Түркі әлемінің рухани орталығы — Түркістан қаласында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауқымды акция ұйымдастырылды. Бұл шара қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Түркістан қаласы әкімдігі мен құзырлы органдардың қолдауымен өткен бұл акция бірнеше стратегиялық бағытты қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — жастар арасындағы зиянды әдеттерден арылу, құқық бұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелерін насихаттау.
Қазіргі таңдағы басты мәселе, құқықтық сауаттылық – әрбір азаматтың өз құқықтарын қорғауы мен міндеттерін орындауы үшін қажет маңызды құрал. Біздің қоғамда жастардың құқықтық білімін жетілдіру арқылы ғана құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі құқықтық сауаттың төмендігімен байланысты. Сондықтан жастарды ерте жастан заңға құрметпен қарауға және заңды дұрыс түсінуге үйрететін акциялардың, басқа да түрлі шараларды ұйымдастырып отырған Түркістан қаласының әкімдігі мен құзырлы органдардың тиімді жұмыстары жалғасын таба берсін дейсің.
Неге десеңіз, мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу қоғамның басты талабы. Құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны жөн. Ал ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады. Іс-шараның негізгі мақсаты да сол – құқықтық кеңес беру, құқықтық сауаттылықты арттыру және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын түсіндіру. Мамандардың айтуынша, құқықтық тәрбие – студент-жастар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, білім алушыларды діни сауаттылық тұрғыда ең қажетті заңды біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жастарға құқықтық түсіндірме жүргізбегендіктен көбіне тағдыр тәлкегіне ұшырап, тығырыққа тірелетін кездері де жоқ емес. Сондықтан жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру үшін міндеттемелерімен бірге жауапкершілігі барын және өздерін қорғауды үйретуіміз, түсіндіруіміз керек. Бұл, әрине, үлкен әрі ауқымды жұмыс. Жастарымыз заңның негізгі принциптерін біліп қоймай, оны меңгере білуі қажет. Сонда ғана құқықтық тәрбие психологиялық тұрғыдан тиімді жүргізіледі. Ал құқықтық білім әр адамға қойылатын талаптарды, ережелерді меңгеру, оның мәнін түсіну негізінде азаматтық міндеттерді білу жастарға өзге адамдардың қателіктері мен кемшіліктерін көруге және де өзінің мұндай қателіктерді қайталамауына көмектеседі. Қазіргі таңда жастар өз құқықтарын толық әрі жетік біледі деп айта алмаймын. Соңғы кездері оны пайдалана да алмайтынын байқалады. Кейбір жастарымыз құқықты түсіндіргенде ғана өздеріне жаңалық ашқандай таңғалып жатады. Текетірестен кейін немесе басына іс түсіп, құқығы бұзылғанын біліп, заңдық сауаты сосын артқан жастарда кездеседі. Бұл жақсы нышан. Десек те, жастардың құқықтары мен бостандықтарын бұзудан қорғауымыз керек. Себебі жастарда еліктеушілік бар, яғни алдау, арбау, арандатушылыққа қызықтыру оңай. Сол себепті кейде білместікпен құқығы тапталып, жеке өмірі шектеліп, бас бостандығынан айырылып жататыны ащы да болса шындық.
Жалпы, бүгінгі акция аясында келесі бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, құқықтық тәртіп, яғни қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениеті және заңға бағынудың маңыздылығы. Денсаулық — басты байлық бағытында, нашақорлыққа, лудоманияға (құмар ойындарға) және электронды темекілерге (вейптерге) қарсы күрес. Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары, көшедегі жол қозғалысы ережелері мен тұрмыстық қауіпсіздік.
Іс-шара тек дәріс оқу форматында емес, еркін пікір алмасу және интерактивті кездесу түрінде өтті. Жиынға қалалық полиция басқармасының өкілдері, денсаулық сақтау мамандары, спорт ардагерлері мен танымал блогерлер қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға зиянды әдеттердің адам ағзасына ғана емес, болашақ мансабына да кері әсер ететінін нақты мысалдармен жеткізді. Сонымен қатар, спортпен шұғылданудың және интеллектуалдық дамудың артықшылықтары туралы пайдалы кеңестер берілді.
Акция аясында қаланың адам көп жиналатын орындарында, саябақтар мен оқу орындарының маңында ақпараттық парақшалар таратылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді. «Түркістан» телеарнасы мен жергілікті БАҚ өкілдері дайындаған тәрбиелік мазмұндағы контенттер жастардың назарын аударып, қауіпсіздік ережелерін жадында сақтауға көмектесті.
Түркістан қаласының Жастар ресурстық орталығының мамандары белсенді еріктілермен бірлесіп, қала көшелерінде «Қауіпсіз қала — бақытты болашақ» атты флешмобтар ұйымдастырды. Бұл шара қала тұрғындарының да оң пікірін туғызып, қоғамдық бақылаудың күшеюіне септігін тигізді.
Мұндай акциялардың тұрақты түрде өткізілуі Түркістандағы қылмыс деңгейін төмендетуге және жастардың салауаттылыққа бет бұруына тікелей ықпал етеді. Акция соңында белсенді қатысушылар мен еріктілер алғыс хаттармен марапатталды.
Түркістан қаласының әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың жыл соңына дейін жалғасатынын мәлімдеді. Жастардың қауіпсіздігі — бұл тек мемлекеттің ғана емес, әрбір ата-ананың және бүкіл қоғамның ортақ ісі. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мұндай бастамалар Түркістанның жарқын болашағының кепілі болмақ.

