Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлымен ағымдағы жылы атқарған жұмыстары мен жетістіктері жайында сұхбаттасқан едік.
Қадырболат Қабдырұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 03 наурызында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Қазіргі таңда мәртебелі Түркістан шаһарындағы ағымдағы жылға өткізіп отырған мәдени-шараларыңыз туралы ақпараттарыңызбен бөліссеңіз.
— Киелі де, тарихи, мәдениет ордасы Түркістанда күн сайын іс-шара өтеді десем де болады. Жалпы, жыл басынан бастап айтар болсам, Б.Саттархановтың 45 жылдығына арналған шара, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған концерттік бағдарлама, 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған мәдени-спорттық іс-шара және «Ән мен әнші» концерті, Республикалық «Тұран дала, әз Түркістан» атты ақындар айтысы, «Түркістан мәртебесі — Ел мерейі» атты Республикалық форумы,Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шарасы, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі, Жасанды көлдің ашылуы, Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналғанконцерттік бағдарлама, ҚР Конституция күніне орай қалалық Мәдениет үйінің ашылуы, Қолөнершілер қалашығының ашылуы, әнші-композитор Сауран Елеуовтың 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеші және қала күніне арналған мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Ал, алдағы уақытта өткізілетін шаралардың бірі — Жаңа жылдық мәдени шараларын қала халқының көңіліне қонымды болатындай етіп өткізуді ұйымдастыру жұмыстарын жоспарлаудамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» атағанынан хабарыңыз бар болар. Осы ретте, Президент тапсырмасын орындау мақсатында қандай шаралар өткіздіңіздер. Сонымен қатар, кәсіби мерекелерге байланысты, Түркістан тұрғындарына қандай көңіл-күй сыйладыңыздар?
— Өте орынды сауал. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында, «Еңбек ардагерлерінің даңқы арта берсін!» атты мәдени – демалыс шарасы, «Түркістан-Жарық-Тазалық» мекемесінің жұмысшы қызметкерлеріне концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, «Құрылысшылар күні» кәсіби мерекесіне орай «Құрылысшы – мәртебелі мамандық» құрылыс саласы қызметкерлеріне арналған сахналық көрініс өткізілді. Егер өзіңіз куә болам десеңіз, өткізілген шаралардың бәрі біздің және Түркістан қаласы әкімдігінің фейсбук, инстаграмм әлеуметтік парақшаларында міндетті түрде жарияланып отырады.
Сонымен қатар, қаламызға белгілі тұлғалармен: 14-Наурыз «Көрісу күні – Амал мерекесін» ел арасында тойлау дәстүрін қалыптастыру мақсатында, өңірдегі белгілі өнер саласындағы танымал өкілдері Елтай Бимағанбетов, Мұстафаева Ұлжан, Сержанова Раушан, Қиямбекова Тамара, Угулжан Халықбердиевалардың шаңырақтарына арнайы барып, көрісіп, жылдың бастауымен құттықтап, ән шашуларын арнап, сый-сыяпат көрсетілді.
21-мамыр Мәдениет және Өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара аясында көрермендерге жергілікті ақын, жазушы Елтай Бимаханбетұлының «Қырсық келін» драмалық пьесасы ұсынылды. «Бірлік» клубында «Ризамын, Түркістаным — Тұраным» Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлімен шығармашылық кездесу кеші өткізілді. Сондай-ақ, Конгерсс Холл көпсалалы кешенінде әнші-композитор Сауран Елеуовтың 70 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеші өткізілді.
Ал, қазыналы қарттармен жұмыс жүргізу мақсатында,1 қазан «Қарттар күніне» орай «Қазыналы қарттарым» атты өнер фестивалі өткізілді. Сонымен қатар, жастарды өнерге баулу мақсатында: «Жас толқын — 2025» эстрада әншілері байқауы, «Бабалар рухы үн қатты» облыстық дәстүрлі әнші, термешілер байқауы, «Барыс бала – 2025» атты эссе байқауы, «Тұран даласының күйшілер» байқауы«Сырлы би толқыны» қалалық бишілер байқауы, «Ел қорғау – нағыз ерлер ісі» атты салтанатты әскерге шығарып салу іс-шарасы, «Жастар нашақорлыққа қарсымыз» атты қалалық плакатқа сурет салу байқауы өткізілді!
