Киелі Түркістан шаһары – тек батырлар мен палуандардың ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой бәйгесінде де оза шапқан дарынды жастардың мекені. Соңғы жылдары қалада шахмат өнеріне деген қызығушылықтың артуы мен спорттық инфрақұрылымның дамуы өз нәтижесін бере бастады. Соның айқын дәлелі ретінде жуырда өткен классикалық шахматтан облыстық чемпионатта Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының тәрбиеленушісі Амина Абдуғаппарованың топ жарып, І орынды иеленуін айтуға болады.
Жеңіске құрмет және салтанатты қабылдау аймақ намысын абыроймен қорғап, облыс чемпионы атанған жас таланттың жетістігі елеусіз қалған жоқ. Бүгін Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының директоры Нұрланәлі Сыздықов жас чемпион Амина Абдуғаппарованы, оның ата-анасын және жаттықтырушысы Алима Пашанованы арнайы қабылдады.
Бұл кездесу тек құттықтау ғана емес, сонымен қатар жас спортшының жетістігіне үлес қосқан жандарға көрсетілген зор құрметтің белгісі болды. Клуб директоры, Аминаның ата-анасына – бала тәрбиесіне және оның спорттық қабілетін ұштауға қосқан зор үлесі үшін және бапкері Алима Пашановаға – кәсіби шеберлігі мен жас талантты биік белеске дайындаудағы табанды еңбегі үшін алғыс білдіріп, арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.
Жүздесу барысында Нұрланәлі Сыздықов шахмат спортының өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, Аминаның жеңісін жоғары бағалады:
«Қазір қоғамға интеллектуал адамдар көбірек қажет. Ал шахмат — адамның ақыл-ойын дамытатын бірден-бір ойын. Біздің клубтың мақтанышы — еңбекқор, ізденімпаз жастар. Амина – солардың жарқын үлгісі. Ол шахмат арқылы ой-өрісін ғана емес, өз бойындағы табандылық пен төзімділікті де шыңдап келеді. Мұндай жеңістер — Түркістан спортының беделін арттырып, жас буынға шабыт сыйлайды.
Психологтар жиі шахматты есте сақтаудың тиімді жолы деп атайды. Ол сондай-ақ күрделі мәселелерді шешуге және түрлі идеяларды ойлауға мүмкіндік береді. Сондықтан да болар, дәрігерлер альцгеймер ауруымен күресу үшін науқасқа шахмат ойдауды ұсынады.
Көптеген адамдар шахматты табиғатынан жоғары интеллектке ие адамдарға арналған ойын деп есептейді. Бұл шын мәнінде шындық. Бірақ сіз де шахмат ойнау арқылы ойлау қабілетіңізді айтарлықтай жақсарта аласыз.
Сонымен қатар, зерттеу шахматтың мидың екі жартышарын белсендіретінін, шығармашылықты, концентрацияны, сыни ойлауды және оқу дағдыларын жетілдіретінін көрсетті», — деді клуб басшысы. Кездесуде тек өткен жарыс емес, сонымен қатар алдағы жоспарлар да сөз болды. Аминаның ендігі мақсаты — республикалық және халықаралық ареналарда бақ сынап, Түркістан мен Қазақстанның атын әлемге таныту. Клуб басшылығы жас спортшыны алдағы үлкен сайыстарға дайындау үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Өйткені, шахмат – сабыр мен стратегия мектебі. Классикалық шахматтан облыс чемпионы атану — үлкен еңбек пен темірдей төзімділікті қажет етеді. Аминаның бұл жетістігі Түркістандағы шахмат мектебінің деңгейі өсіп келе жатқанын, жасөспірімдер арасында бұл зияткерлік ойынның бұқаралық сипат алғанын көрсетеді. Шахмат баланың логикалық ойлауын дамытып қана қоймай, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Амина Абдуғаппарова өз ойын өрнегімен облыстың ең үздік шахматшыларының бірі екенін дәлелдеп, Түркістанның спорттық шежіресіне жаңа белес қосты. Жалпы, шахмат ойыны туралы мәліметке сүйенсек, алғашқы деректер парсы поэмасында да кездеседі. 570 жылға дейін бұл ойын туралы өзге мәлімет болмағандықтан, тарихшылардың көбі шахмат осы уақытта пайда болған деп есептейді. Шахматтың ең көне нұсқасы – үнділердің чатуранга ойыны. Оның тастары қазіргіден қарағанда өзгеше болған. Ал бүгінгі таңда қолданылып жүрген шахмат тастары XV ғасырдың аяғында пайда болды. Үнді халқы бұл ойынды VI ғасырда парсы патшасына сыйға тартады. Кейінірек, Араб елінде де тарала бастайды. Олар ойынды шатранж деп атаған. Уақыт өте бұл ойын дамып, қазіргі шахмат ойыны қалыптасты. ХІХ ғасырдың ортасында халықаралық жарыстар жүйесі пайда болды. Алдымен түрлі қалалар мен елдердің ең мықты шахматшылары арасындағы матчтар түрінде өтсе, кейіннен Халықаралық турнирлер түрінде өте бастады. 1886 жылы Вильгельм Штайниц матчта Иоганн Цукертортты жеңіп, шахматтан алғашқы әлем чемпионы атанды. Ал 1924 жылы Парижде Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) құрылды. Қазіргі таңда 189 ұлт өкілдері шахмат федерациясының мүшелігінде бар. Рейтингтік тізіміндегі шахматшылардың саны 300 мыңнан асады. Бірқатар елдерде шахмат мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілген. 1966 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның шешімімен 20 шілде бүкіл әлемде Халықаралық шахмат күні болып белгіленді. Себебі дәл осы күні шахмат федерациясы құрылып, жұмысын бастаған. Қорытындылай келе түйгеніміз, Түркістан спортының болашағы – Амина секілді талантты, білімді және намысшыл жастардың қолында. Облыс чемпионы атанған жас шахматшыны және оның тәлімгерлерін осы айтулы жеңісімен құттықтаймыз!
Аминаның қадамы құтты, алдағы республикалық додаларда жолы ашық болсын. Түркістанның зияткер жастары әлі талай биік белестерді бағындыратынына сеніміміз мол!

