Бүгінде қала көшелері мен тұрғындардың көп шоғырланатын орындары қырағы көз бейнекамералармен қамтылған. Себебі қоғамның тәртібі мен адамдардың қауіпсіздігі маңызды болып отыр. Жыл сайын елімізде әртүрлі себепке толы адам өміріне қатысты оқиғалар орын алып, қайғылы тұсы көбеюде. Соның алдын алу мақсатында органдар тарапынан заң талаптары күшейіп, қатаң бақылау шаралары қолға алынуда.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласы тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйесін қарқынды түрде жаңарту және кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Жақында Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы маңызды мәселелер талқыланып, алдағы жоспарлар бекітілді. Ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда қала қауіпсіздігін цифрлық бақылау деңгейі айтарлықтай артқан. Ағымдағы жыл ішінде мынадай ауқымды жұмыстар атқарылған. Қала аумағындағы 200 бейнебақылау камерасы толығымен жаңартылып, олардың сапасы мен жұмыс тиімділігі арттырылды.
Қоғамдық орындарда, көшелерде және басқа да маңызды аймақтарда 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл шаралар қазірдің өзінде қала көшелеріндегі жедел бақылауды күшейтуге және құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік беруде. Жетістіктерге қарамастан, қала басшылығы бейнебақылау желісін одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отыр. 2026 жылға арналған нақты жоспарлар белгіленген. Мәселен, қосымша 275 жаңа бейнебақылау камерасын орнату көзделген.
Жаңа құрылғыларды орналастыру кезінде тиімділік пен қажеттілік қағидаттары басшылыққа алынады. Камералар, ең алдымен, келесі стратегиялық маңызды аймақтарға орнатылады, адамдар көп жиналатын аумақтар, яғни саябақтар, алаңдар, демалыс орындары. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер қозғалысы жоғары аймақтар үшін үлкен көшелердің қиылыстары, қоғамдық көлік аялдамаларына жақын аумақтар. Жарықтандыру деңгейі төмен учаскелер, қылмыстық оқиғалардың ықтималдығы жоғары болуы мүмкін көшелер мен аулалар.
Бұл стратегиялық орналастыру қылмыс жасалуы мүмкін жерлерді бақылауды күшейтуге және ықтимал қауіпті жағдайларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесін кеңейту Түркістан қаласы үшін бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді. Демек, тұрғындар мен қала қонақтары өздерін қауіпсіз сезінетін орта қалыптасады. Тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға және оларды дереу тіркеуге мүмкіндік береді.
Бейнебақылау – кез келген құқық бұзушыға жасалатын тиімді психологиялық тосқауыл. Тіркелген материалдар қылмыстық істерді ашуда айғақтық базаны қамтамасыз етеді. Мониторинг орталығы арқылы төтенше жағдайларға немесе құқық бұзушылықтарға құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету уақыты қысқарады.
Түркістан қаласының басшылығы бейнебақылау желісін дамыту арқылы қаланың цифрлық инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға жайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын ұсынуға баса мән беруде.

