Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен кезекті лездемелік жиын – Мемлекет басшысының және Үкіметтің еңбек және әлеуметтік саясаттағы басымдықтарын, әсіресе «Әлеуметтік әділеттілік» қағидатын іске асырудың нақты көрсеткіші болды.
Түркістан қаласында алдағы мереке және демалыс күндері тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты назарда. Бүгін қала әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің қатысуымен өткен кезекті лездемелік мәжілісте осы мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.
Жиынға коммуналдық мекеме басшылары, сектор жетекшілері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, мереке кезіндегі қала тынысын реттеу жоспарларын бекітті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Шоқан Тоймахан баяндама жасады. Ол өз сөзінде мерекелік күндерге орай жоспарланған мәдени-көпшілік іс-шаралардың барысы мен қаланы безендіру, ақпараттық сүйемелдеу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— «Мерекелік көңіл-күй мен рухани мазмұнның сақталуы маңызды, бірақ кез келген іс-шара халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығына нұқсан келтірмеуі тиіс», — деп атап өтті ішеі саясат бөлімінің басшысы.
Мереке күндері адамдар көп шоғырланатын орындарда тәртіпті қатаңдату мәселесін Түркістан қалалық Полиция басқармасының өкілі Самат Құлбайымбетов көтерді. Оның айтуынша, мереке және демалыс күндері жеке құрам күшейтілген жұмыс режиміне көшеді, тәртіп сақшыларының патрульдеу бағыттары көбейтіледі және құқықбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қадағалау бойынша арнайы іс-шаралар жүргізіледі.
Жиынды қорытындылаған аппарат басшысы Қуаныш Әлібеков мереке күндері кез келген төтенше жағдайдың алдын алу үшін барлық саланың үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін қадап айтты.
Мәжілісте коммуналдық қызметтегілерге — қаланың инфрақұрылымында (жылу, су, жарық) ешқандай іркіліс болмауын және кезекші бригадалардың сақадай сай тұруын қамтамасыз ету, ал құқық қорғау органдарына — қоғамдық орындар мен саябақтардағы қауіпсіздікті жіті қадағалау, сектор жетекшілеріне — өз аумақтарындағы тазалық пен тәртіпті бақылауда ұстау тапсырмалары жүктелді.
«Біздің басты міндетіміз — әрбір азаматтың мерекелік демалысын алаңсыз өткізуіне жағдай жасау. Қауіпсіздік пен заңдылықтың сақталуында босаңсуға жол берілмейді», — деп Қуаныш Әлібеков мәжілісті қорытындылады.

