Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, тек мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың міндеті ғана емес, әрбір азамат олар үшін ыңғайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қоса алады. Бұл – тең мүмкіндіктері бар, әділетті және мейірімді қоғам құру жолындағы маңызды міндет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Президент бірнеше рет Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға инклюзивті қоғам қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын басымдыққа алған Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың толыққанды өмір сүруіне, қоғамға белсенді араласуына жағдай жасау мақсатында әлеуметтік қолдау жұмыстары жүйелі түрде және кешенді жүзеге асырылуда. Әлеуметтік қорғау шаралары биылғы жылы мыңдаған тұрғынға қажетті көмек пен қызметтерді ұсынуға мүмкіндік берді.
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың негізгі құралы – бұл Жеке оңалту бағдарламасы. Биылғы жылы Түркістанда мыңдаған тұрғынға арналған осындай жеке бағдарламалар әзірленіп, олардың әрқайсысы қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етілді. Жеке оңалту бағдарламасы аясында азаматтарға олардың жеке қажеттіліктеріне сай келетін түрлі оңалту құралдары ұсынылады. Атап айтқанда, қозғалу мүмкіндіктерін қалпына келтіруге арналған протездер, корсеттер және арнайы ортопедиялық аяқ киімдер. Есту және көру қабілеті бұзылған жандарға арналған арнайы құрылғылар (есту аппараттары, Брайль дисплейлері, дыбыс зорайтқыштар). Мүгедектер арбалары, балдақтар және басқа да қозғалысқа көмектесетін құралдар.
Денсаулықты қалпына келтіру және әлеуметтік қызметтер мүгедектігі бар тұрғындарды медициналық және әлеуметтік оңалтуға ерекше көңіл бөлінеді. Қала тұрғындарына, денсаулықтарын нығайту үшін жыл сайын тегін жолдамалар беріліп, демалыс орындарында емделу мүмкіндігі қарастырылған. Үйде әлеуметтік көмек көрсету, психологиялық қолдау және заңгерлік кеңестер сияқты әлеуметтік қызметтер қолжетімді болып отыр. Бұл қызметтер ерекше жандардың күнделікті өмірдегі қиындықтарын жеңуге көмектеседі. Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық өмірге толық араласуындағы ең маңызды фактор – бұл еркін қозғалыс. Түркістан қаласында бұл мәселені шешу үшін инватакси және әлеуметтік такси қызметтері тұрақты жұмыс істейді.
Бұл арнайы жабдықталған көлік қызметтері ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды медициналық, білім беру немесе әлеуметтік мекемелерге жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл қызметтердің тұрақты жұмыс істеуі ерекше жандардың үйлерінен тыс жердегі іс-шараларға қатысуына, жұмысқа баруына және қоғамдық орындарға еркін жетуіне кепілдік береді.
Түркістан қаласы әкімдігінің мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстары оң нәтиже беруде. Жеке оңалту бағдарламаларының сапалы әзірленуі, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету және арнайы көлік қызметтерін тұрақты ұсыну – мүгедектігі бар тұрғындардың құқықтарын қамтамасыз етудің және олардың қоғамдағы өмірін жақсартудың нақты көрінісі болып табылады. Қаладағы бұл жүйелі жұмыстар ерекше жандар үшін тең мүмкіндіктер кеңістігін құруға бағытталған.