Ұлттық тағылымдық шараларымыз шеттетіліп қалмай, керісінші Ұлттық отбасы құндылықтарын жастарға насихаттау мақсатында «Отбасы –ұлттың тірегі» облыстық байқауы өткізілді. Олимпиада чемпионы, Бекзат Сейілханұлы Саттархановтың 45 жылдығы аясында «Алыбы Елдің – Ер Бекзат» танымдық тағылымдық апталық іс-шарасының ашылуы болып өтті.
Қайырымдылық шараларыға тоқталсам, Әсел Бимырзаеваның авторлық жобасы «Армандар орындалады» қайырымдылық концерті, мүмкіндігі шектеулі балалардың арманын орындау мақсатында «Армандар орындалады» қайырымдылық жобасының 3 жылдығына арналаған шарасы мен «Жүректен жүрекке» атты мерекелік, қайырымдылық концерттік бағдарламасы өткізілді.
Түркістан қаласының тұрғындарымен, «Жасанды көл» саябағында жазғы ашық аспан астындағы «Түркістан әуендері» атты концерттік бағдарламасын, «Жібек жолы» саябағында ашық аспан астындағы «Түркістан әуендері» атты ГАЛА концерттік бағдарламасын, «Әнмен тербелген ғұмыр» композитор Шәмші Қалдақовтың 95 жылдығына арналған Түркістан қаласында тұрғындардың мәдени демалысын жандандыру мақсатында жазғы ашық аспан астындағы «Түркістан әуендері» атты ГАЛА концерттік бағдарламаларын өте ауқымды етіп өткіздік.
Қадырболат Қабдырұлы, Түркістан қаласы облыс орталығының астанасы болғалы түрлі іс-шаралардың өтіп жатқанынан хабардармыз. Әрине, бұл ретте Сіздің және өзіңіз басқарып отырған мекеменің үлесі үстем деуге болады. Себебі, кез келген шараның басы-қасында өздеріңіз жүресіздер. Енді, мұншалықты атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесінде бұл жеткен жетістіктеріңіз жайында әігімелеп берсеңіз?
— Ия, 2025 жылда халықтың игілігі үшін атқарған еңбектеріміздің нәтижесінде, жеткен жетістіктеріміз баршылық.
Келес ауданында өткен «Ұлы дала әуендері» атты облыстық фольклорлық ұлт-аспаптар ансамбльдер байқауында бас жүлде дипломымен марапатталдық. Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай композиторларға арналған «Кел досым, Шардараға» облыстық байқауда 1 орын дипломымен марапатталдық. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінда II орынды иелендік. Ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру мақсатында «Ауыл мәдеиеттің бастауы» облыстық байқауына 115 ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар қатысып, Түркістан қалалық «Бірлік» клубы I орынды жеңіп алды.
Киелі Түркістан шаһары – тек батырлар мен палуандардың ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой бәйгесінде де оза шапқан дарынды жастардың мекеніне айналуда. Соңғы жылдары қалада шахмат өнеріне деген қызығушылықтың артуы мен спорттық инфрақұрылымның дамуы өз нәтижесін бере бастады. Өткізілген спорттық шаралар мен жас толқын балаларға қандай қызмет көрсетудесіздер?
– Ия, қасиетті Түркістан топырағында шахматтан алтын, күміс, қола медальдар алып, чемпион атанып жатқан жастарымыз жетерлік. Мысалы, қаламыздың атын алысқа танытқан — зияткерлік спорттың жас саңлағы, Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының тәрбиеленушісі Нұрислам Сұлтанхан. Оның Моңғолияда өткен Азия чемпионатындағы жарқын жеңісі — қазақ шахмат мектебінің халықаралық аренадағы биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Моңғолиядағы ақыл-ой аламанында, 98 елдің ішінен суырылып шыққан дарын иесі жақында Моңғолия астанасында шахматтан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионаты өз ауқымымен және қатысушылардың деңгейімен ерекшеленді. Әлемнің 98 елінен жиналған ең үздік жас шахматшылар бақ сынаған бұл додада Нұрислам Сұлтанхан нағыз стратегиялық сауаттылық пен темірдей төзімділіктің үлгісін көрсетті.
