Түркістан қаласы еліміздің жас таланттары бас қосқан айтулы мәдени шараға куә болды. «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен республикалық «ZANDY KÚLKІ» жайдарман (КВН) ойыны жоғары деңгейде өтті.
Бұл бастама жастардың шығармашылық белсенділігін, құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықтық мәселелер бойынша қоғамның белсенділігін көтеру, әділетті қоғам қалыптастыру сондай-ақ құқықтық мәдениетін өнер арқылы дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Мерекелік шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан, сондай-ақ Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев қатысты.
Ресми қызметкерлер командаларды құттықтап, жастардың шығармашылық бастамаларын қолдаудың және мәдени жобаларды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Олар жастардың құқықтық мәдениеті мен ой еркіндігін өнер арқылы дамытудың қазіргі қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді. Бұл ойын жас таланттарды танытуға, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және елде бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға зор үлес қосады.
Өз кезегінде Түркістан қаласының жастары «ZANDY KÚLKІ» ойынын тамашалауға көптеп келіп, «Заң мен тәртіп» жобасын насихаттауға атсалысты. Шараны Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ президенті, танымал жүргізуші Есентүгел Елеукеннің шебер жүргізуімен өтіп, кештің атмосферасы айрықша өрнектелді.
Биылғы жылы республиканың әр өңірінен іріктелген 12 үздік команда сахнада өнер көрсетті. Олардың арасында: «Жеңіс», «Q» құрамасы, «Меркістан», «Зертас» командасы, «Ату мини» командасы, «Сұрап алмадық» командасы, «Алма кю» құрамасы, «Абибас» құрамасы, «Абырой» құрамасы, «Джеки Шаңырақ», «Киров» құрамасы және «Эверест» құрамасы болды.
Әр команда өздерінің бірегей стилін, әзіл деңгейін, сахналық мәдениетін және шығармашылық ұстанымын ортаға салып, көрермендердің ықыласына бөленді. Олар тек әзіл-қалжыңмен ғана емес, сонымен бірге «Заң мен тәртіп» жобасының мақсатына сәйкес, құқықтық тақырыптарды да өзекті етіп көтере білді.
Ойын соңында қазылар алқасы әрбір команданың өнерін жан-жақты сараптады. Бағалаудың негізгі өлшемдеріне, әзілдің мазмұндылығы, тақырыптың өзектілігі, актерлік ойынның шеберлігі, сахналық мәнер және көрерменге жеткізу деңгейі кірді.
Қазылар команда мүшелерінің кәсібилікке ұмтылысы мен шығармашылық ерекшеліктерін жоғары бағалап, үздіктерді анықтады. Жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және өнер арқылы бірлік идеясын дәріптеуге бағытталған бұл республикалық дода өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының арнайы кубогі табысталды.
Сонымен қатар, олар ұйымдастырушылар белгілеген сыйлық қоры аясында марапатталды. Байқауға қатысқан барлық командаларға шығармашылық еңбектері үшін арнайы алғыс хаттар табысталып, жастардың өнерге деген құлшыныстары жоғары бағаланды.
«ZANDY KÚLKІ» жайдарман ойыны Түркістанның мәдени өміріне жаңа серпін беріп, жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыруға қоғамдық маңызы бар бастама ретінде есте қалды.

