Түркістан – тек тарихи жәдігерлердің мекені ғана емес, ол – дарынды жастар мен қайсар рухты спортшылардың орталығы. Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген спорт саңлақтарын арнайы қабылдады. Кездесудге келген қос азамат – кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет пен белгілі марафоншы Ғани Темірәліұлы болды.
Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы спортшылармен жүздесу барысында спорттың әлеуметтік маңызына тоқталды. Әкімнің айтуынша, спорт – тек физикалық жетістік емес, бұл қоғамды біріктіретін, жас буынға үлгі болатын және патриоттық сезімді оятатын құдіретті күш. Спорт – ұлттық мақтаныш пен бірлік көзі
«Түркістанның атын әлемдік деңгейде танытып жүрген сіздердей азаматтарға қолдау көрсету – біз үшін басты бағыттардың бірі. Кез келген биік белес – табандылық пен төгілген тердің нәтижесі. Сіздердің әрбір жеңістеріңіз мыңдаған түркістандық жасқа жігер береді», – деді қала әкімі.
Қабылдау төр төрінен орын алған Бек Нұрмағанбеттің жетістіктері таңғалдырмай қоймайды. Бек – қазақ боксының заманауи мектебінің жарқын өкілі. Оның спорттық жолындағы басты белестері жайында айтсақ, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасындағы Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және кәсіпқой бокста — 15 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп (15-0), жеңіліссіз келе жатқан бірегей спортшы. Шындығында бірәз күш жұмсауды қажет ететін кез келген спорт түрі адамның көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, өмірге деген құлшынысын және салауаттылыққа деген талпынысын арттырары сөзсіз. Бұл біздің ағзамыздың стреске қарсы қорғанысы, себепсіз қуануымыздың себепкері десек те болады. Қандай да бір жаттығуды орындағанда өз-өзіңе риза болып шатттану мен еркінсу сезімі пайда болады. Көп адамдар осындай сәттерді сезінгісі келіп, бірте-бірте бой үйреніп, ақырында спорттың серігі болғанын байқамай да қалады.
Әсіресе, фитнеспен шұғылдануды әдетке айналдырған жандарға қарап осылай айтуға болады. Мамандар ашу мен күйзелісті жеңу үшін көбінесе йогамен шұғылдануға кеңес береді. Дегенмен, кейбір жаттықтырушылар мұндай сәтте ең тиімді әдіс — бокс екенін айтады. Кейде ауыр жұмыс күнінен соң үйге келіп бәрін оңға, солға аударып тастағымыз келіп тұрады. Аяқ-қолымызға түскен заттарды былай да былай тастап жіберетін кездердің бар екенін мойындаймыз. Жүйкеңізді босқа шаршатпай одан да бокс үйірмесіне жазылыңыз. Айтпақшы, денем көгеріп қалады деп қорықпаңыз. Сіздің қарсы алдыңызда әлем чемпионы емес, қалай ұрып-соқсаңыз да дымын шығармайтын бокс грушасы тұрады. Бұл жерде сіз міндетті түрде бокстың соңынан қуып кетпей-ақ, өзіңіздің тән мен жаныңызды тыныштандыра аласыз. Бокстың мықты антистресс, антидепрессант құралы екенін оған қатысқандар біледі. Ал, бұлшықеттеріңіз бен денеңіздің сымбатты болуы үшін бокс таптырмас спорт түрі. Бокстың да өзіне тән ерекшеліктері бар екенін біле жүрген абзал.
Марафоншы азаматымыз Ғани Темірәліұлы өзінің төзімділігімен және қажырлығымен ерекшеленді. Ол небәрі бір жылдың ішінде халықаралық деңгейдегі бес ірі марафонды бағындырды. Атап айтқанда, Баку (Әзірбайжан), Бішкек (Қырғызстан), Алматы (Қазақстан), Түркістан (Қазақстан), Самарқанд (Өзбекстан).
Осы кезеңдердің барлығын сәтті өтіп, «TAN марафон мейджоры» мәртебелі атағын иеленген Ғанидың бұл жетістігі – еліміздегі бұқаралық спортты дамытудың жарқын үлгісі. Қызығы, үлкені де, кішісі де, ұлы да, қызы да, кәсіби спортшы мен қарапайым тұрғын да қатыса алатын бір спорт түрі, ол – марафон. Ықылым заманнан келе жатқан желаяқтар жарысы – қатысушылар үшін бәсеке ғана емес, кейде мерекеге де ұласып жатады.
Байқауымызша, әлемдегі дамыған елдер мен ірі қалаларда жыл сайын марафон жарысы ұйымдастырылып тұрады. Бұл – қоғамдағы саламатты өмір салтын сақтау мен күнделікті күйбең тіршіліктегі күйзеліс пен шаршауды жеңудің бір жолы екенін біріміз білсек, енді біріміз біле бермейді екенбіз. Алғаш рет марафонға жүгіретін адам денсаулығын тексеруден өткізгені дұрыс дейді мамандар. Жүрегінде ақау жоқ па, қан-тамырын тексертуі керек. Әуесқой спортшы болсын, кәсіби болсын жылына екі рет чекап өткені дұрыс. Денсаулығыңызда кедергі болмаса, бапкермен дайындалуға көшіңіз. Кез келген істі маманмен бірге бастасаңыз, өнімдірек болады екен.
Салтанатты қабылдауға Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы мен бірқатар мәслихат депутаттары қатысты. Депутаттар спортшылардың жетістіктері қаланың имиджіне тікелей әсер ететінін және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда таптырмас құрал екенін атап өтті.
Жиын соңында қала басшысы спортшыларға алғыс айтып, алдағы додаларда сәттілік тіледі. Мұндай кездесулер Түркістанның тек мәдени емес, сонымен қатар спорттық хаб ретінде қалыптасуына үлкен серпін берері сөзсіз.

