Киелі Түркістан шаһары соңғы жылдары тек спорттың физикалық түрлерінен ғана емес, зияткерлік бәсекелерден де озық нәтижелер көрсетіп келеді. Осы қарқынды үдету және жас таланттардың шеберлігін халықаралық деңгейге шығару мақсатында қалада бес күнге созылған айрықша оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Шараның басты ерекшелігі — жас шахматшыларға дәріс беру үшін халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, белгілі маман Нұрлан Ибраевтың арнайы шақырылуы болды.
Бес күнге созылған оқу-жаттығу жиыны Түркістанның жас өрендері үшін нағыз білім мектебіне айналды. Халықаралық деңгейдегі кәсіби маманның келуі өңірдегі шахмат мектебінің әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам екені даусыз.
Жиын барысында жас спортшылар келесідей маңызды бағыттар бойынша білім алды. Атап айтұанда, тереңдетілген шеберлік сабақтары, яғни балалар мен жасөспірімдер шахмат тақтасындағы фигуралардың үйлесімі мен стратегиялық мақсаттарды түсінуді үйренді. Партияларды талдау, гроссмейстер қатысушылардың бұған дейін ойнаған турнирлік партияларын егжей-тегжейлі талдап, жіберілген қателіктер мен оларды түзету жолдарын көрсетіп берді. Күрделі комбинациялар бойынша, ойынның ең қиын сәттерінде қолданылатын тактикалық әдістер мен комбинациялық шешімдер жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, психологиялық дайындық — шахматтағы төзімділік, сабыр сақтау және қарсыластың жоспарын алдын ала оқу секілді нәзік тұстарға баса назар аударылды.
Шара барысында халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраев шахматтың тек ойын емес, тұлға қалыптастырушы үлкен мектеп екенін атап өтті.
«Шахмат – ақыл мен сабырдың мектебі. Бұл ойын адамды жүйелі ойлауға, жауапкершілік алуға және жеңілістен сабақ алуға үйретеді. Ал оны жас ұрпаққа үйрету – болашақты тәрбиелеумен тең. Түркістандағы балалардың көзінен от көріп тұрмын, олардың ынтасы өте жоғары.
Қазіргі кездің талабы барлығымыз үшін де жоғары. Себебі, бұл – бәсекелестік дәуірі. Алға озған қатарынан кім кем қалғысы келеді дейсің. Әсіресе, болашақтың тізгінін ұстайтын жігерлі жастар үшін. Сондықтан, зейінді де зерек ұл-қыздарымыз мектептегі білім бағдарламасынан бөлек қосымша мүмкіндіктерді игергісі келетіні түсінікті жайт. Бұл ретте шахматтың орнын бөлек санайтындар жетерлік. Келіп қатысушылардың қатары күн өткен сайын көбеймесе азаяр емес. Сондықтан, бар білерімді өскелең ұрпаққа үйретуден жалыққан емеспін.
Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі саналады. Ежелден жеткен аңыздарға сүйенсек, шахматты алғаш болып біздің заманымызға дейінгі мың жыл бұрын үндістандық математик ойлап тапқан деседі. «Шахмат» сөзінің мағынасы патша (шах) өлді (мат) дегенді білдіреді. «Ең әсерлі білім – сені жеңе алатын бәсекелеспен шахмат ойнау», – депті америкалық публицист Ричард Бах.
Шахматты аса ауқатты әрі табысты адамдардың ойнайтынан көріп, оның бір бекзат ойын екенін бірден аңғаруға болады. Біздің еліміздің де аты шахмат аламанында шаңда қалып жатқан жоқ. Қаншама қандастарымыз әлем назарын өздеріне аударып, тақтадағы ой айқасында оң нәтижелер көрсетіп жүр.
Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым». Бұл – кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросянның шахмат туралы сипаттамасы. «Тақта үстіндегі тартыс» арнайы жобасына қатысқан белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев ағамыздың жуырда математика адамның миын ретке келтірсе, шахмат миды тәртіпке келтіру үшін керек, – деген парасатты пайымын естідім.
Ғалым: «Шахматшы болу үшін математиканы білу керек деген бос сөз. Математиканы игеру бір бөлек, шахматты игеру екі бөлек», – дей келіп, екеуі де – терең ғылым деген тоқтам жасады. Сондықтан, мен қазіргі замандағы қазақтан шыққан мықты математик ғалымның пікірін қос қолыммен қолдай отырып, ата-аналарға ескерткім келетіні – қай елдің болмасын шахмат шеберіне жүгінсек те, олар балалардың бір-екі ойыннан соң жеңіс пен жеңіліс тек өзіне тікелей байланысты екенін түсініп, жинақтала бастайтынын ең бірінші алға тартады. Шахматтың балғындар үшін ең басты қажеттілігі – жастайынан нақты шешім қабылдап, әртүрлі оқиғаларды логикалық тұрғыдан бағалауына жәрдемдесетіндігінде.
Қаршадайынан қарапайым сұрақтарға да ересек адамдарша жауап беріп, саналы шешімдерге барады. Мамандар бір орында отыра алмайтын кішкентай балаларды шахмат ойнауға үйрету қиын соғуы мүмкін екенін айтады. Алайда, егер осы спорттың қызығына кіргізе алсаңыз, бала сабыр мен шыдамдылыққа үйренеді. Әсіресе, мектепке барғалы жүрген кішкентайларға тигізетін пайдасы зор. Бала әрбір ісін жоспарлап, болжам жасап үйренеді. Уақытты тиімді пайдалануға, алға қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі. Ұл-қыздардың мінез-құлқын тәрбиелеуге қиындау әрі іш пыстырарлық спорт түрі болғанына қарамастан, жеңіске деген жігер танытуға жаттықтырады.», – деді Нұрлан Ибраев. Гроссмейстер шахматты оқытудың заманауи және тиімді тәсілдерімен бөлісе отырып, әрбір жас шахматшының жеке ерекшеліктеріне сай кеңестер берді. Бұл кеңестер спортшылардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа тактикалық тәсілдерді меңгеруге көмектесті.
Оқу-жаттығу жиынына қатысқан әрбір жасөспірім үшін бұл шара үлкен мотивация болды. Кәсіби маманның қатысуымен өткен жекелей және топтық кездесулер балалардың өз күшіне деген сенімін нығайта түсті. Қатысушылар гроссмейстерден алған әрбір маңызды ақпаратты болашақ облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіске жету үшін қолдануға ниетті. Жиын соңында қатысушыларға арнайы алғыс хаттар табыс етіліп, естелік фотосуреттер түсірілді. Бұл сәттер жас спортшылардың жадында ұзақ уақыт сақталып, олардың кәсіби шыңдалуына жол ашатын маңызды оқиға ретінде қалмақ.
Қорытынды келе, Түркістан қаласында шахмат өнерін дамытуға бағытталған мұндай ауқымды шаралар өңірдегі интеллектуалды ұлт қалыптастыру саясатының бір бөлігі. Гроссмейстер Нұрлан Ибраевтың сабақтары жас шахматшылар үшін жаңа биіктерді бағындыруға бағытталған үлкен серпін болды. Ендігі кезекте Түркістан төрінен тағы да жаңа Азия және Әлем чемпиондары шығады деп сеніммен айтуға болады. Ақыл-ой алаңындағы бәсекеде Түркістанның өрендеріне сәттілік тілейміз!

