Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарынан қазақ еліне сүйінші хабар жетті. Әлемдік деңгейдегі дүбірлі додада дзюдодан 73 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі — Қуандық Шадияр Серғалиұлы алтын тұғырдан көрініп, Сурдлимпиада Чемпионы атанды!
Бұл жеңіс — тек бір спортшының емес, бүкіл қазақ спортының, ұлттық рух пен қажымас қайраттың салтанат құруы.
Сурдлимпиада — есту қабілеті шектеулі жандар үшін әлемдегі ең жоғары деңгейдегі спорттық дода. Мұнда жеңіске жету үшін тек физикалық дайындық емес, темірдей төзім мен асқан сезімталдық қажет. Жарыс алаңында дыбыс емес, ым-ишара мен визуалды сигналдар (жарық шамдары) басты рөл атқарады.
Шадияр секілді саңлақтар үшін бұл жарыс — өмірдің кез келген кедергісін еңбекпен жеңуге болатынының тікелей дәлелі. Шадияр Серғалиұлының жеңісі — жүйелі білім мен тынымсыз жаттығудың жемісі. 2017 жылы ХҚТУ табалдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басты. 2021 жылы университетті ойдағыдай тәмамдап, кәсіби спорт пен білімді ұштастыра білді. Университет қабырғасында алған тәрбие мен «Түркістан рухы» спортшының бойына жеңіске деген нық сенім ұялатқаны анық. Бүгін ол сол сенімді әлемдік деңгейде ақтап шықты. Қуаныштың соңынан тағы да қуаныш. Неге десеңіз, дәл осы додада тағы бір мақтанышымыз, Ясауи университетінің түлегі — Айдарбек Тоқтарбек Жақыпбекұлы финалдық кезеңге өтіп, ел үмітін арқалап отыр. Екі түлектің бірдей әлемдік аренада топ жаруы — ХҚТУ спорт мектебінің деңгейін айқын көрсетеді.
Қуандық Шадиярдың алтыннан алқа тағып, көк байрағымызды Жапония аспанында желбіретуі — Ұлттық мерекелермен тұспа-тұс келуімен қатар, Түркістанға үлкен тарту болды.
«Жарайсыңдар, жігіттер! Біз сендермен мақтанамыз!» — бұл бүкіл университеттің, Түркістан жұртшылығының және барша қазақстандықтың ортақ тілегі.
Бұл жеңіс — Ясауи университетінің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып қана қоймай, жастарға үлкен мотивация береді. «Мүмкіндік шектеулі емес, ерік-жігер шексіз!» деген ұранды ту еткен Шадиярдың жолы көпке үлгі.
Қазақстан алға! Жеңісті күндеріміз көп болсын!