Ең күрделі саналатын классикалық шахмат түрі бойынша Нұрислам әр партияда өзінің ерекше ойын өрнегін паш етті. Нәтижесінде, жекелей есепте — күміс медаль иегері атанып, құрлықтың ең үздік ойыншыларының қатарына енді. Ол командалық есепте — Қазақстан құрамасы сапында Алтын медальды иеленіп, Азия чемпионы атанды.
Ал, классикалық шахматтан облыстық чемпионатта Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының тәрбиеленушісі Амина Абдуғаппарованың топ жарып, І орынды иеленуін айтуға болады.
Турнирдің ең тартысты кезеңдерінің бірі — блиц (шапшаң шахмат) бағдарламасында Түркістанның тумасы Асылхан Әсия теңдессіз ойын өрнегін көрсетті. Әр секунд есептеулі, әр жүріс шешуші болатын бұл кезеңде Әсия өзінің суыққандылығымен және стратегиялық жылдамдығымен ерекшеленді.
Қарсыластарын бірінен соң бірін шаң қаптырған Әсия жеке есепте Азия чемпионы атанып, алтын медальді иеленді. Бұл жеңіс — тек спортшының ғана емес, бүкіл Қазақстан шахмат мектебінің халықаралық деңгейдегі биік беделінің айқын көрінісі.
Жарыстың ең күрделі әрі сабырлылықты қажет ететін түрі — классикалық шахматта Аманбек Диас өзінің интеллектуалдық әлеуетін паш етті. Көпсағаттық партиялар мен терең анализді қажет ететін бұл сында Диас күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, Диас командалық есепте де ерекше белсенділік танытып, Қазақстан құрамасының жүлдегерлер қатарынан көрінуіне зор үлес қосты. Бір турнирде әрі жеке, әрі командалық марапатқа ие болу — жас спортшының әмбебап шеберлігін көрсетеді.
Қадырболат Қабдырұлы, шахмат өнерін дамытып, ұл-қыздарымыз қанжығасына алтын байлап, Түркістанның атын әлемге танытуда екен. Әлі талай жемісті жетістіктер бұйырсын. Енді бұқаралық спортты дамыту аясында нендей жұмыстар мен жетістіктерді айта аласыз?
— Қазіргі таңда, Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында жыл басынан 159 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 34 851 адам қамтылды. Бөлім тарапынан 94 спорттық іс-шара өткізілді. Оның ішінде: Халықаралық – 8, Республикалық – 5, Облыстық – 6, қалалық – 36 спорттық іс-шаралар өткізілген.
Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубында 23 жаттықтырушы және 25 спорт нұсқаушы жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда клубта кіші футбол, стритбол, үлкен теннис, тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі спорт түрлеріне жаттықтырушлар жасөспірімдерді спортқа баулуда. Клубта жалпы 1350 оқушы спортпен шұғылданады.
Бөлім арқылы атқарылған ауқымды спорттық іс-шаралар туралы тарқатсам, Бокстан — Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған Республикалық ашық турнирі, футболдан — «TURAN CUP-2025» Халықаралық турнирі, кіші футболдан — «Әуесқой футбол лига» көктем-жаз маусым ойындары, жүгіру марафон — «Бірлік» жарысы марафоны өткізілді.
Сонымен қатар, енді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында, бокстан — Нәдірқұлов Кеңес Пәзілұлының VI Республикалық ашық турнирі, баскетболдан — қазақ жазушысы Саттар Асқарұлы Ерубаевты еске алуға арналған 40 халықаралық турнирі, үстел теннисінен — халықаралық клубтық чемпионаты, қазақ күресінен — жастар арасында «Дала қырандары» атты Республикалық турнирі, кіші футболдан – «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне орай, «ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГІ», Футболдан — Әуесқой командалар арасында ақтық кезең Түркістан облысының чемпионаты, Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алу турнирі, волейболдан — қыздар арасында Умаров Мамаш Умаровичті еске алу Республикалық ашық турнирі, бокстан — Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған 2012 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы XX Халықаралық турнирі және Түркістан қаласында дәстүрлі «Turkistan Marathon – 2025» Халықаралық жүгіру марафоны өтті.
