатар, биыл саяси тұрғыдан алғанда қандай жыл болмақ екенін білгіңіз келсе, Қасым-Жомарт Тоқаев: – Қазірдің өзінде нақты айта аламын: биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Мен конституциялық реформаға қатысты референдум өтетінін алдын ала айттым. Қазір сарапшылар тобымен бірге Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстарды қарап жатырмын. Жоспарланған өзгерістер өте көп, бәрі тұтаса келгенде жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасаймыз деуге болады,- деп атап өтті.
2026 жылы, тәубемен жеткен Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық мерейлі белеске жеткенін атап өтеміз. Осы тарихы тұңғиық, егеменді еліміздің еңсесі биік болуына жетелеген қастерлі де қасиетті жылымызды, Қазақстан Президенті: – Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетелдерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді,-деп бағасын берді.
Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар.
Түйіндей келгенде, Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» ұғымын жай ғана ұран емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салты болуы керектігін жеткізді. Құқық қорғау жүйесі мен қоғам бірлескенде ғана әділетті мемлекет құру мүмкін болмақ.
Озипа Алтаева
Республикалық “Aimagnews.kz” ақпараттық агенттігінің Бас редакторы
Түркістан Облысының Полиция Департаменті Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі Кеңестің мүшесі

