Қазақ боксының заманауи мектебі тағы бір айтулы белесті бағындырды. Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған Әлем чемпионатында университетіміздің студенті, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырдан көрінді.
Бұл жеңіс Сәкенді тек чемпион ғана емес, өз салмағындағы әлемнің абсолютті үздігі ретінде тағы бір мәрте мойындатты.
54 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сәкен Бибосынов турнир барысында ерекше тактикалық дайындық пен кәсіби шеберлік көрсетті. Оның соққыларының дәлдігі, рингтегі жылдамдығы мен қорғаныс шеберлігі көрермендерді де, мамандарды да тәнті етті.
Финалдық белдесуде ел қоржынына алғашқы алтынды салып, Қазақстан құрамасының көшбасшысы екенін дәлелдеді. Сәкеннің әрбір қимылынан оның жылдар бойы қалыптасқан тәжірибесі мен чемпиондық мінезі айқын байқалып тұрды.
Сәкен Бибосыновтың спорттық жолы — жас спортшылар үшін таптырмас үлгі. Оның жетістіктер тізімі көз сүйсіндіреді. Ол — Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының жеңімпаы және Азия чемпионатының алтын иегері. Көптеген халықаралық А класындағы турнирлердің жеңімпазы. Дубайдағы бұл жеңіс Сәкеннің кәсіби тұрғыда толысқанын және кез келген қиындықты жеңе алатын қажыр-қайратын көрсетті. Ол — спорттағы тұрақтылықтың символына айналған азамат.
Ахмет Ясауи университеті өз студентінің әлемдік деңгейдегі жеңісін зор мақтанышпен қабылдады. Университет қабырғасында білім ала жүріп, әлемдік аренада мемлекетіміздің Туын биікке көтеру — үлкен қажырлылықты талап етеді. Сәкеннің бұл жетістігі оқу ордамыздың және Түркістан қаласының спорт саласына, соның ішінде талантты жастарды қолдауға қосып жатқан үлесінің айқын жемісі.
Оқу орны ұжымы мен студенттер қауымы Сәкен Бибосыновты Қос дүркін Әлем чемпионы атануымен шын жүректен құттықтайды!
Сәкен Бибосынов: «Бұл жеңіс — маған сенім артқан халқымның, бапкерлерімнің және қолдау көрсеткен университетімнің арқасы. Қазақ боксының мерейін үстем ету — менің басты мақсатым».
Бүгінгі таңда Сәкен Бибосынов тек спортшы ғана емес, ел намысын арқалаған ұлт мақтанышы. Біз Сәкеннің алдағы жарыстарда да, соның ішінде келесі Олимпиада шыңдарында да биік белестерді бағындыратынына сенеміз.
Жеңісің құтты болсын, Сәкен! Қазақ елінің абыройы асқақтай берсін!

