Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керектігін» айтқан болатын. Осы ретте, 2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласында әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі және нәтижелі түрде жалғасып келеді. Қала әкімдігі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты назарда ұстауда.
Жыл басынан бергі кезеңде Түркістанда 1329 отбасы немесе 8442 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл көмек аз қамтылған отбасылардың қаржылық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған маңызды қолдау болып табылады.
Бүгінгі таңда қаладағы кедейлік деңгейі оң динамиканы көрсетіп, 3,5 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді. АӘК алушылар екі негізгі топқа бөлінген. Мәселен, шартты және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек алушылар деп. Шартты атаулы әлеуметтік көмек алушылар 843 отбасы, яғни 6028 адам. Бұл көмек, әдетте, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатысу шартымен беріледі. Ал, 486 отбасы, 2414 адам шартсыз атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген. Бұл топқа еңбекке қабілетсіз азаматтар немесе жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ отбасылар кіреді. Әлеуметтік саясатта 1-6 жас аралығындағы балаларға арналған қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ерекше орын алады. Биылғы жылы 1225 отбасының 2596 баласына тиісті төлемдер тағайындалып, олардың балалық шағын жақсартуға және отбасыларға қаржылық жүктемені жеңілдетуге көмек көрсетілді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында әлеуметтік көмектің негізі болып табылатын көрсеткіштер мынадай мөлшерде белгіленген, кедейшілік шегі — 38 776 теңге, күнкөріс деңгейі — 52 394 теңге.
Мемлекеттік қолдаудан бөлек, қаладағы демеушілік және қайырымдылық ұйымдарының рөлі де зор. Олардың қолдауымен 915 отбасыға қажетті әлеуметтік көмектер мен заттай көмектер көрсетілді. Бұл мемлекет пен азаматтық сектордың бірлескен жұмысының айқын көрінісі.
Қаланың әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – көпбалалы аналарды қолдау. Түркістан қаласында бүгінгі таңда 15 735 көпбалалы ана есепте тұр. Олардың арасындағы ерекше марапат иегерлері — «Алтын алқа» иегерлері 1098 ана, «Күміс алқа» иегерлері 2364 ана, «Батыр ана» атағы иегерлері 71 ана. Ал, I-II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар саны 92. 18 жасқа дейінгі төрт және одан көп баласы бар аналар қатары 12 110-ға жеткен.
Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін төлемдер мен жеңілдіктер олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайтуға және бала тәрбиесіндегі еңбегін бағалауға бағытталған.
Тарқатып айтар болсақ, Мемлекет басшысының айтуынша, жәрдемақы үшін елімізде ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылды. Осылайша Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келгенін атап өткен болатын.
«Кезінде біздегі әлеуметтік саланың жанашырлары «толық емес отбасы» деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді»,-деді Президент.
Осы ретте, Түркістан қаласында әлеуметтік қолдау жұмыстарында жауапкершілікке аса басымдық беріліп, яғни кешенді түрде жүргізіліп, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, кедейлік деңгейін төмендету және көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілуде.