Клубтың бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылған іс-шараларын айтар болсам, футболдан — Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ашық біріншілігі өтті. Жарыста 300-ге жуық спортшы қамтылды. Шахматтан — Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болуына орай 4-6, 7-8, 10-11 сынып оқушылары арасында қалалық біріншілік өтті. Зияткерлік ойынға 150-ге жуық жасөспірім қатысты. Ашық алаң ойындары — сәуір айынан бастап әр сектор бойынша асық ату, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, үздік сұрмерген, секіргішпен секіру т.б. ашық алаң ойындары бастау алып 650 жасөспірім спортшы қатысты.
Футболдан — жасөспірім оқушылары арасында футболдан топ аралық жарысы өтті. Жарысқа 22 команда (450 жас футболшы) қатысты. Футболдан — 15-маусым «Әкелер күні» мерекесіне орай командалық жарысы өтіп, жарысқа 5 команда қатысты.
Таңғы жаттығу — «1-маусым халықаралық Балалар» мерекесіне орай қала тұрғындарымен бұқаралық таңғы жаттығу өтіп, іс-шараға 1000-нан астам қызметкерлер мен спортшылар қатысты. Вело шеру — 26-маусым «Нашақорлық пен есірткеге қарсы күрес» күніне орай жасөспірімдер арасында вело шеру өтіп, 70-ке жуық тұрғынды біріктірді. Футболдан — Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Спорт күні мерекесі аясында, жасөспірім оқушылары арасында футболдан біріншілігі өтті. 8 команда 96 спортшы бақ сынады.
Спорттық сайыстар — «Домбыра» күніне орай баскетбол, ләңгі тебу, асық ату, футбол, белтемірге тартылудан спорттық сайыстар өткізілді. Жазғы ойындар — шілде айында «Балауса» лагерінде демалып жүрген 350 оқушы арасында, жазғы демалысқа арналған спорттық ойындар ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды. Стритболдан — Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, стритболдан U-12, U-14, U-16 жасөспірімдер арасында облыс ашық біріншілігі өтіп, турнирге 52 команда (260 жас баскетболшы) қатысты.
6 сектор — Бұқаралық спортты дамыту мақсатында секторда орналасқан ашық алаңдарда әр аптаның сейсенбі-бейсенбі күндері «Жазғы демалыс спортпен» атты ұранмен Түркістан қаласының ашық алаң ойындары өткізілді. 39 ашық алаң ойындары өтіп, 5000-ға жуық қала спортшылары қатысып, бұл спорт түрі бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Ал, ашық алаң ойындары — күзгі кезеңдегі ашық алаң ойындары қала тұрғындарын салауатты өмір салтын дәріптеп, белсенділікті серік еткен жандардың басын қосқан ерекше дода өтті. Баянауыл мөлтек ауданы, Нұрлы Жол көшесіндегі ашық алаңда өткен жарысқа 70-тен аса тұрғын қатысып, белсенділік танытты.
Сонымен қатар, көше баскетбол ойыны — қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында Түркістан қаласындағы «Streetball Open Air»(3х3 баскетбол ережесі) бойынша көше баскетбол ойындары өтуде. Жарыс баскетбол 3х3 ережесіне сәйкес өтеді. 12 этап тұратын ойындарға қатысқан үздік қатысушылар финалға жолдама алып, желтоқсан айының 4 жұлдызында бақ сынасады. Қазіргі таңға дейін 175 қала тұрғындары және қонақтары қаттысты. Сондай-ақ, спартакиада ойындары жайына тоқталса, студенттер арасында — 18-қыркүйек 30-қазан аралығында «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» аясында қаладағы арнаулы және орта білім беру ұйымдарының студенттері арасында дәстүрлі спартакиада ойындары өтті. Жалпы қатысушылар саны 355 студентті құрады.
Футболдан — 26-қазан айынан бастап 12-қараша аралығында Түркістан қаласында жасөспірімдер арасында ТURKESTAN-CUP халықаралық турнирі өтті. Турнирге I- ЭТАП 36 – команда, II – ЭТАП 24 – команда, III – ЭТАП 12 команда, жалпы 936 жас футболшы қатысты.
Қадырболат Қабдырұлы, сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рақмет. Алдағы уақытта да жемісті жетістіктерге қол жеткізе беріңіздер.

